357
Start-Up академиясы ашылды
Start-Up академиясы ашылды
Алматы қаласында алғашқы Start-Up академиясы ашылды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін академияның жобасы «Даму» қоры арқылы қолдау таппақ. Орталық инженерлік салаға қызығатын, заманауи технологияға үлес қосуға мүдделі жастарға қолдау көрсетеді.
Алматы қаласында өнертапқыштарды оқытып, заманауи технология аясындағы білімін арттыратын бірқатар орталық жұмыс істейді. Қазір балаларды инженерлікке баулитын орталықтар да бар. Алайда инвестициялық мүмкіншілік болмағандықтан көп жобалар көлеңкеде қалып қояды екен. Ал бірқатары «Даму» қоры ұйымдастыратын шараларға қатысып, инвестицияға ие болуда. «Біз балаларды дрон құрастырып, әуеде басқаруға үйретеміз. Қазір ықылас білдірген балаларды қабылдап жатырмыз. Оқу бес аптаға созылады. Біз балаларға дронды ұшыруды ғана емес, оны құрастыру арқылы инженерлік білімін жетілдіреміз», – дейді «Dragon Fly Systems» компаниясының директоры Уәлихан Тұрдалиев.
Бүгін қаладағы жоғары оқу орнының бірі «Даму» қорымен екі жақты келісімге қол қойды. Жобаның басты мақсаты – талантты жастардың өнертабысын бір ортаға тоғыстыру. Академияда жекелеген жобаларды дамыту аясында арнайы мамандар шеберлік сағатын өткізсе, кәсіпкерлер өнертабысты қалай қаржыландыру керектігінен кеңес береді. Ал «Даму» қоры үздік жобаларды қаржыландыруға көмектеседі.
Start-Up академиясы негізінен ауыл шаруашылық саласына бағытталған. Еуразия технологиялық университетінің ректоры Нұржамал Дүйсенғұлова: «Бұл жобалар көбінесе ауыл шаруашылық кәсібіне арналған. Ол жобалар өзінің эксперементтік жұмысын атқарып, бүгінгі сұранысын растады», – деп атап өтті.
Айта кетейік, бір Start-Up жобасын бес жыл қаржыландыру үшін 10-15 млн теңге жұмсалады. Осы мақсатта Алматы әкімдігі тарапынан 2 млрд теңге бөлініпті. Мұндай академиялардың өзге өңірлердегі жетістігі мынадай. Астана, Павлодар және Атырау қалаласындағы Start-Up академияларында өткен жылдың соңғы үш айында 102 адам оқыған. Нәтижесінде, 40 жоба қолдау тауып, он екісіне инвестиция берілген.