Бірнеше облыста мектеп оқушылары сабақты қашықтан оқиды
Бұл туралы Білім басқармасы мәлім етті.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты 9 ақпан күні Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарының оқушылары сабақты қашықтан оқиды.
Ақтөбеде ауа райына байланысты оқушылар тағы да сабақты онлайн оқитын болды.
Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшының орынбасары Дина Жаманбаеваның айтуынша, ауа райына байланысты оқушылар мен колледж білім алушылары ертең қашықтан оқиды.
Ақтөбелік балалар сәрсенбі, бейсенбі күндері де онлайн білім алды. Сонымен бірге қауіпсіздік үшін колледждің студенттері де үйде отырып, мұғаліммен байланысқа шықты. Айта кетейік, облыс бойынша 400-ден астам білім ордасы бар. Онда 180 мыңнан астам бала білім алады.
Еске салсақ, Ақтөбедегі боран сәрсенбі күні басталды. Екі тәулік ішінде жүздеген адам эвакуацияланып, құтқарылды.
Қарағанды қаласының білім бөлімі хабарлағандай, 9 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысым 0-11 сынып оқушылары сабақтарын қашықтан оқуға көшіріледі.
Павлодар облысы аумағында да боран әрі қатты жел күтілуіне байланысты, оқушылар онлайн оқиды.
Аймақтық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымның 0-11-сынып оқушылары және 9-сыныптан кейін түскен 1-2-курс колледж студенттері қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.