30 жылда үлкен медиа брендке айналды

Қазір де Túrkistan газеті өзінің әу бастағы миссиясынан айнымай, ұлттық, мемлекеттік бағытта ең­бек етіп келеді. Ағылшынтілді журналистердің де қалыптасып келе жатқаны қуантады.

30 жылда үлкен медиа брендке айналды
turkystan.kz
1009

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Халық жазу­шы­сы Қалтай Мұхамеджановтың бастамасымен ашылған Túrkistan халықаралық апталығы кәсіби қазақ журна­лис­терінің қара шаңырағына айналып қана қой­май, ұлт­тық баспасөздің өзіндік бренді болып үл­­герді. Біз, бі­лікті медиаменеджер, ұзақ жылдар га­зетке бас ре­дак­тор болған, Шәмшидин Паттеевтің тұ­сында газетке ке­ліп, қызмет еттік. Әрине, жаңадан оқу бітірген, бұған дейін негізінен жастарға арналған, кезінде Файзулла Ора­заев қайта түлеткен «Қазақ үні» газетінен кейін рес­пуб­ликалық басылымда жұмыс істеудің сәті түскені біз үшін үлкен қуаныш болғаны жасырын емес. Біздей жас­тарға сенім артқан елімізге сыйлы азамат Шәмшидин Пат­теевке әлі күнге дейін алғыс айтамыз. 

Әрине, Шәмші ағамыз газеттің заман талабына сай қоғамдық-саяси бағытта ғана дамытып қой­­май, халықаралық деңгейде де танылуына оң септігін тигізді. Біз тек посткеңестік елдердің өкіл­дерінен ғана емес, әлемдік, халықаралық деңгейде танылған сарапшылардан да сұхбаттар алып, үнемі ел дамуының тамырын басып, тынысын бақылап отырдық. Әлі есімде, 2004 жылдары «Túrkistan-ның қыздары» деген сөз де жиі айтылатын. Бұл негізінен сол кезеңде қыз-келіншектерден құралған журналистік пулға, ұжымға берілген оң баға болса керек. Аға буын ақын-жазушылар, саясаткерлер, эко­номистер мен заңгерлер «Túrkistan-ның қыздары мықты» деп мақтап қоятын. Әрине, мұның бәрі бас редакторымыз Шәмші ағамыздан бастап редактордың орынбасары болған жазу­шы, баспагер Ди­дахмет Әшімханұлының да үлкен еңбегі еді. Танымал журналист Көлбай Адыр­бекұлының «Ка­захское дело» тарихи мақалалар топтамасы да газеттің жеке брендіне айнал­ды. Есенгүл Кәпқызы, Нә­зия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омар, Гүлнәр Мұқанова сияқты жур­на­листикада өзіндік қол­таңбасы бар әпкелерімізбен әріптестігіміз кейін үлкен сыйластыққа, достық­қа ұласты. Жалпы, га­зет­тің басшылары, журналистерінен бастап корректор, бет қаттаушыларына дейін кілең мықты, өз мамандығына берілген азаматтар. Әрқайсысының өмір жолы жастарға үлгі. 

Қазір де Túrkistan газеті өзінің әу бастағы миссиясынан айнымай, ұлттық, мемлекеттік бағытта ең­бек етіп келеді. Ағылшынтілді журналистердің де қалыптасып келе жатқаны қуантады. Мұхиттың ар жағындағы Америкадан алынып жатқан сұхбаттар мен зерттеу мақалалары халықтың көңілінен шы­ғып жатыр. Өз басым Túrkistan халықаралық апталығында небір мықты әріптестермен қызметтес болғаныма, тәжірибе алмасқаныма қуанам. Қазіргі газет ұжымына шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілейміз! Қазақ журналистерінің ынтымағы арта берсін! 

Құрметпен Кәмшат ТАСБОЛАТ, 
журналист  

 

Серіктес жаңалықтары