Turkistan газеті – түрік идеясының түпқазығы болып отырған басылым – Мереке Құлкенов
Ұлы қайраткер Мұстафа Шоқайдың «Тұтас Түркістан» идеясының атын өшірмей, бүгінге дейін жеткізді.
Қал-ағаң – жазушы, драматург Қалтай Мұхаметжанов «Túrkistan» басылымын сонау 1994 жылы бірден халықаралық газет етіп ашты. Ол кісі нарық заманы келген ең қиын кезеңдерде, қаржының ең бір тапшы уағында осы басылымды шығарып отырды. Сол кездегі редакция қызметкерлері айлап жалақы алмаса да, газетті үлкен энтузиазммен шығарды. Өйткені бұл қазақ тілі үшін жүргізілген күрес еді. Тәуелсіз елдің мүддесі үшін ашылған майдан еді. Осының бәрінің басшылығында Қалекең тұрды. Ол кісі негізін қалаған «Túrkistan» газеті қазақ баспасөзіндегі іргелі басылымның біріне айналды. Шынында да, газет өзінің алғашқы жылдардан бастап, күні бүгінге дейін мемлекеттің қалыптасуы мен қазақ руханиятының күшейуі жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Баспасөз бетінде күрмеуі қиын қаншама проблема жазылды, ел тізгінін ұстаған азаматтармен бірге қаншама қоғамдық мәселе талқыланды. Turkistan газеті – түрік идеясының түпқазығы болып отырған басылым. Ұлы қайраткер Мұстафа Шоқайдың «Тұтас Түркістан» идеясының атын өшірмей, бүгінге дейін жеткізді. Биыл Turkistan-ның жарық көргеніне 30 жыл толып отыр. Қазақстан Жазушылары одағы атынан басылымды осынау мерейтойымен құттықтай отырып, «Túrkistan» газетінің ұжымы мен қалың оқырмандарына тек шығармашылық шабыт пен телегей табыс тілеймін!
М.Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағының
Басқарма төрағасы