31 градус аяз: алдағы демалыс күндеріне ауа райы болжамы жарияланды

Алдағы күндері ауа температурасы күрт төмендейді.

31 градус аяз: алдағы демалыс күндеріне ауа райы болжамы жарияланды
aikyn.kz

«Қазгидромет» РМК 20-22 қаңтарға ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазақстанда Шығыс Еуропадан келетін циклонның әсерінен алдағы күндері ауа температурасы төмендейді.

«Циклон алдымен республиканың батыс бөлігіне әсер етеді. Қар жауады, боран, жел күшейеді. Бірақ елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде және орталығында ауа райы тұрақты, жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Республиканың оңтүстік-шығысында Иранның аудандарынан жылы ауа массалары келеді, яғни тұрақсыз ауа райы болжанады. Қар жауады және желдің күшеюі күтіледі», – делінген хабарламада.

Синоптиктердің болжамынша, түнде елдің батысында ауа температурасы 7-15 аяз, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта 15-23 аяз болады. Ал оңтүстікте 5-13 аязға дейін көтеріліп, шығыста 22-31 аязға дейін және оңтүстік – шығыста 13-22 градусқа дейін төмендейді.