Астанадан Рим мен Миланға тікелей әуе рейсі ашылады

Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді.

Астанадан Рим мен Миланға тікелей әуе рейсі ашылады
Ашық дереккөз
942

Мемлекет басшысы Италияға ресми сапары аясында NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді.

Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.

Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.

Президент NEOS әуе компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларын дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

NEOS компаниясы 2001 жылы құрылған. Оның негізін италиялық Alpitour S.p.А. және германиялық TUI Group туристік компаниялары бірге қалады. Ол Италияның ең ірі жеке авиакомпанияларының бірі ретінде 70-тен астам бағытқа тасымал жасайды.

2022 жылы компанияның табысы 640 миллион долларды құрады.

Серіктес жаңалықтары