Электрсамокаттарға бөлек жол салынуы мүмкін

ІІМ өкілі самокаттарға арналған паркинг мәселесі де қаралғанын айтты.

Электрсамокаттарға бөлек жол салынуы мүмкін
фото: Жанар Каримова
931

Елімізде электрлі самокат, мопед, скутер жүргізушілеріне арналған жол салу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін де мопед, электрлі самокат, скутер жүргізушілеріне қойылатын талаптардың қатаңдай түсетіні туралы айтылды. Енді заң бойынша реттелді. Іс профилактикалық іс-шара, акциялармен шектелмейді, жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылады. Сонымен қатар самокат, скутерлерді жалға беретін ұйымдармен де жұмыс істейміз. Олар GPS арқылы басқарылады және қозғалыс жылдамдығын шектеуге болады, ондай функция бар. Электрлі скутерлердің қозғалысының ең жоғары жылдамдығы сағатына 6 шақырымға көзделген», - деді Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі самокаттарға арналған паркинг мәселесі де қаралғанын айтты.

«Өйткені, қолданушылар самокаттарды әр жерге тастап тастап кетеді. Жол желісін қай қалаларда салу керектігіне мониторинг жасап, қалай дамуы шешіледі. Жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргіземіз», - дейді спикер.

Серіктес жаңалықтары