Бюджеттің бөлінуі мен жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту керек – Темір Қырықбаев
Мәжіліс депутаты әкімдіктердің жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерін тыңдау кезінде міндетті түрде жария тыңдаулар өткізу қажет деп санайды.
Парламент мәжілісінің отырысында депутат Темір Қырықбаев «AMANAT» партиясы фракциясының атынан Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік бюджеттен қаражатты тиімсіз жұмсау проблемасын қозғады.
«Әлеуметтік желілер Қазақстанның Ақтау, Павлодар, Семей қалаларында жаңа жылдық шыршалардың құлауы туралы ақпаратқа толы. Абырой болғанда, одан зардап шеккендер жоқ. Десе де, қайғылы салдарға ұрындыруы әбден мүмкін еді. Мысалы, Шахтинск қаласында жергілікті әкімшілік мұз айдыны үшін арнайы алаң дайындап, аумағын қоршаған, тиісінше жарықтандырған. Бірақ, мұз айдынын құюды ұмытып кеткен. Ал, Павлодарда шамамен 60 млн теңге жұмсалған мұз қалашығы еріп кетті. Осылайша, балаларды қуантудың орнына бюджет ақшасы желге шашылған. Демек, әкімдіктер қаражатты қазіргі заманғы технологиялар мен әдістерді ауа-райын ескермей жұмсайды. Бұл жағдай жылдан жылға қайталанып жатыр. Осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: қарапайым салық төлеушілерге мұндай шығындар қажет пе және кінәлі шенеуніктер қандай жауапкершілікке тартылды?
Президент Қазақстан халқына Жолдауында аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру міндетін қойды.
Осы міндетті орындау мақсатында жергілікті бюджеттен қаражаттың бөлінуіне және жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту мәселесін қарауды сұраймын.
Сонымен қатар, мәслихат сессиясында жыл сайынғы бюджетті бекіту кезінде, сондай-ақ, әкімдіктердің өткен қаржы жылындағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерін тыңдау кезінде міндетті түрде жария тыңдаулар өткізу қажет деп санаймын. Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын», - деді ол.