Мәжіліс депутаты Исатай ауданының ардагерлерімен кездесті

Ардагер тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Исатай ауданының ардагерлерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракция мүшесі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Бақтықожа Ізмұхамбетов Исатай ауданына атбасын тіреді.

«Жайықмұнайгаз» МГӨБ кеңсе ғимаратында өткен кездесуде халық қалаулысы ауданның ардагерлерімен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Жүздесуде мәжілісіменмен бірге  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов болды. Сонымен қатар аудан әкімі Нұрым Мусин, орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов. облыстық мәслихат депутаты  Жеңіс Әбілқарес және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Едіге Досқалиев және «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Азамат Қайратұлы  қатысты.

Мемлекет басшысы өз Жолдауын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негіздеді. Осы тұрғыдан алғанда да мұндай кездесу айрықша маңызға ие. Жиынды ашқан Бақтықожа Салахатдинұлы аудан ардагерлермен амандасудан соң киелі Нарын топарығының қасиетіне тоқталып, оның өзі үшін ата жұрты саналатындығын да тілге тиек етті. Кездесу барысында жиналғандарды жоғарғы заң шығарушы органның жұмыс қорытындыларымен, заң шығару қызметінің ерекшеліктерімен, Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өтті.

Аға буын өкілдерімен еркін форматта ашық әңгіме де өрбітілген халық қалаулысымен бұл кездесуде  аудан ардагерлерінің «Мирас» домбырашылар ансамблі де күмбірлете күй ойнап, жүздесу ажарын аша түсті. 

Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин бірқатар мәселелерді қозғап, соның ішінде мемлекеттік сатып алу турасындағы өз пікірін ортаға салып, көкейдегі сауалын қойды. Яғни кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алуда белгілі бір шектеу қойылып, тапсырысты тиянақты орындау үшін тек екі, үш немесе бес жобадан артық алмаса деген ұсыныс-тілегін білдірді. Сондай-ақ, ардагер мұнайшы  Кенжебай Сағынғалиев және Аққыстау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Сыдиқов та өз тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуде сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин аудандағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы қысқаша ақпарат берді.