"AMANAT" депутаттары жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты ұсыныс айтты
Депутаттардың пікірінше, тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге бөлінген қаражаттың небәрі 18 пайызы ғана қарастырылғаны аздық етеді
Жер қойнауын пайдаланушылардың, оның ішінде өндіруші компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қарастырған қаражаты тек зерттеумен шектелмей, нақты өндіріске қолданысқа енгізілетін нәтижемен өлшенуі тиіс. Мәжілістің жалпы отырысында "AMANAT" партиясы фракциясының депутаттары осындай мәселе көтерді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатына ашықтықтықты арттыру және орталықтандыру тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, бүгінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібі өзгерді. Ендігі кезекте қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Ғылым саласы креативті экономиканы дамытуда өзекті рөл атқарады. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінген қаржы көлемі 60 пайызға артты. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалуда. Алайда, тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге аталған қаражаттың небәрі 18 пайызы ғана қарастырылуы әрине аздық етеді. Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы энергетика саласында жер қойнауын пайдалануға 288 келісімшарт тіркелді, оның ішінде 212 келісімшартта ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға міндеттемелер бар. Қатты пайдалы қазба кенорындары саласында ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру бойынша 163 келісімшарт міндеттемелері бар, – деді Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауалында.
Депутат жер қойнауын пайдаланушылардың, оның ішінде өндіруші компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қарастырған қаражаты тек зерттеумен шектелмей, нақты өндіріске қолданысқа енгізілетін нәтижемен өлшенуі тиіс екенін айтты.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың маңыздылығы ғылыми зерттеулерді жүргізумен қатар, олардың нәтижелерінің өнеркәсіпке табысты енгізуінде. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу тәртібі университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары үшін ашық, бәсекелі әрі қолжетімді болуы үшін жер қойнауын пайдаланушыларға қаражат бөлуді анықтайтын механизмдер мен критерийлері, жалпы зерттеулер мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізіліп, ғылыми-техникалық кеңестерде қаралуы тиіс. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтуге, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қарастырған инвестициясын нәтижелі пайдалану үшін өндіруші компаниялардың осы шығындарын орталықтандыруды жалғастыру мақсатында келесі ұсыныстарды енгіземіз, – деді ол.
Депутаттар осы мәселеге қатысты бірқатар бастама ұсынды:
Бірінші, 2020-2023 жылдар аралығында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсаған қаражатының нәтижелілігіне, өндіріске енгізілген жобалары, компаниялар бөлінісінде келісім-шарттық міндеттемелер және орындалмаған міндеттемелері негізінде қабылданған шаралар туралы кешенді сараптамалық талдау әзірленсін.
Екінші, Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге қаржылық қолдау көрсетуі нақты нәтижеге бағытталуы шарт. Жер қойнауын пайдаланушылардың қаражат бөлу процесінде әділ және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатын тиімді жүйесін құру үшін ғылыми жобалардың өндіріске енгізілген нәтижелерін және оларды жүзеге асыруға жұмсалған қаражаттарды міндетті түрде жариялаудың тиімді механизмдері қарастырылсын.
Үшінші, Ғылыми әлеуетті дамытуға, қоғамға тиесілі табиғи байлықты пайдаланудан алатын материалдық игіліктерді ашық және объективті бөлу үшін жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге бөлген қаражаты есебінен бюджетке аударылған міндетті берешегі туралы сараптамалық ақпарат әзірленсін.
Төртінші, Энергетика министрлігінің жанынан құрылған Ғылыми-Техникалық кеңестің аясында жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен келісімшарттық міндеттемелерін орындауы және зерттеулерді қаржыландырудың қайталануын болдырмау үшін орындалған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың мемлекеттік есебі туралы сараптамалық талдау әзірленсін.
Бесінші, Технологиялық және жаһандық жылдам өзгерістер аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті дамытуға арналған Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндірісті дамыту бағдарламасы қабылдансын. Бұл елдің инновациялық дамуын қамтамасыз ету, ғылыми әлеуетті нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өзекті, – деп жазылған ұсыныста.