Жезқазғандағы ЖЭО-да 3 жылыту қазандығы істен шықты
Жылу желілеріндегі температура нормадан 10 градус төмен.
Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қаладағы Жылу энергия орталығындағы (ЖЭО) қазандықтардың тоқтап қалуы туралы түсініктеме берді. Қазір Ұлытау облысының орталығында 5 қазандықтың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр.
Жылу желілеріндегі температура нормадан 10 градус төмен, яғни қалыпты 73 градустың орнына, 63 градус.
«18 желтоқсан кешке №4 қазандықта жарықша пайда болды. Ақау анықталғаннан кейін қазандық өшіріліп, мамандар жөндеуге кірісті. Қазандық 19 желтоқсан күні сағат 20:00-ге дейін қайта іске қосылатын болады. 19 желтоқсан күні сағат 7:15-те №5 қазандықта тағы бір жарықша анықталды. Бұл жөндеу жұмыстары таңертең аяқталады деп күтілуде. №6 қазандық сағат 10:15-те істен шықты, түтін сорғыш қозғалтқышы істен шыққан. Аталмыш қазандық бүгін түн ортасына дейін қалыпқа келтіріледі деп күтілуде», - деп мәлімдеді қала әкімі Қайрат Шайжанов.
Қала басшылығы осы түнде 4 қазандық жұмыс істеп, температура қалыпқа келеді деп уәде беріп отыр. ЖЭО мамандары таңертең 10.00-де 5-қазандықты іске қосуды жоспарлап отыр.