Қазақстанда телеарналар мен радио жұмысы уақытша тоқтатылады
Профилактикалық жұмыс жүргізетін болады.
23 желтоқсанда Қазақстанда жоспарлы профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында телеарналар мен радиостанциялардың хабар таратуы уақытша тоқтатылады, деп хабарлады turkystan.kz.
«23 желтоқсанда сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін (Астана қ.уақыты бойынша) «Қазмедиаорталығының» хабар тарату өзегін жаңғыртудың кезекті кезеңін аяқтау шеңберінде барлық технологиялық кешеннің желілік жабдығын ауыстыру жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Қазтелерадио» АҚ спутниктік, цифрлық және аналогтық эфирлік желілерінің техникалық құралдарында сервистерді өшіре отырып, профилактикалық жұмыс жүргізетін болады.
«Осыған байланысты, көрсетілген уақыт кезеңінде эфирлік, кабельдік және спутниктік телерадио хабарларын тарату желілерінде теле-, радиоарналарды тарату тоқтайтыны туралы хабардар етеміз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – делінген хабарламада.