«Жыр биігіне ту тіккен»

«Жыр биігіне ту тіккен»

«Жыр биігіне ту тіккен»
ашық дереккөзі
562
Биыл қазақ поэзиясының айбоз ақыны Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл. Жиырма жасында жыр   биігіне   ту тіккен ақынның мерейтойына арналған алғашқы жыр кеші Алматы облысы, Қаскелең қаласында өтті.  Қалалық кітапхана ұйымдастырған шараға зиялы қауым өкілдері мен өлеңсүйер жас оқырмандар қатысты. Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын. Бірақ, бірақ.... Ешкімді де билетпей қайтармаймын, ‒ деп жырлаған ақын Төлеген Айбергеновтің артында қалған мұрасы қазақ әдебиетінің жуаһарына айналды. «Өмірге ғашық болмаған адамнан ақындық шықпайды. Ақын болу үшін мына шексіз дүниені  жан-тәніңмен құлай сүю керек. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақындық жүректе гүлдеп, бүршік ататындықтан, әлемді адал махаббатымен сүйген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Айбергенов өлеңдерінен осындай тазалықты байқаймыз», ‒ дейді қалалық кітапхананың меңгерушісі Гүлшат Қалилаева. Сондай-ақ, поэзия кешінде С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледж студенттері арнайы сахналық қойылым дайындап, ақынның сағынышқа толы жырларының табиғатын ашқандығын айрықша айтуға  тиіспіз. Төлеген Айбергеновтің еске алуға арналған кеште ақынның қызы Салтанат Айбергенова әкесі туралы естеліктер айтты. Ақын-жазушылардан Бауыржан Жақып, Абатбай Кірқабақов, Қуат Қайранбаевтар естеліктер айтып, жыр оқыса, Әрепбай Халмұратов, Қатарбай Рахов сынды ақындар мерейтойға арнап жырдан шашу шашты. «Төлеген Айбергенов 1959 жылы Ташкенттегі Низами атындағы пединс­­титутты бітіргеннен кейін, Қарақалпақстан­дағы Қоңырат ауданындағы мектепте жұмыс істеді. Ақынның жұбайы Ұрниса қазақ тілі әдебиетінен, Төлеген тарих пәнінен дәріс берді. Біз ол кезде 8-сыныпта оқитын едік. Жиырмадан енді асқан жалынды жас ақынның сол бейнесі мәңгілік көз алдымда», ‒ дейді кеш қонағы Қарақалпақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Бекен Мұхамедияров. Кеште С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледж студенттері және аудандық мәдениет үйінің әншілері де өнер көрсетті. Ақынның ел арасында кең тарап кеткен «Ақ ерке – ақ Жайық» әнін аталмыш колледждің студенті Жансая Насралиева орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.  Сондай-ақ, студенттер ақынның «Ана», «Перзент жыры», «Ақ қайыңдар», «Жолдар, жолдар», «Мен өлемін өзімнің биігімде», атты өлеңдерін жатқа оқып, ақынның рухына арналған кештің мерейін асырды.  

Серіктес жаңалықтары