Ақтөбеде тұрғын үйдің баспалдағы опырылып, бір адам жарақат алды

Екі қабатты үйде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады.

Ақтөбеде тұрғын үйдің баспалдағы опырылып, бір адам жарақат алды
ашық дереккөз

Ақтөбеде екі қабатты үйдің баспалдағы опырылып түсті. Оқыс оқиға салдарынан бір адам жарақат алды, деп хабарлады turkystan.kz.

Енді тұрғындар қалай сыртқа шығатынын білмейді.

«Хабар 24» арнасының мәліметінше, үй 60 жыл бұрын салынған. Яғни, әбден тозығы жеткен. Бірақ, сараптама қорытындысы бойынша, нысан апатты деп танылмаған.

Екатерина Новикова қызын сабақтан күтіп, дүкенге шыққан беті сол еді, опырылған баспалдақпен екінші қабаттан құлаған. Аяқ-қолын зақымдап алғанына қарамастан балаларым жалғыз қалатын болды деп ауруханадан үйіне қайтқан. 

«Жандаусымды естіген көршілерім үйлерінен атып шығып, жедел жәрдем шақырды. Бір сағаттай күттік. Қозғала алмай, сол жерде жаттым. Миым шайқалып, мойын омыртқаларыма, жамбасыма зақым келді. Денем көгеріп кетті», – деді қала тұрғыны Екатерина Новикова.

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған үйдің шатыры тесіліп, ескірген электр желілерінен де қауіп бар. Тіпті тұрғындар соңғы кезде ағаш баспалдаққа бір-бірлеп шығуға мәжбүр болған. Қаусап тұрған тұстарын өздері жөндеп келген. Көмек сұраған тұрғындардың бармаған жері қалмады. Былтыр терможаңғыртуға берген өтініштері әлі орындалмаған. 

«Жылдың басында бастауы керек еді. Ешкім келген де жоқ, істеген де жоқ, ойлаған да жоқ. Тым болмағанда үйдің  подъезін жасап берсе болар еді», – деді  қала тұрғыны Светлана Қапанқызы.

Екі қабатты үйде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге ешкімнің жағдайы жоқ. Былтырғы сараптама іргетасы мен тіреуіш қабырғалары апатты емес деген қорытынды көрсеткен.

«Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес, бұл тұрғындардың ортақ меншік иесі болып табылады. Бұлар өздері күтіп ұстауға міндетті. Ендігі таңда бұлар тұрғын үй инспекциясына құжаттарын тапсырған. Өздері айтқандай, модернизацияға. Қазір тұрғын үй инспекциясымен бұл құжаттар қаралу үстінде», – деді Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов.

Опырылып түскен баспалдақты демеушілер жөндеп береді. Бір-екі күнде ағаш тіректі темірге ауыстырады. Ал оған дейін екінші қабаттағы тұрғындарға кесе-көлденең тасталған тақтайдың үстімен жүруге тура келеді. Жалпы, Ақтөбенің тек Астана ауданының өзінде 14 үй апатты деп танылған.