Шымкентте оқушыны тонап кеткен ер адамның әрекеті камераға түсіп қалды

Оқиға баланың сыныптасының смартфонына түсіп қалған.

Шымкентте оқушыны тонап кеткен ер адамның әрекеті камераға түсіп қалды
polisia.kz
1002

Мектеп оқушысын тонап кеткен шымкенттік «ізін суытпай» ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Полицияға Қаратау ауданының тұрғыны тонау туралы арызбен жүгінді. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу көшеде оның ұлының смартфонын ашық түрде алып кеткен.

«9 жасар бала сабақтан үйіне қайтып келе жатқанда, оның жанына бейтаныс жігіт келіп, қоңырау шалу үшін телефон сұрайды. Нөмірді теріп жатқандай кейіп танытқан күдікті бөтеннің телефонын алып қаша жөнелген», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.

Бұл оқиға баланың сыныптасының смартфонына түсіп қалған.

Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кірісті. ЖБО-ның бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің алған бағыты мен жеке басы анықталды.

«Жедел уәкілдер оны қаладағы сауда орталықтарының бірінің алдында ұстады. Ол ұрланған смартфонды сатып үлгермеген екен. Гаджет тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, жас жігіт бұл қылмысты жасамас бұрын із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде болған. Туыстары оны 3 күн бойы іздеген.


 

Серіктес жаңалықтары