ҰБТ-ға дайындайтын тегін онлайн-сабақтар өткізіле бастады

Ұлттық тестілеу орталығы мен ірі білім беру орталықтары түлектерге емтиханға сәтті дайындалуға көмектеседі.

ҰБТ-ға дайындайтын тегін онлайн-сабақтар өткізіле бастады
inbusiness.kz
804

20 қарашада ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы еліміздің білім беру орталықтарымен бірлесіп ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн-сабақтарды бастады, деп хабарлады turkystan.kz.

Онлайн сабақтар ірі республикалық білім беру орталықтарымен бірлесіп әзірленді. Сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында және Instagram парақшаларында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақтардың барлық эфирі талапкерлер кез келген уақытта көре алуы үшін сақталады.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығын Ұлттық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп, төртінші жыл өткізіп отыр. Өткен жылы 600-ге жуық сағат онлайн сабақтар өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірлерінің мектеп түлектері қатысып, ҰБТ пәндері бойынша дайындықтан өтті. Биыл 20-дан астам орталық сабақ беретін болады. Жоба бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылғанын атап өткім келеді», - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Осылайша, Ұлттық тестілеу орталығы мен ірі білім беру орталықтары түлектерге емтиханға сәтті дайындалуға көмектеседі. Талапкерлерге арналған онлайн-сабақтар осы оқу жылының соңына дейін жалғасады.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындық үшін онлайн тестілеуді іске қосты. Байқау сынағын өткізу технологиясы негізгі ҰБТ технологиясына сәйкес келеді. 

 

Серіктес жаңалықтары