Қазақстанда 111 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр

Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 64,7 млрд теңге бөлінді.

Қазақстанда 111 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр
Liter.kz
605

1 қарашадағы жағдай  бойынша 111,2 мың отбасындағы 583,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 64,7 млрд теңге бөлінді.

«Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

 

Серіктес жаңалықтары