Қазақстан – Сан-Марино матчы: қарсылас команда туралы не білеміз?

Құрама 202 ресми матч өткізсе, соның біреуінде тарихи жеңіске жеткен.

Қазақстан – Сан-Марино матчы: қарсылас команда туралы не білеміз?
sports.kz

Сан-Марино өзінің алғашқы ресми матчын 1990 жылы Еуропа чемпионатына (1992) іріктеуден бастады. 14 қарашада өткен ойында құрама өз алаңында Швейцариядан оңбай ұтылды – 0:4. Осылайша олар Еуропа біріншіліктеріне тоғызыншы рет іріктеуге қатысып отыр, деп хабарлады turkystan.kz BasSport.kz сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар сегіз рет әлем біріншілігінің іріктеуінде бақ сынаған. Әлем біріншілігіне іріктеуде олар 76 матч өткізіп, соның бір де біреуінде жеңіске жете алмаса, екі рет тең түсіп, 74-інде қарсыласына үш ұпайдан сыйлаған. 1993 жылы өз алаңында Түркиямен тең ойнаса (0:0), 2001 жылы сырт алаңда Латвия қақпасына бір гол соғып, бірақ тең тарқасты – 1:1. Дегенмен осы бір голдың өзі Латвияның бас бапкерінің отставкаға кетуіне себеп болғаны бар.

Ал Еуропа біріншілігінде санмаринолықтар 84 ойын өткізді: жеңіс жоқ, бір тең ойын және 83 жеңіліс. 2014 жылы Эстонияны қабылдаған Сан-Марино қақпасын құрғақ сақтап, бір ұпайға иелік еткен.

Құрама 202 ресми матч өткізсе, соның біреуінде тарихи жеңіске жеткен. 2004 жылы Лихтенштейнге бір гол соғып, ұш ұпайды қанжығасына басты – 1:0. Бұдан бөлек қарсыластарымен сегіз рет тең ойнаса, 193 рет жеңіліс тапқан. Бұл дегеніміз Сан-Марино құрамасы орта есеппен әрбір жетінші матчта бір гол соғады деген сөз. Айталық, Еуропа чемпионатына осы іріктеуде құрама сегіз матчтың барлығында жеңіліс тауып, бір гол соқса, қақпасына 26 гол өткізіп алған. Бірақ сол жалғыз голды анау-мынау емес, Дания қақпасына салды.