Алматы облысында қараусыз қалған қарт адамдар көпшіліктен көмек сұрады (ВИДЕО)

Сәуле Байсамбекова алқапта жұмыс істеген, ал Тазабек ағай тракторшы болып еңбек еткен.

Алматы облысында қараусыз қалған қарт адамдар көпшіліктен көмек сұрады (ВИДЕО)
Фото: видеодан кадр
947

Алматы облысы Қарасай ауданы Жібек жолы ауылында ерлі-зайыпты қарт адамдар қараусыз қалғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Бұл туралы «Дау-дамайсыз»  бағдарламасында айтылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Сәуле Байсамбекова алқапта жұмыс істеген, ал Тазабек ағай тракторшы болып еңбек еткен. Олардың екі баласы бар. Ұлы ажырасқан, ал қызы үйінен алыстау жерде тұрады. 

«Қарттар үйіне барайыншы, маған қарайтын адам жоқ. Әркім өз-өзімен. Сенесің бе, үсті-басым сасып отыр. Басымды жумағалы бір ай болды», - деді Сәуле Байсамбекова.

Көршілері атаның көрінбей кеткеніне екі аптадан асқанын айтады.

«Жанымыз ашыды. «Хабар алып тұрған адамдар бар ма?» деп едік. Ұлым жұмыста, қызым бар, арасында келіп-кетеді деді. «Мені қарттар үйіне өткізіңдерші» деді. «Мен бір аптадан бері жуынған жоқпын, шал 20 күннен бері тамақ жеген жоқ» деді. Жаман халде жатыр. Күнде терезеден «көмектесіңдер, ақша беремін» деп айқайлайды», - дейді көршілері. 

Қарт адамдар бұдан бұрын да талай рет көмекке шақырған. Осыдан кейін қарт ерлі-зайыптының үйіне баласы да, Тазабек атаның қарындасы да жеткен.

«Қарап жатыр, вахтадан келді, қызы күнде келіп қарайды, біз де келіп тұрдық», - дейді Тазабек атаның қарындасы Сара. 

Сәуле апай жедел жәрдем талай рет келгенімен ауруханаға жатпағанын айтады. «Жібек жолы» ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаевтың айтуынша, тексеріс жүйелі түрде жүргізілген, қазір оларға азық-түлік себеттерін тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аурухана қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер де айдың басында тексеріп кеткендерін айтты. 

Ал олардың ұлы мен қызы ата-анасын қарттар үйіне өткізбейтінін жеткізді.

 

Серіктес жаңалықтары