14 адамның өмірін жалмаған Семей орманындағы өртке не себеп болғаны анықталды
Мамандардың қорытындылары шыққан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі сотқа жолданды, деп хабарлайды turkystan.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт 60 мың гектар орман қорын жалмаған. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болды.
Прокуратураның мәліметінше, өрттің тұтануына қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай) себеп болған.
Аталған нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталады. «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292 бабының 3 бөлігімен сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Мамандардың қорытындылары шыққан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. - деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Экология және табиғи ресурстар және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.