Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы неге Қостанайда өтті?

Сұраққа қала әкімі Марат Жүндібаев жауап берді.

Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы неге Қостанайда өтті?
ашық дереккөз
867

Қостанай қаласының әкімі ең алғаш рет мұндай жиын 2003 жылы Омбыда өткізілгенін, биыл форумға 20 жыл толғанын, осы уақытқа дейін Қазақстан мен Ресейдің түрлі қалаларында 18 форум ұйымдастырылғанын айтты.

«Соңғы рет ауыл шаруашылығы мәселесі 2015 жылы Сочиде өткен 12-ші   форумда көтерілді. Форум үшін бүгінгі көтерілген тақырыптың өзектілігі ерекше. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін дамыту әлемнің барлық елдері үшін басты міндет болып табылады, ал біздің елдеріміздің экономикасында агроөнеркәсіптік кешен басым мәнге ие», – деді Қостанай қаласының әкімі.

М. Жүндібаев Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы неге Қостанайда өтіп жатқанына тоқталды.

«Форумды өткізу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Қостанай облысы Ресей Федерациясының Орынбор, Челябі және Қорған облыстарымен шектесетіндіктен, Қостанай қаласы біздің өңіраралық қарым-қатынасымызды дамытудағы маңызды нүктелердің бірі болып табылады. Сонымен қатар Қостанай облысы еліміздің ірі астық аймақтарының бірі саналады», – деді қала әкімі.

М. Жүндібаев екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы тауарларының 2022 жылы 3,8 млрд долларды құрағанын атап өтті.

«Бұл елдің жалпы тауар айналымының 30%-дан астам көрсеткіші», – деді шаһар басшысы.

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстанның Ресейге экспорты 8,3%-ға өсіп, 633 млн долларды құрады. Қазақстан Ресейден 3,1 млрд долларға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алды.

Естеріңізге салайық, 9 қарашада Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.

Халықаралық жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин онлайн қатысты. Форумда 2 елдің бизнес-қауымдастығы, салалық мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық өкілдері және өңір басшылары «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» деген тақырып талқыланды.

Форум қорытындысында бірқатар өңіраралық және коммерциялық келісімдерге қол қойылады.

Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылы екіжақты сауда 28,2 млрд долларға жетті. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың 8 айында18,9 млрд долларды құрады.

Серіктес жаңалықтары