Таразда мультфильм кейіпкерлері балаларға жол ережесін түсіндірді
Iс-шара барысында тақырыптық плакаттар дайындалды.
Жамбыл облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерін сақтауға балалардың назарын аударудың ерекше әдісін ойлап тапты, деп хабарлады turkystan.kz.
Акцияға оқушылар сарайының «Бақытты болашақ» сәндік-қолданбалы шығармашылық бөлімінің оқытушылары және «Balashow Taraz» мерекелерді ұйымдастыру агенттігі қатысты.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, облыс орталығының қарбалас көшелерінде Өрмекші адам, Трансформер, Ақшақар және басқа да көптеген сүйікті мульт кейіпкерлері балаларға жолдың жүріс бөлігінде өзін дұрыс ұстаудың көрнекті үлгісін көрсетті.
«Бұл идея – мультфильм кейіпкерлерін тарта отырып, бастауыш сынып оқушыларының, өзге де балалардың жол-көлік апаттарынан алуы мүмкін жарақаттарына қатысты мәселеге жұртшылықтың назарын аудару мақсатында жүзеге асырылды. Статистикаға сәйкес, 10 жасқа дейінгі балалар жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санатына жатады. Өкінішке қарай, осы жылдың 10 айында ЖКО-дан 23 кәмелетке тлмаған жасөспірім қаза тауып, 350 адам дене жарақатын алды. Осы фактілердің алдын алу үшін біз барлық қажетті шараларды қолданудамыз. Жасыратыны жоқ, кішкентай бүлдіршіндер еліктеу үшін идеалды іздейді. Жол қозғалысы ережелерін сақтайтын және оқытатын экрандағы кейіпкерлер – балаға арналған мінез-құлықтың жарқын үлгісі және көрнекі мысал бола алады деп ойлаймыз», – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Ержан Мананбаев.
Iс-шара барысында тақырыптық плакаттар дайындалып, балаларға таратылған шарлар мен тәтті тағамдар мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Акцияның барлық қатысушылары жағымды эмоцияларды сезiнiп, сүйікті кейіпкерлерiмен естелік суреттерге түсті.