Астанада сұйытылған газ тапшы болып жатыр
Резервуарда 900 тонна сұйытылған газ қалды.
Жанар-жағармай құю бекеттерінде автогаз талонмен сатылуда, деп хабарлады Turkystan.kz.
Тапшылықтың туындауына байланысты шектеу енгізілді.
Бұл туралы елорда әкімдігі: «Қазан айында Атырау зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысына және «ПМХЗ» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыттарының үлкен жүктемесіне байланысты Астанада автогаз тапшылығы мәселесі бар», – деп хабарлады.
Қазір Астанада 900 тонна автогаз бар. Жолда 14 76,3 тонна сұйытылған газ келе жатыр.
«...7 қарашада 16 вагон (576 тонна) жеткізіледі деп күтіліп отыр. 7 қарашадан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыты 25 вагон (900 тонна) газ, 8 қарашада 15 вагон (540 тонна) сұйытылған газ көлемін жөнелтуді бастайды», – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Сұйытылған газдың тапшылығына байланысты сатушылар автогаз құю стансаларында талон жүйесін енгізіп, уақытша шектеу қойды. Шектеу кезең-кезеңімен бір аптада алынып тасталады.