Автокөлікті алкогольге және есірткіге мас күйінде басқарған 305 жүргізуші ұсталды

1,6 мың адам қайтыс болып, 14 мың адам зардап шекті.

Автокөлікті алкогольге және есірткіге мас күйінде басқарған 305 жүргізуші ұсталды
ашық дереккөз
666

Бас прокуратура соңғы 9 айда елімізде 9,8 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлады Turkystan.kz.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан 1,6 мың адам қаза тауып, 14 мың адам зардап шеккен.

Жыл басынан бері Алматы қаласында – 2556, Алматы облысында – 961, Жамбыл облысында – 695, Түркістан облысында – 616, Астана қаласында 570 жол-көлік оқиғасы болған. Жылдамдықты асырудың – 2 381, жаяу жүргіншіге жол бермеудің – 1 473, жол белгілерін сақтамаудың 380 фактісі тіркелген.

Апаттың 88%-дан астамына жүргізушілер (8 703) кінәлі екені анықталды. Көлік басқару кезінде 305 жүргізуші алкогольге және есірткіге мас болған.

«Осы ретте автокөліктің техникалық жай-күйін қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру, уақтылы қысқы шина салдыру, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, жолда өте мұқият болу, жол ережесін сақтау қажеттігін еске саламыз. Қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шинамен жабдықталмаған көлікті пайдалануға тыйым салынады. Техникалық регламенттердің талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделеді және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», – деп ескертті Бас прокуратура.

Серіктес жаңалықтары