«Енді ол жерде жұмыс істемеймін»: Данияр Елеусінов спорт мектептегі жұмысынан шығып, барлық қаражатты мемлекетке қайтарғанын айтты
"Енді еңбек өтілі тоқтайды. Ресми түрде жұмысқа тұру керек, алайда кәсіби боксқа бола жұмыс істей алмаймын"
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Tengri Sport журналисіне берген сұхбатта астаналық спорт мектептердің бірінен алып келген қаражатты мемлекетке қайтарып, мектептегі жұмыстан шығып кеткенін айтты.
«Қазір барлық қаражатты мемлекетке қайтардым, мектептегі жұмысымнан шығып кеттім. Енді ол жерде жұмыс істемеймін. Салық бөліміне барып, арнайы код енгіздім. Сома, анау айтқандай, үлкен емес.
Енді еңбек өтілі тоқтайды. Ресми түрде жұмысқа тұру керек, алайда кәсіби боксқа бола жұмыс істей алмаймын.
Мен ел мүддесі үшін жұмыс істеп, өскелең ұрпаққа өз тәжірибемді көрсеткім келді. Алайда, қазір барлығы жақсы, еш өкпем жоқ. Жуырда рингке ораламын деп ойлаймын», – дейді боксшы.
Еске сала кетейік, бұған дейін 32 жастағы Олимпиада чемпионы АҚШ-та тұрса да, астаналық спорт мектептерінің бірінде бапкердің жалақысын алып келгені белгілі болған еді.