Шымкентте 6 адамды қағып кеткен автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты
Автобус жүргізушісі 5 жылға сотталды.
Шымкентте болған жантүршігерлік жол апатына байланысты сот үкімі шықты. Автобус жүргізушісі 5 жылға сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Юлдашев орын алған іске қатысты кінәсі дәлелденіп, келесі үкім шықты: күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылсын»,- деп үкім шығарды судья Жанат Мүсірәлі.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, сот шешіміне сәйкес, Юлдашев 7 жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылды. Күдіктіге 345-баптың 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу» бойынша айып тағылған еді.
Айта кетейік, 8 сәуір күні Шымкентте жол жиегіне тоқтаған жүргізуші қоғамдық көліктен түскен сәтінде, автобус өздігінен қозғалып, 6 адамды қағып кеткен. Салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапты. Ал тағы 2 тұрғын ауруханада көз жұмған. Апаттан тірі қалған 18 жасар Дариға Сейдалиева қазір 3 топ мүгедегі. Ол әлі күнге ем қабылдап жатыр.