Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті

7 және 8 жастағы екі баланың денесі жасанды су қоймасынан табылды.

Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті
ашық дереккөз
885

Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті. 7 және 8 жастағы екі баланың денесі жасанды су қоймасынан табылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 5 қазан күні сағат 22:00-де Галицкое ауылының учаскелік инспекторына әйел адам 7 және 8 жастағы балаларын табуға көмек сұрап жүгінген. Ол жұмыстан оралғанда үйінде екі баласы болмаған. 

«Іздеу іс-шаралары барысында түнгі сағат 23:00-де ауылдан 500 метр қашықтықта, ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға арналған жасанды су айдынында зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ балалардың денесі табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады», – деді департаментте. 

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, полиция суару жүйесіне арналған гидротехникалық құрылыста қоршаулар мен жарық болмағанын анықтады. Сондай-ақ аталған аумақ адамдардың өміріне қауіп төндіріп, тыйым салатын белгілердің жеткілікті саны жоқ екендігі белгілі болды. Осыған байланысты ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі және 254-бабы бойынша тергеу басталды.

 

Серіктес жаңалықтары