Ризабек Айтмұхан: Ендігі меже – Олимпиада чемпионы атану

Ересектер құрамасына биыл ғана өткен 19 жастағы Ризабек еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Еркін күрес балуандары тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатының жалпы саны 16 жүлдесін иемденген. Оның бесеуі – күміс, қалғаны – қола жүлделер. Алайда, отыз жыл бойы құрама намысын қорғаған балуандардың ешбірі алтын ала алмай жүрген еді.

Ризабек Айтмұхан: Ендігі меже – Олимпиада чемпионы атану
ашық дереккөз
1580

Екі күн бұрын Белградта күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі салмақта күрескен Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ересектер құрамасына биыл ғана өткен 19 жастағы Ризабек еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Еркін күрес балуандары тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатының жалпы саны 16 жүлдесін иемденген. Оның бесеуі – күміс, қалғаны – қола жүлделер. Алайда, отыз жыл бойы құрама намысын қорғаған балуандардың ешбірі алтын ала алмай жүрген еді. Ризабек отыз жыл күткен алтынды уысына түсіру үшін салқынқандылық танытып, сабыр танытқанын айтады. Қазақстанға қайтуға дайындалып жатқан Ризабекпен жолға шығар алдында сұхбаттасқан едік.

– Бозкілемнен түскен бойда берген сұх­батыңда «Тарихи жүлде иеленгенімді әлі сезіне алмай тұр­мын. Бәлкім, бір-екі күн өткен соң мұны байы­бына же­тіп түсінермін» деген едің. Белград тө­­­рінде атой салғаныңа екі күн өтті. Шы­ны­мен бұл жүл­де­нің ел тарихындағы ба­ға жетпес медаль екенін се­зіне алдың ба?    
– Расымен екі күн бұрын ұтып алған жүл­дем­нің маңы­зын онша түсінбейтінмін. Дұрыс се­зіне алмадым. Алай­да осы екі күн ішінде әлеу­меттік желілер мен отан­дық БАҚ бет­те­рін­дегі суретім мен қуанған сәтім таспа­лан­ған ви­деоларды, қарша борап жатқан пікірлерді оқып, бірте-бірте сезіп жатырмын. Қазақ­стан­нан бәленбай мың ша­қырым алыс жерде жат­қан қазақстандықтардың қуа­ны­шын кө­ріп, көңілім босап жүр. Ал Қазақстанға бар­сам, тіп­ті қуаныштан жарылып кетермін (кү­ліп). Айна­лам­дағылар «Сен – қазақтан шық­қан тұңғыш әлем чем­пио­ны­сың! Арада тіпті 200, 500 жыл өтсе де, сені ел ұмыт­пай­ды. «Қа­зақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы кім?» деп әлдебіреу сұраса, өскелең ұрпақ «Ол – Айтмұхан Ри­за­бек!» деп мақтанып айтатын болады» деп желпіндіріп, бұл жүлденің маңы­зын түсіндіріп жатыр.  Шынымды айтсам, эмо­циямды сипат­тауға сөз таппай тұрмын. Өте қуаныштымын! Бастапқыда жай көрін­ге­німен, бүгін расымен арада қанша ғасыр өтсе де, менің аты-жөнім Қазақстан тарихын­да алтын әріппен жа­зыла­тынын түсіндім. Нұр­лан Бекзат, Нұрқожа Қай­панов ағала­ры­мыз әлем чемпионатында кү­міс жүлде алған-тын. Олар да менің жетіс­тігіме қуанып «Бауы­рым, біз бұл байрақты бәсе­кеде күмісті де, қо­ланы да алдық. Алайда Қазақ­станға керегі – алтын жүлде. Алтын ме­даль алып, атыңды ал­тын әріппен жазған се­нің орның әрқашан бө­лек» деп тілектестігін біл­діріп жатыр. Осын­дай жетістікке жет­кеніме қуаныш­ты­мын! 
– Сөз саптауыңа қарап, жас бала емес, қалыптасқан маман дерсің.
– Көбі сіз секілді ойласа керек. Әрі қазір көп­шілік мені 23-25 жаста деп жазып жатыр екен. Мен 19 жастамын. Ал сөз саптауымды сөз етсем, мен атамның тәрбиесін көріп, та­ғы­­лымын көп естіген балуанмын. Содан соң ка­­мера алдында сөйлеуге бұрыннан машық­та­­нып жүрмін, себебі мен оқушы кезімнен ме­диа маман болуды армандайтынмын. Өз-өзімді дамыту үшін түрлі подкаст қарап, кітап оқи­мын. Сондықтан көпшілікпен оңай тіл та­бы­самын. Көп араласамын. 
– Көпшілік жасыңнан бөлек, туған жеріңді шатастырып жазып жатыр. Ал­ма­ты қаласындағы колледжде оқитын­дық­тан сені Алматы облысының тумасы деп айтып жүр. Анығында?
– Анығында мен Солтүстік Қазақстан об­­лы­сы Уәлиханов ауданына қарасты Кішке­не­көл ауылында дүниеге келгенмін. Бұрын Қы­зылту деп аталған ол ауыл Ресеймен ше­ка­ралас жерде орналасқан. Біздің ауылдан жүз сексен шақырым жерде Омбы қаласы жатыр. Отбасымда алты ағайындымыз: үш ұл, үш қыз. Мен үйдің үлкенімін. Ата-анам сол ауылда тұрады. Әкем кезінде күреспен ай­налысқан. Қазір мені жарысқа баптап, жеке бап­керіммен бірге қасымда жүр. Әкем де­мекші, әкем мені күреске қинап, күштеп апар­ған еді. Ол уақытта менде онша құш­тар­лық болмады. Содан соң өзі жаттықтырып, жа­рыстарға қатыстыра бастаған соң, бірте-бір­те менің де қызығушылығым ояна бастады. Бас­тапқыда жеңімпаз атанбасам да, екінші, үшін­ші жүлделі орынға ілігіп жүретінмін. Бір күні әкем «Чемпион болу үшін бізге өсу керек. Ауыл­да өз күшімізбен өсе алмаймыз. Бізге спорт мектебіне бару қажет» деген шешім қа­­­былдап, ауылда жаттығып, әрі орта мек­теп­те оқып жүрген інім екеуімізді қалаға апармақ бол­ды. Сөйтіп, артынып-тартынып, Аста­на­да­ғы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатқа оқуға құжат тапсыруға келдік. Алайда бірінші жылы бізді қабылдамай қойды. Екінші жылы қайтадан барып құжат тап­сырып, інім екеуіміз онда оқуға түстік. 
– Осыдан төрт жыл бұрын Астанада өткен әлем чемпионатында ерікті болып жұ­мыс істепсің. Тіпті, үзіліс кезінде боз­кі­лемді тазалаған сәтің таспаланған. Сол кезде спорт интернатта оқып жүр ме едің?
– Иә, сол кезде спорт интернатта 9-сы­нып­та оқимын. 15 жастамын. Интернатта оқи­тын бір топ баланы әлем чемпионатына ерікті қылып жұмысқа алды. Сол чемпионатта финалда біздің Дәулет Ниязбеков пен ре­сей­лік балуан Гаджимурат Рашидов белдескен бо­латын. Сол екі мықтының белдесуі алдында бозкілемді сүртіп жатқан кезім таспаланып қалыпты.
– Сол әлем чемпионатында ерікті бо­лып жүргеніңде әлемнің әр бұры­шы­нан келген балуандардың өнерін тамашалап, «Мен де осы балуандар секілді әлем бірін­ші­лігінде атой салсам ғой» деген ой сен­де болмады емес, болған шығар?
– Әлбетте. Сол чемпионаттан соң әлем чем­­­пионатында күресу менің де қолымнан ке­летінін түсіндім. Бастысы – еңбек етсең бол­ғаны. Содан соң Құдайыңа және өз-өзіңе сенуің қажет. Мен мұны сол жарыстан соң же­те түсіндім. Сөйтіп, төрт жыл тапжылмай ең­бектендім. Жастар құрамасына (20 жасқа дейінгі) қабылдандым, сосын 23 жасқа дейінгі жас­тар құрамасына қосылып, Қазақстан чем­пионы атандым. Бір қызығы, 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанып көрмеппін. 2022 жылы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатының финалында қарымды қарсыласыма есе жібердім. Араға бір ай са­лып, 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел чемпионатына қатысып, фи­налда бір ай бұрын жеңіліп қал­ған сол қар­сыласыммен бел­­десуім керек еді. Алайда ол жарақатына бай­ла­нысты күресуден бас тарт­ты. Сөйтіп, ел чем­пио­ны атанып, Азия чем­пионатына ірік­телдім. Онда Ал­ла­ның қа­лауы­­мен чемпион атан­дым. 
– Сосын биыл ақпан айында Ал­ма­ты­да өт­кен Қа­зақ­стан чем­пио­на­тын­да та­ғы жеңім­паз атан­дың. Ере­сек­тер құ­­­рамасына өте са­ла бұл сал­мақта бұ­рын­нан кү­ре­сіп жүр­ген тәжіри­белі балуан­дар­дан айлаңды асыра біл­геніңе таңмын. 
– Негізі, мен ересектер ара­сында белдесуді алдыңғы жылы қарашада Қонаев атамыздың құрметіне орайластырған турнирде бас­тағанмын. Онда күміс жүлдені місе тұттым. Сол кезде ересектер арасындағы жарыстың анау айтқандай айырмашылығы жоқ, кері­сінше көп балуан жастардан сескенетінін байқадым. Сөйтіп, үш ай дайындалып, биыл ақпан айында Алматыда ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Содан соң  Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында барлық қар­сыласымды 10:0 есебімен айқын басым­дықпен ұттым. Сол кезде ағайлар «Ризабек дайын­дал. Сен бірінші нөмірсің. Азияға да, әлем чемпионатына да сені баптап апаруға тырысамыз» деп, менің салмағымда әлемдік деңгейде күресіп жүрген менен басқа ешкім жоқ екенін айтып, қанаттандырып қойды. Осыдан кейін Астанада ересектер арасында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіздім. Келесі меже – жастар арасындағы әлем чемпионаты болды. Жеке бапкерім Еркебұлан Кешірбаев «Тарих жасайық. Жастар арасында әлем чемпионы атануға әлеуетің бар. Ересектермен мықты күрестің. Енді жастарға шамаң жетеді» деп бар ақылын айтты. Сөйтіп, осы тамыз айында Амманда (Иордания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына сүрінбей жеттім. Ақтық сында ирандық балуанға қарсы белсенді күрестім, бірақ бір ұпай айырмасымен жеңіліп қалдым. Ақырында тарих жасауға бір қадам жетпей қалды. Бізде жастар арасындағы әлем чемпионаттарының күміс жүлдесі көп, алайда алтын ала алмай жүргенімізге жиырма жыл болған. Сол кезде жастар арасында әлем чемпионы бола алмадым деп қатты жылағанмын. 
– Есесіне, араға бір ай салып, ересек­тер арасында әлем чемпионы атандың!
– Соны айтсаңызшы! Берген нәрсенің бір қайыры бар, бермеген нәрсенің мың қайыры бар. Араға бір ай салып, ересектер арасында әлем чемпионы атағын әрі Қазақстан тарихында теңдесі жоқ жүлдені иелену бұйы­рып тұр екен ғой! Белград төрі маған құт қон­ған төр болды. Негізі, қарсыластарым оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Әсіресе, ширек финалда күрескен түрік балуанын қат­ты ұтқым келді. Өйткені ол түрікке екі рет 10:0 есебімен ұтылғанмын. Ал осы жолы мен оны айқын басымдықпен сұлаттым. Содан соң, әлбетте, финалда әзербайжандық балуанға қарсы күресу оңай болмады. Бірін­шіден, финалдың аты финал. Екіншіден, ұт­саң, тарихта қаласың, ұтылсаң, күміс жүлдені ар­қалап, елге қайтасың. Ал бізде күміс көп. Алтын жоқ. Жауапкершілік салмағы зіл бат­пан.
 

– Әдетте, ірі жарыстарда іріктеу ке­зең­дері мен финалдық кездесулер бір кү­нде өтетін еді. Балуандардан «Бір күнде ет қызумен бірнеше белдесуге шығып, ба­бымызды келтіріп алғанға осы қо­лайлы» дегенді талай рет естідім. Ал бұл жо­лы Белградта финал келесі күнге ше­герілді. Бір күн ішінде мың ойға ма­та­лып, жанып кетпей, өз бабыңды жо­ғалт­пауға кім, не көмектесті? 
– Бұл жағынан тәжірибем бар десем бо­ла­ды. Астанада ересектер арасында өткен Азия чемпионатында біздің құрама төрт бір­дей алтын алып, тарихи жетістікке қол жет­кізген еді. Ал мен  финалда жапон балуа­нымен күресе алмай, күміс жүлдені еншіледім. Мен сол кезде төрт сағаттың ішінде «күйіп» кеттім. «Өз елімде өткен жарыста Азия чем­пио­ны болсам» деген ой мені жібермей қой­ды. Ақырында финалда аяғым жүрмей қойды. Күре­се алмай қалдым. Ал Белградтағы фи­нал­да Астанада жіберген сол психологиялық қа­­телігімнен сабақ алып, көп ойланбауға ты­­­­­рыстым. Қазір телефон шұқыласам, әр адам­ның айтқанына құлақ түрсем, жан-жа­ғымды тыңдасам жанып кететінімді түсіндім. Сөй­тіп, әкемнің, бапкерімнің айтқанын тың­дап, бабымды ұстауға тырысып-бақтым. Бап­керім «Тарих тарихымен, бірақ сен мұны жү­ре­гіңе жақын қабылдама. Сен онсыз да ба­тыр­сың. Өз ісіңді жаса. Әрі қарай бабың мен бағың қатар шабар. Тіпті, ұтылатын болсаң да, өкінбейтіндей ұтылшы. Бар кү­шіңді сарп ет. Бозкілемде құлап қалсаң да, біз сені көтеріп  аламыз. «Уыста тұрған алтынды жіберіп алды» деп біреу ұрысады-ау, жек көріп кетеді дегенді тіпті де ойыңа алма» деп айтты. Әкем «Балам, сен мен үшін чемпионсың. Бар өне­ріңді ортаға сал. Бұл қайталанбас сәт. Сон­дықтан «Неге бұлай істемедім?» деп өкін­бей­тіндей, бар күшіңмен күрес» деп рухтандырды. Сон­дықтан салқынқандылық танытып, бар назарымды қарсыласыма аударуға тырыстым. Бес минут бойы белсенді болуға тырыстым, бірақ әзербайжандық балуан әдіс жасауға мұр­ша бермеді. Дегенмен бозкілемге шық­қанда жеңіс менікі екенін сездім. Кездесудің аяқталуына отыз секунд қалғанда қарсы­ласып, екі ұпай жинап, жеңіп кеттім.
– Сол кезде сені балуандар қалып­тас­тырған дәстүр бойынша Туды арқаңа жауып, бозкілемді айналып жүгірер деп күттік. Алайда сен жеңіске жеткенде аренада Ту таба алмағанын естіп-білдік. «Ту қайда?» деп ренжігендер де болды.
– Иә, бізде Туды ұстап, айналып жүгіретін ерек­ше дәстүр бар. Мен әлі күнге дейін не үшін солай болды деп ойланамын. Дегенмен Алланың жазғаны солай болды. Алла маған көк Туымызды тағы да желбірету үшін екінші рет әлем чемпионы атанасың немесе Олим­пиада жеңімпазы атанасың деген белгі беріп тұрса керек. Құдай қаласа, сол кезде бозкі­лемді қайта-қайта жүгіріп өтемін. Дегенмен Белград бозкілеміндегі тарихи жеңістен соң, айналып жүгіре алмағаныма өкінемін. Сол кезде бұл сәтті сезіне алмағаныма жыладым. Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанып тұрып, неліктен Туды көтеріп жүгіре алмаймын деген өкініш болды. Біреулер қобалжып ұмытып кеткен болар. Бәлкім, біреулер сенбеген шығар. Нақты себебін біл­мей­мін. Есіме де алғым келмейді. 
– Алла қаласа алда өтетін байрақты бәсекелерде көк Туымызды талай рет кө­теріп жүгірерсің! 
– Бұйырса!
– Сенің салмағың Олимпиадалық сал­­мақ бол­мағандықтан бұл чемпио­нат­та Олим­пиада жолдамасы сарапқа са­лынбады. Келесі жылы Парижде өтетін төртжылдықтың бас­ты додасына іріктеу тур­нирлердің де ауылы алыс емес шы­ғар?  
– Мен 92 келіден олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысамын. Маған тек Олимпиаданы ұту қалды. Сосын ересектер арасында Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанғым келеді. Ал Олимпиадаға іріктеуді сөз етсем, жолдама ұтып алу үшін келесі жылы өтетін Азия чемпионатына және әлем чемпионатынан кем түспейтін әлемдік турнирге қатысу қажет. Алайда, ол үшін алдымен ел ішіндегі турнирде іріктелу керек. 
– Әлем чемпионы деген атағың бар. Сен ол маңызды жарыстарға іріктеусіз-ақ баратын шығарсың.
– Жоқ, бұл салмақта бәсеке мықты. Әр жа­рыс сайын өзіңнің лайық екеніңді дәлел­деуің керек. Мен кішкентайымнан өзімді дәлелдеп үйреніп қалғанмын. Сондықтан тағы да өз бабымды көрсетуге тура келеді. Осы қыста Олимпиадаға іріктеу турниріне бару­ға мүмкіндік беретін Қазақстан чем­пио­натында күресемін. Әлем чемпионы бол­ғаны­мен, басқа балуандардан артықшылығым жоқ. Бұл – спорт. Бәрімізге бірдей мүмкіндік бері­леді. Мені іріктеусіз жібере салса, бұл сал­мақта күресіп жүрген балалардың бетіне қа­рай алмайтын едім. Онда олар не үшін сонша тер төгіп, еңбек етеді? Белградта өткен бір тур­нирде жеңіп келді екен деп, олардың жо­лын кесіп кете алмаймын. Ол дұрыс емес.
– Бір салмақта белдесетін, Көк туы­мызды көкке көтергісі келетін, өкшеңді ба­сып келе жатқан балуандардың ең­бегін бағалайтын сен секілді балуан көп болсын!
– Мен сізге мынаны айтып кетейінші. Әр спортшының қилы тағдыры бар. Күрес түрін таң­дағандар күрестен басқа ештеңені біл­мей­ді. Күрес деп оянады, күрес деп ұйықтайды. Мысалы, менің жоғары білімім жоқ. Мен тек күресе аламын. Солайша нәпақа тауып, күн кө­ремін. Күресуді ғана білемін. Менің сал­мағымда күресетіндер де дәл солай. Олар да мен секілді ауылдан шыққан қарадомалақ ба­лалар. Мен секілді ата-анасының, мұқым халықтың сенімін ақтағысы келетін атлеттер. Сондықтан бәріне бірдей мүмкіндік берілуге тиіс. Әрі-беріден соң, іріктеу жарыстары – сы­нақ ғой. Бұл сынақтан өтсең, келесі белесті ба­ғындырасың. Ал өтпесең, осалдық таны­тасың. Мен өзім іріктеуге қатысқым келеді. Әділетті болғанын қалаймын.
– Кешегі тарихи жеңісіңнен кейін көп спортшы сенің орныңда болып, көп жастың сенен үлгісі алғысы келетіні анық. Оларға не айтар едің?
– Бір кеңесім болсын. Қазіргідей заманда бұғанасы қатаймаған, еңсесін тіктемеген жастарды түзу жолдан тайдыратын фактор көп. Шылым шегетін, есірткімен дос болатын, ішімдікке әуес жастар жетерлік. Мұндай күйге түспес үшін жастарға спортпен айналысыңдар дегім келеді. Еңбек еткен адам жолдан таймайды. Сен өз өміріңе жауаптысың. Содан соң ата-анаңның, отбасыңның асыраушысы ретінде өзгелердің өміріне жауапты боласың. Дені сау, салауатты ортада жақындарыңмен күліп-ойнап жүргенге не жетсін! Қазір ата-аналарын құрметтемейтін жастарды көп кө­ремін. «Өзім білемін», «Мені не үшін тудың онда?» деп дікеңдеп тұратындар қаншама? Қа­лаға көшіп келгенде ерке, шолжаң ба­ла­лардың қиындыққа шыдамайтынын бай­қа­дым. Олар бір кедергі кезіксе болғаны, морт сы­нып қалады. Сосын тұңғиыққа батып, да­лада қалады. Сол үшін айтарым, еңбек­те­ніңіздер. Еңбек бәрін жеңеді. Бапкерім маған «Ризабек, еңбек ақталады. Қара да тұр. Бүгін болмаса ертең ақталады» деп талай рет айт­қан. Құдай ниетіңе қарай несібеңді береді. Бас­тысы, ниетің дұрыс, пиғылың ақ болса болғаны.
– Әңгімеңе рахмет! Дегеніңе жет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары