Жансақтау бөлімінде жатыр: Алматы облысында көлік айдаған оқушы 6 адамды қағып кетті
Оқушы ағасының көлігін рұқсатсыз алып кеткен
Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында жасөспірім 6 адамды көлікпен қағып кеткен, деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 21 қыркүйек сағат 17:40 шамасында болған.
«10 сынып оқушысы Subaru Legacy көлігін жүргізіп келе жатып, қарама-қарсы бағытта топтасып келе жатқан адамдарды соққан. Көліктің алдынан велосипедпен адам шыға келген. Көлік жүргізушісі содан қашып барып, қарсы келе жатқан адамдарға соғылған. 6 жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің ата-аналарынан арыз-шағым түскен жоқ», - деді аудандық полиция бөлімінің мамандары.
Жол апаты салдарынан 2008 жылы туған 6 жасөспірім қыз зардап шеккен. Полицияның айтуынша, жасөспірім ағасының көлігін рұқсатсыз алып кеткен.
«2008 жылы туған 6 қыз да мектептен сабақтан қайтып келе жатқан. Олар бір уақытта ауруханаға жеткізілді. Бір жасөспірімнің жағдайы жақсы. Ол үйіне жіберілді. Ал бесеуінің жағдайы ауыр. Бесеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Бір жасөспірімнен іштей қан кеткен. Дереу ота жасалды, қазір жағдайы тұрақты. Жасөспірімдердің аяқ сүйектерінің үлкен буындары сынған. Жарақаттары ауыр, жалпы жағдайлары тұрақты ауыр. Жол көтере алатын екі қызды Алматы қаласына жіберіп жатырмыз», - деді Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Куккузов.
Екі жасөспірім қыз Алматы облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіледі. Оқушылардың жағдайы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей бақылауында.