Қуандық Рахым әнін беріле шырқаған ауыл баласына іздеу жариялады (ВИДЕО)
Танымал әнші Қуандық Рахым әлеуметтік желідегі парақшасында «Аққуым» әнін беріле орындаған ауыл баласының видеосын жариялады.
Қуандық Рахым Ақтөбе облысы, Мөңке би ауылына көрші ауылдағы мешіттің ашылу салтанатында өнер көрсеткен. Бейнежазбадағы кадрға сахнадағы әртіс қана емес, әншінің әнін жан-тәнімен беріле орындап отырған ауыл баласы да түсіп қалған. Кішкентай тыңдарманның әнге деген махаббаты көпшілікті тәнті етті.
«Жаным балақай, болашақ Қуандықтар ғой бұлар», «Жаным, сөзін түсініп айтып жатыр ма екен?», «Таланттың бәрі ауылдан шығады», «Сүп-сүйкімді қазақтың қара баласы, өнерді жаны сүйіп тұр ғой», «Айналасындағы бәрінің жүрегін қосып жұтып алған боп тұр ғой», «Сезімге беріліп айтып тұр ғой», «Махаббатты» түсінген жүрегінен сол», – деп таңданды желідегілер.
Сондай-ақ желі қолданушылары Қуандықтан кішкентай тыңдарманымен дуэт айтуды сұрады. Әнші көпшіліктің сөзін жерге тастамай, бірден ақтөбелік тыңдарманға іздеу салды.
«Біздің Instagram-парақшадағы Ақтөбе облысының Мөңке би ауылында түсірілген кішкентай қара балапанымыз туралы видео елге жақсы әсер қалдыруда. Көптеген тыңдарман, оқырманымыз осы баланы тауып алып, неге ән айтпасқа, неге концертке шақырмасқа деп айтып жатыр. 30 қыркүйек күні Ақтөбе қаласында Альбина Шардарова екеуміздің жеке концертіміз өтеді. Сол концертке кішкентай құлыншақты тауып алайық деп елге үміт артып тұрмын. Сіздерден көмек болсын, осы балапанды, ата-анасын білетін болсаңыздар астына байланыс нөмірін қалдырсаңыздар. Концертте дуэт болады», – деді Қуандық Рахым.