1500
«Сотталғандар жаппай тамырын кескен»: департамент мәлімдеме жасады
Бұл дерек анықтамаларды тіркеу кітабына тіркелді.
Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеде сотталғандар жаппай тамырын кескендігі жайлы хабар тарап жатыр. Осыған қатысты ҚАЖ департаменті ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №18 түзету мекемесінде сотталғандар жаппай өздеріне қол жұмсағаны туралы WhatsApp мессенджерінде таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Алайда 14 қыркүйек күні осы түрмеде екі сотталушы өздеріне дене жарақатын салғанын хабарлаймыз. Сотталғандар бұл әрекеттерін мекеме тәртібімен келіспеуіне байланысты жасағанын, ұстау тәртібі мен шарттарды жұмсартуды, атап айтқанда, мекемеде еркін қозғалып тұруды, телебағдарламаларды көруді және камера есігін құлыптамауды талап ететінін түсіндірген», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сотталғандар ауруханаға жатқызылмай, сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Бұл дерек анықтамаларды тіркеу кітабына тіркелді.
«ҚАЖ департаменті қызметтік тергеу тағайындады. Мекемеге прокуратура өкілдері келіп, жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді», - делінген ақпаратта.