Маңғыстау облысының экс-әкіміне іздеу жарияланды
Қазақстанның біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның іс басындағы президенті Алик Айдарбаевты іздейді.
Қазақстанның біріккен ММА федерациясы басшылары Алик Айдарбаевқа іздеу жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазақстанның біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның іс басындағы президенті Алик Айдарбаевты іздейді. Алик Серікұлы, спортшылармен байланысқа шығуыңызды сұраймыз», - делінген федерацияның Instagram аккаунтында жарияланған ақпаратта.
«Федарациямыздың президентін таба алмай жүрміз, байланысқа шықпайды. Ол федерацияны басқарған уақыттың ішінде 100 млн теңгеден астам салық берешегі қалыптасып отыр», - делінген жарияланым астындағы пікірлердің бірінде.
Қызылорда өңірлік ММА федерациясы да жазба астында пікір қалдырды.
«Құрметті Алик Айдарбаев! ММА-ның 16 облыстық федерациясы + жаңадан құрылған облыстар жне ҚР республикалық федерациясы. Мәселені шешіңіз. Мыңдаған ұл-қыз армандап, сізге лайықты азамат ретінде қарады. Үн қатыңыз. Азамат ретінде істі соңына дейін жеткізіңіз. Мен Қызылордадамын, кездескенбіз. Сіздің бізде бизнесті лайықты бастағаныңыз есімде. Өмірде бәрі болады. Бірақ адам болып қалуға еш уақытта кеш емес», - деп жазылған пікірде.
Туризм және спорт министрлігі осы жайтқа байланысты кейінірек пікір білдіруге уәде берді.
Алик Айдарбаев Қазақстанның біріккен ММА федерациясының президенті лауазымына 2020 жылдың 20 ақпанында сайланды.
2013-2017 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2018-2022 жылдары «ҚазМұнайгаз» ҰК басқармасының төрағасы болған.