Мемлекеттік органдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен қызмет көрсетуді жасырады – «АМАNАТ»

Егер бір адамға мемлекет міндетті қызметті уақтылы әрі тиімді түрде  көрсете алмаса, онда мемлекеттік басқарудың басқа да барлық саласында жағдай шамамен осындай деген пікір қалыптасады.

Мемлекеттік органдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен қызмет көрсетуді жасырады – «АМАNАТ»
1308

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының кейбірі апатты жағдайда немесе бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Ал кейбір ведомстволар қызметтерді мемлекеттік бақылаудан «жасыруға» тырысады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «көмекшілер» «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ заңды қызметкері бола алады. Халыққа қызмет көрсету саласын дамытудың осы және өзге де өзекті мәселелері «АМАNАТ»-тың Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Мәселен, Комитет мүшелері Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) бірінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ахуалдық орталығының жұмысымен танысып, отырысты тікелей сол жерде өткізді.

Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Қазақстан қазірдің өзінде электронды үкімет пен финтехті дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды IT-елге айналдыру керек деген стратегиялық маңызды міндет қойды.

«Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында мемлекет, қоғам және азамат арасындағы қарым-қатынасты барынша цифрландырудың, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет алудың барлық сатысынан адами факторды алып тастаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Жалпы, адамдар  мемлекеттік аппараттың жұмысын қызмет көрсету сапасы бойынша бағалайды. Мұндағы логика – қарапайым. Егер бір адамға мемлекет міндетті қызметті уақтылы әрі тиімді түрде  көрсете алмаса, онда мемлекеттік басқарудың басқа да барлық саласында жағдай шамамен осындай деген пікір қалыптасады», - деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов қазіргі уақытта қандай да бір мемлекеттік қызметтің тегін немесе ақылы жүргізілетінін анықтайтын нақты критерий жоқ екенін айтты. Мәселен, ІІМ-де қызметтің барлығы дерлік ақылы, ал Қорғаныс министрлігінде – тегін. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтің толыққанды жүргізілмейтініне қатысты мәселе барына назар аударды.

«Негізгі қызметті мемлекеттік бақылаудан, Агенттіктен жасырғысы келген кейбір ведомстволар мемлекеттік қызмет көрсетудің ішінара кезеңдерін ғана есептейді. Мысалы, тұрғын үй секторында тұрғын үй алу кезегіне тұру мемлекеттік қызмет саналғанымен, бұл тұрғын үйді беру жұмысы нақты мемлекеттік қызмет болып саналмайды. Мәселен, азаматтар біреуге кезексіз баспана берілді деп шағымданады делік. Біз бұл фактіні тексеріп, кезекке қоюдың заңдылығын анықтай аламыз. Алайда одан әрі қарай тереңдеп тексере алмаймыз», – деді ол.

Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қазір Парламентте Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің мәртебесін арттыру туралы заң жобасы қаралып жатқанын хабарлады. Бұл кадр тұрақсыздығы мәселесін шешуге көмектеседі.

«Мемлекеттік корпорацияның өзі қаржылық және заңды дербестікке ие емес. Сондықтан оған жария құқықтың заңды тұлғасы мәртебесін беру қажет. Бұл коммерциялық компонентті құруға мүмкіндік береді. Мысалы, «көмекші» институты. Олардан құтылу оңай емес, өйткені сұраныс бар. Оларды ХҚКО-ның қосымша сервистері арқылы заңдастыру қажет. Нәтижесінде мемлекеттік корпорация да ақша тауып, олар сервистік қызмет көрсете алар еді», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Сергей Пономарев ХҚКО-да шетел азаматтарына қызмет көрсету мәселесін қозғады. Ол Алматы қаласына қосылған Наурызбай ауданы аумағында жаңа заманауи ХҚКО салынғанын, алайда былтыр аяқ-асты жабылып қалғанын атап өтті.

«ХҚКО-ны көлік тұрағы, лайықты дәретханасы, жолсілтемесі жоқ шалғайдағы жеке сауда орталығына көшірді. Екінші қабатқа көтерілу үшін қатар-қатар орналасқан сауда орындарын жүріп өту керек. Ал құжат жинау жұмысы бірнеше күнге созылады. Шетел азаматтары елдің қонақжайлығы туралы қандай ойда қалады? Бұл – маңызды мәселе. «AMANAT» партиясының депутаты ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хат жолдадым. Алайда ведомство мәселенің мән-жайына барған жоқ. Сауалға жалтарма жауап беріп құтылды. Ал Партиялық бақылау комитетінің араласуынан кейін көші-қон жөніндегі ХҚКО бір айда бұрынғы мекенжайына қайтарылатын болды», – деді ол.

Сонымен қатар, партиялықтар ХҚКО-лардың мақсатқа сай келмейтін ғимараттарда орналасуы мәселесін талқылады. Мәселен, комитеттің жұмыс тобы Алматы қаласындағы №1 ХҚКО ғимаратының шатырын жөндеу қажет екенін анықтады. Нысанның салбырап тұрған төбесі кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Бұған қоса, санитарлық тораптар да апатты жағдайда. Ал қыс мезгілінде Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Халыққа қызмет көрсету бөлімінде температура +16 градусқа дейін төмендейді.

«Алматы қаласы, Серіков көшесі, 6а мекенжайында Жетісу аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі орналасуы тиіс еді. Себебі, ғимаратты тұрғызу кезінде нысанның нақты мақсаты осы болды. Алайда, құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін әкімдік бұл ғимаратты Мемлекеттік корпорацияның балансына беруден бас тартты. Сонымен қатар, осы аудандағы АХАЖ бөлімі де күңгірт әрі жолсілтемесі жоқ жертөле де орналасқан», – деді партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова.

Осындай олқылықтар Ақмола облысында да тіркелді. Аталған өңірдегі Астрахан ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі балалар шығармашылығы орталығымен бір ғимаратты бөлісіп отыр. Осы ХҚКО орналасқан ғимаратта санитарлық торап жоқ. Қызметкерлер мен келушілер ауладағы дәретхананы пайдалануға мәжбүр.

Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үшін бірқатар ұсыным қабылдады. Оның ішінде: ХҚКО қызметін материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыда жақсарту шаралары, мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша заң жобасын өзгерту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейту және оны цифрлық форматқа ауыстыру.

 

Серіктес жаңалықтары