«Нұрлы жастар» орталығы балалар өнеріне қолдау көрсетуде

«Нұрлы жастар» орталығы балалар өнеріне қолдау көрсетуде

«Нұрлы жастар» орталығы балалар өнеріне қолдау көрсетуде
ашық дереккөзі
Осы аптада «Қазақконцерт» залында «Сырым бар жүрегімде» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауы өтті. «Көркем сөз», «Астапта ойнау», «Эстрадалық вокал», «Дәстүрлі ән», «Хореография» сынды номинациялар бойынша өткен байқаудың нәтижесі марапаттау рәсімінде жарияланды. Марапаттау рәсімінде үздіктер қатарынан көрінген қатысушылар өз өнерлерін сахнада көрсетуге шақырылып, бас жүлдеге ие болғандарға электронды гаджеттер сыйлыққа таратылды. Бірінші, екінші, үшінші орын алған және өзге де қатысушылар марапатталып, кубоктар мен медальдерге ие болды. Сонымен қатар, әр қатысушының жетекшісіне де көңіл бөлініп, алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар сыйланды. Кейбір ұстаздар тіпті «Үздік ұстаз» мәртебесіне ие болды. Республика бойынша 800-ге жуық қатысушы тіркелген байқауды ұйымдастырған «Нұрлы жастар» продюсерлік орталығы жастар шығармашылығы саласында 4-жыл қызмет етіп келеді. Продюсерлік орталық балабақша және мектеп жасындағы балалар арасында байқау ұйымдастыру барысында әр номинацияға өз әділқазылар алқасын тағайындады. Олардың қатарында әнші, мәдениет қайраткері – Мұхамедқұл Смағұлов, композитор, әнші, оранжировщик – Бақытқали Қонысбаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының балетмейстері – Гузель Мухамеджанова сынды т.б. өнер қайраткерлері болды. Ал, әділқазылар алқасына төрағалық еткен еліміздің үздік дикторы, «Қазақтың қоңыр дауысы» – Аманжан Серіков. Әділқазылар алқасы қатысушыларды 5-10 балдық жүйемен бағалап, «Бас жүлде», І,ІІ және ІІІ дәрежелі лауреат пен дипломант категориялары бойынша бақауды қортындылады. «Нұрлы Жастар» продюсерлік орталығы өкілдерінің айтуынша, байқаудың басты мақсаты жастар  шығармашылығы мен өнерінің дамуына қолдау көрсету. «Жас ұрпақ еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Сол үшін де жастардың тәрбиесіне, оның ішінде шығармашылық дамуына баса назар аударған жөн. «Нұрлы жастар» орталығының басты мақсаты да осы – жастар өнерін шыңдау арқылы еліміздің мәдени дамуына, рухани баюына үлес қосу», - дейді олар. Продюсерлік орталықтың жоспары бойынша Халықаралық әйелдер күніне байланысты «Аялы маған алақаны ананың» атты тағы бір байқауға байланысты  дайындық жүргізіліп жатыр екен. 10-13 наурыз аралығында өтетін байқауға да республикамыздың барша балалары шақырылмақ. Байқауға қатысу талаптарының бірі продюсерлік орталықтың кеңсесіне жолығып өтініш толтыру. Сондай-ақ, өтінішті орталықтың электронды поштасына жіберуге болады. Ол үшін қатысушының аты-жөні, жасы, оқу орыны мен қаласын,қай номинация бойынша қатысатынын, жетекшісінің аты-жөнін жазып, оған туу туралы куәлік пен жетекшінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесін қосып nurly.zhastar@mail.ru электронды адресі бойынша жіберу керек.

Айжан Шакенова