Уақыт ұғымдарды өзгертсе...

Уақыт ұғымдарды өзгертсе...

Уақыт ұғымдарды өзгертсе...
ашық дереккөзі

Халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Бұл қазақтың мәңгілік ештеңе жоқ дегенді тұспалдаған философиясы ғой. Расында да солай. Соңғы отыз жылда адамзат қоғамы технологиялық дамудың ырғағына түскелі бері бәрі жылдам, бәрі тез. Бізде бәрі жетсе де, уақыт жетпейді. Әсіресе, қалада тұратындарда... Таңертең жұрт жұ­мысқа ерте жи­­на­лады, өйткені кө­лік тығыны діттеген же­­ріңе уақытында бару­­ға үлкен кедергі кел­­ті­ре­ді. Жұмыстан қа­й­тар­да да солай. Бұрын барлық іздегені ауылдан-ақ табы­латын қазақ енді жұмыссыздықтың кесірінен жанбағыс үшін үлкен шаһарларға тоқтаусыз ағылуда. Жастарда екібастан қала өміріне қы­зығушылық күшті. Біз қаламасақ та қоғам дамуына, заман тудырған түрлі үдерістерге ілесуге мәжбүрміз. Өйтпесек артта қаламыз, есеміз кетеді. Заманның шалт қимылды қалайтын, жай­­­басарлыққа орын қалдырмайтын тездігі адамды өзгертіп жатыр. Адам өзгерген соң ол жасаған ұғымдар да өзгереді. Бір кезде Мұқағали Мақатаевтың: Асығу керек, Асығу керек, Асығу керек, асығу! Алдында – биік асуың. Асығу керек жылдамдығындай сәуленің, Артыңа тастап найзағайлардың жа­сы­нын! Асығу керек, Тындыру керек барлығын! Ешкімнің күтпей жарлығын! Апармай кешке, асығу керек, асығу, Түстегі ісіңнің қалдығын! Асығу керек, Асығу керек, қалайда! Уақыт саған қарай ма?! Асығу керек. Асығып жеткен арманның Аппақ сәулесі Түссін де тұрсын самайға! – деген өлеңін оқыған қазақ «қайда асығамыз, өмір онсыз да қысқа» емес пе дер еді. Себебі «Асықпаған ар­балы қоянға жетеді», «Асыққан – шайтан­ның ісі» деп тәмсілдейтін елге асығу деген жат нәрсе сияқты көрінетін. Ал қазір нағыз асығудың заманы келді. Демек, қазіргі адамға «асықпа» дей алмайсың. Бүгінгі асығудың мә­ні бөлек, асығу – үлгеру, ойда жүрген істі тез бітіріп, демалуға уақыт табу. Бұрын адамдардың бір-бірімен тез бай­ланысуында көп қиындықтар бо­ла­тын. Ең тез байланысу құралы үй телефоны бол­са, оның да көбі ауылдық, аудан деңгейін­де шектеулі еді және кез келген адамның үйіне жеке телефон құрғызуға мүмкіндігі жоқ еді. Жұрт қалааралық байланысқа шығу үшін арнайы код теріп, оған қосымша ақы тө­лейтін немесе поштаға барып АТС-тер ар­қы­лы сөйлесетін. Ал қазір ше? Бағыда мектепте Ыбырай Алтынсариннің: Өнер-білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды; Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды, – деген өлеңін оқы­ғанда ондағы айтылғандар қиял-ға­жайып ертек сияқты сезілетін. Тіпті, оны орын­далуы мүмкін емес армандай көретін едік. Бүгінде «көзді ашып-жұмғанша» хабар алып отырғанда Ыбырайдың өлеңі есімізге де түспейді. Өйткені шынайы өмір көрінісіне айналған қиял жемісі қазір біз үшін кәдімгі күн­делікті өмірде жүріп жатқан үдеріс. Енде­ше адам бүгінде ештеңеге таңғалмайтын бол­ды, себебі қиялдан өмір шындығы озып кет­кен заман бұл... Адам, қалай десек те, жанды, саналы құ­бы­лыс. Сондықтан оған қиялдау, армандау, са­ғыну, аңсау секілді сезімдер тән. Бірақ оның бә­рі қол жеткенде тыйылады. Мәселен, са­ғыну... Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» атты ға­ламат өлеңі бар ғой. Еске түсірейікші. ...Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек, десек те, Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте. Онсыз сен, тіпті, тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға. Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға. Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай. Бұлбұлдың даусын ести алмайсың, бауларға кірсең сағынбай. Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап... Иә, өлең туған өткен ғасырда осындағы айтылған ойлардың бәрі жанымызды желпіп, жүрегімізді толқытатын. Жырдың ға­ламат күшінің әсері сондай, оны оқыған не тыңдаған адамның көзіне жас үйіретін. Әркім­нің ойында жүрген бір сағынышты қоз­датып, жүрегін елжірететін. Толған­дыра­тын, тамсандыратын, біреумен кездесуге асық­тыратын. Қазір ше? Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адам­дар­ды секундта онлайн түрде байла­ныс­тыратын құралдар тұрғанда біреуді сағы­на­мыз деп айта аламыз ба? Жылдар бойы кө­ріс­песең де, күнде телефон арқылы байла­ны­сып жүрген адамды ойда жоқта кездестіріп қал­саң баяғыдай сағына көрісіп, шұрқыра­сып кете аласың ба? Меніңше жоқ. Демек, да­­мы­ған технология адамның ізгі сезім­дері­нің өзін жеп қойып жатыр... Қоғам дамуы өзгертпеген не қалды жал­пы? Бүгінде көзіміз бен құлағымыз үйреніп кет­кен талай нәрсе туралы кезінде не ой­лайтын едік? Тәуелсіздікті енді алып жатқанда жұрт күн көру үшін жабыла ала дорба арқалап кеткен күндер қазір ұмыт болуға ай­налды. Сол кезге дейін саудагер деген ұғым тек жаман мағынасында айтылатын еді. «Сау­да мақсаты – ұту» екенін о бастан-ақ білген қазақ оның сырын білетін, бірақ пайдакүнем деген атаққа қалмауы үшін одан қашатын. Саудамен айналысатын халықтарды ұнат­пай­тын. Бірақ «дүние – кезек» дегендей ол да біздің халықтың басына келді. Халық аштан өліп, көштен қалмауы үшін саудаға бейім­дел­ді. Бұрынғы саудагер деген атақ енді іскер, ақыл­ды саналды. Сөйтіп, заманның қысымы аз уақыттың ішінде халықтың саудаға, сау­дагерге деген ұғымын өзгертіп жіберді. Ұят, обал деген ұғыммен тәрбиелеген ха­лық едік, қазір ұяттың өзінен пайда тауып, байлық жиғандар көбейді. Жаманат дегеннен қашатын едік, бүгінде оны «қара пиар» деп алып, атақ шығарудың, танымал болудың құралына айналдырдық. Тіпті, ондайды әбес санап, қарсы шыққандар «артта қалған» деген атаққа ие болады. Интернет деген шексіз ер­кіндік аузымызға келгенді айтуға, жұртты дат­тауға, қаралауға үлкен мүмкіндік берді. Бұның бәрі заманды қаралау емес, жай ғана ұғымдардың мәні ауысқаны туралы әңгіме. Ұғымды айтамыз, ақпараттық техно­ло­гиялық заманда тұтас мамандықтар жойылып кеткелі тұр. Адам істейтін бүкіл қара жұмысты роботтар атқарса, қанша адам жұмыссыз қалып, нәпәқасынан айыры­латынын бір Құдай білсін. Келіссек те, келіспесек те бұл ғасыр өз­ге­ріс­тердің, жаңалықтардың, дамудың ғасыры. Ал ол жолында кедергі қалдырмай ығыс­ты­рып барады. «Егер арманыңыздың орын­дал­майтынына көзіңіз жетіп тұрса, оны бірден тоқ­татқаныңыз жөн. Құр үмітпен күн кешу­дің қажеті жоқ» депті әйгілі қаламгер Агата Кристи. Демек, біздің бұрынғы өмірімізде бол­ған ізгілік атаулы қайтып келіп, баяғыша өмір сүру енді мүмкін емес. Өйткені өмір де­ген алға ұмтылуымен маңызды. Себебі ағыл­шынның атақты жазушысы Герберт Уэллс айтқандай, «Уақыт машинасы әрқай­сымызда бар: өткен шаққа – естелік, бола­шақ­қа – арман апарады». Ұғымдарды өзгертіп, жанымызды қа­саң­дандырып жатса да заманға ештеңе істей ал­маймыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін қазақы тәмсілдің өлмейтін мәнін жа­дымызда ұстасақ болды.

Ахмет ӨМІРЗАҚ