Ұлттың рухани тұтастығы – мемлекет дамуының кепілдігі

Ұлттың рухани тұтастығы – мемлекет дамуының кепілдігі

Ұлттың рухани тұтастығы – мемлекет дамуының кепілдігі
ашық дереккөзі

Көзқарас бірлігі, елдің рухани тұтас­тығы оның өз жолымен дамуына әсер ететін бірден бір фактор. Өйткені ұлттық болмыс дегеннің өзі ең алдымен рухани тұтас­тықтықтан туындайды. Халықты біріктіретін тіл, салт-дәстүр, мәдениет, тарих ұғымдары ұлтты өзгелерден ерек­ше­лен­діріп, сол арқылы ұлттық кодты жа­сай­ды. Әрине, қай ұлт, қай мемлекет болса да жал­пыа­дам­зат­тық дамудан шет қалмақ емес, алайда қандай тарихи үдерісте де оның өз жо­лынан ауытқымай, ұлт ре­тінде сақталып қалуына әсер ететін басты құн­дылық – ұлттық болмыс екені адамзат қоғамында әб­ден дәлелденген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі­стан­дағы Ұлттық құрыл­­тайда сөйлеген сөзінде елі­міз­дің саяси, рухани тұр­ғыда дамуына қатысты сегіз мәселенің басын ашып, «Ұлт­тық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құн­дылықтарын ор­нық­тыру үшін жүйелі жұмыс жа­салуға тиіс» еке­нін атап көрсетті. Сондықтан біз бұл орайда елі­міздің рухани, мә­дени, саяси мәселелеріне атса­лы­самын деген әр аза­мат Мемлекет басшысы айт­­қан сегіз мәселе туралы өз пікірімізді айтып, ойы­­мызды білдіруі керек. Алғашқы мәселе мемлекеттік нышан­дарды жетілдіру жайында. Ұлттық бренд мәселесі бізде әлі то­лық бір жүйеге түспей жүргені бел­­­­гілі. Яғни, кез келген орден-медальдар­дың жасалуы мен аймақтардың және қала­лардың таңбасын бірыңғай үлгіге түсіру өте маңызды нәрсе. Ол бізде әлі ретке кел­­­­тірілмей, ала-құлалықтар көрініп қа­лады. Негізінде олардың бәріне тән ортақ мазмұн мен пішін болуы тиіс. Бұл ретте Мем­лекет басшысының «Аймақтық ны­шан­дарды әзірлеу және бекіту тәртібін бар­лық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн» деген сөзі басты ұстанымға айналуы қа­жет. Сондай-ақ Президентіміздің «мем­ле­­­кеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет» деуі құптарлық іс. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсын­ұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұста­ным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жа­дында сақтау үшін қажет. Қолданыстағы кейбір ордендерді хал­қымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, «Бей­барыс Сұлтан және басқа да тарихи тұл­ғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді» деуінде үл­кен мән жатыр. Әлемнің кез келген елі­нің басты наградасы сол елдің тарихында бас­ты тұлғалардың атымен аталады. Бізде де елдің тұтастығы мен дамуына зор еңбек сіңірген азаматтарды марапаттайтын ор­ден­дердің қатарында қазақ хандығын құр­ған тұлғалардың атындағы марапаттар болса қандай жақсы? Мәселен, Кенесары хан атындағы «Азаттық» ордені, қазақ мем­лекетін сақтау жолында жанқиярлық ерлік үлгісін көрсеткен түрлі батырларымыздың аты берілген әскери орден-медальдармен Қарулы күштер қатарында қызмет етіп, жетістікке жеткен әскерилерді марапаттап жатсақ, ол тарихи жадты тірілтіп, тарихи тұлғаларымызды мадақтау тұрғысынан үлкен іс болар еді. Сол сияқты мемлекеттік сый­лықтар да қазақ тарихында орны бар тұл­ғалардың атымен аталғаны жөн. Қазір бізде ғылым саласында әл-Фараби атын­дағы, әдебиет пен өнерде Абай атындағы мемлекеттік сыйлық бар. Енді осылардың қатарында қазақ өнері үшін Құрманғазы, спорт саласы үшін Қажымұқан атындағы мем­лекеттік сыйлық белгіленсе, нұр үстіне нұр. Әр саланың үздіктері өз саласындағы үлкен тұлғалардың атындағы марапатқа қол жеткізу рухани тұрғыда үлкен қолдау бо­латыны сөзсіз. «Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға» келетін болсақ, мұнда Мем­лекет басшысы «Қазақстанның академия­лық үлгідегі жаңа тарихын жазу», «Еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме − Ар­хеология институтына барынша жағдай жа­сау», «ономастика саласын дамыту» мәсе­ле­лерін атап көрсеткен. Шынында мұның бәрі қазір мемлекет тарапынан қолға алынуы тиіс мәселелер. Жазба тарихи деректеріміз толық әрі анық болмағандықтан, бүгінгі қазақ мем­лекеті тұрған аумақтың тарихи біртұтас­тығы туралы ғылыми ортақ тұжырым қа­лып­тасып, әлемдік қауымдастық деңгейін­дегі ғылыми ортада талассыз мойындала қойған жоқ. Әлі күнге ғылыми ортада қа­зақ тарихы туралы түрлі кереғар пікір­лер­дің бой көрсетіп, қазақ тарихы туралы тұ­жырымдардың бірізге түспей келе жатуы академиялық деңгейде қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің тарихының жазылмауы­нан. Сондықтан оны дамыта отырып, еліміздің шынайы, әділетті академиялық үлгіде тарихы жазылуы зор маңызға ие. Ұлт­тың, мемлекеттің ғылыми тұрғыдағы талас тудырмайтын тарихы керек, сонда ғана әлемдік қауымдастықта қазақ халқы, Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем, бе­делі зор болмақ. Бізде белгілі дәрежеде дау-дамайға ай­налып жататын саланың бірі – оно­мастика. Әлі күнге үлкен қалаларда кеңес­тік идеология әсерімен қойылған кө­ше аттары көп. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кейбір адам­дар­дың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қай­рат­кер­лері бар. Ондай жасанды тұлға­лардың есі­мін түрлі нысандарға беруді доғару қа­жет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке кел­тірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға бай­ланысты я белгілі тұлғалардың туыс­қан­дарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақ­тардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген ойы құптарлық тұжырым. Ендеше, санада де­колонизация жүрмесе, яғни бүгінгі тәуелсіз қа­зақ мемлекетінде сол мемлекетті құруға зор еңбек сіңірген тұлғалар әспеттеліп, кө­­ше, мектеп, т.б. мәдени, саяси меке­ме­лер­ге лайықты тұлғалардың аттары берілуі дұрыс болар еді. Бұл тарихи жадты қалпы­на келтіру жолында әділетті қадам екені та­лас тудырмаса керек. Президенттің айтқан үшінші мәселесі «Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу қа­жеттілігі» жайында. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кесенеге ұлттық мәдени-та­рихи ескерткіш мәртебесін беру, ислам әлеміндегі орны бар Қожа Ахмет Ясауи ең­бектерін жан-жақты зерттеп, «Ясауи­тану» ғылыми орталығын немесе институ­тын құру; рухани құндылығы жоғары, адамзаттық асыл қазына атануға лайық мұраларымызды ЮНЕСКО тізіміне енгізу, ұлттық брендіміздің бірі ретінде көш­пен­ділер ойындарын дамыту секілді маңызды саяси, рухани мәселелер айтылған. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиім­ді пайдалану ретінде қарайды. Бұл өз ре­тінде маңызды тұжырым. Мемлекетті танытатын осындай мұра­ларды дәріптеу маңызды мә­се­ле екені талас тудырмайды. Сондықтан әлем халқына белгілі Қожа Ахмет Ясауи се­кілді ірі тұлғаны жан-жақты таныстыру ар­қылы қазақ еліндегі ислам мәдениеті қо­сылған өлшеусіз зор үлесті танытуға бо­лады. Қазақ халқының материалдық және материалдық емес мұраларын ұлттық бренд есебінде ЮНЕСКО тізіміне кіргізу өте маңызды. Әйтпесе, кей жағдайда түбі бір түркітектес халықтар мәдениетіне жа­қын кейбір мұраларымыздан айрылып қалу қаупі де жоқ емес. Ұлы даланың байырғы тұрғындарының ұрпағы болғандығымыздан көшпенділер мәдениетінің нағыз мұрагері қазақ халқы екенін шегелей түсу керек. Сондықтан да Көшпенділер ойындарын дамыту, оны әлемдік дәрежеде насихаттау да біз үшін имидждік істің бірі. Құрылтайда сөйлеген сөзінде Пре­зи­дент: «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңыз­ды мәселе» екенін баса атап өтті. Онда мемлекеттің ертеңі бүгінгі жас ұр­пақ­тың тәрбиесі мен біліміне байланысты бо­латыны айтылған. «Ұлттың жаңа бол­мы­сы білім, ғылым және мәдениет саласын да­мыту арқылы қалыптасатынын» айтқан Мемлекет басшысы бүгінгі ұрпақтың бойында патриоттық қасиетті сіңіру үшін олардың тәрбиесінің маңызды екенін, сон­дықтан оларды қатыгездікті насихат­тай­тын нәрселерден аулақ ұстау, экологиялық білім беру, іскерлікке үндеу, еріктілікке, ең­бекқорлыққа баулу, қоқыс ақпараттардан сақ­тандыру, сонымен бірге жастардың құқықтық сауатын арттыру да жайында айтты. Шынын айтқанда бүгінгі жастарға мем­лекеттік идеологияны жеткі­зе алмай жатырмыз. Мектепте білім беріл­генімен, тәрбие жағы ақсап жатқан секілді. Балаларға ата-ана, мектеп тәрбиесінен гөрі интернетте көрген-білгендері көбірек әсер етеді. Өмірді терең танып-түсінбеген жас ұрпақ танымы бекіп, талғамы қалыптаспай жатқан кезде көрген-білгенін шындық ре­тінде қабылдап, соған еліктеуі заңды. Сон­дықтан жас ұрпақтың тәрбиесін, танымын мектептің ғана мойнына артып қоймай, оны­мен күллі ұлт болып айналыспасақ, жақсы нәтижеге жете алмаймыз. Адам өміріндегі еңбек пен мәдениеттің, ғылым мен спорттың, әдебиет пен өнердің, әскерлік пен көшбасшылықтың орнының маңызды екенін, әсері мен пайдасын жас ұр­пақтың санасына біртіндеп сіңіру ар­қылы оларды жаман әдеттер мен жат идео­логиялардан сақтандыруға болады. Президент атап көрсеткен бесінші мә­селе − «Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту». Қазіргі ақпараттар тасқынында елі­міз­дің ақпарат кеңістігінде секунд сайын жа­рияланып жатқан жүздеген, мыңдаған ма­териалдардың ақ-қарасын анықтап, шын­дығын білудің өзі оңай емес. Оның ішін­де фейк (жалған) ақпараттар өріп жү­ре­ді. Бұл елді адастыратын, белгілі бір мә­се­леде нақты шындықтың қайсы екенін айы­рып алу қиын. Оған сайттарда жария­ла­нып жатқан мақалалар мен қаптаған әлеуметтік желіде шығып жататын жаз­баларды қоссаңыз ақпараттарды қорытып, ке­регін алудың өзі үлкен мәселеге айналып барады. Сондай кезде нақты ақпарат қай­нарларының, кітаптың маңызы арта береді. Бұл, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңыз­ды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл орайда «Масс-медиа – елі­мізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасын­дағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге бо­лады. Осы саладағы өзекті мәселелерді ше­шу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қа­й­та қарау қажет» деген пікірі өте маңызды. Президент бұл орайда кино мен кітап мә­селесін алдыңғы орынға қояды. Халыққа ке­рек кітаптар мен киноларды шығару және оны жүзеге асыруда нағыз кәсіби ма­мандардың ісіне сүйену керегін де ескертеді. Расында, бүгінде кітап жазғыштар мен кино шығарғыштар көп. Тек солардың пайдалысын халыққа ұсынсақ, әлеуметтік желілерде ұлттық болмысты насихаттауға белсенді болсақ оның пайдасы көп болмақ. Себебі бәрін де ұлттық идеологияны наси­хаттайтын құралға айналдыруға болады деген ойға саяды Президенттің пікірі. Бұл орай­да Мемлекет басшысының «Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқы­лы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағ­лұ­маттарға зор кү­мән­­мен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыс­тарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сы­мақ­тар бар. Бұл – құпия емес. Олардың ар­тын­да нақты қалталы адамдар, тіпті, ық­палды елдер бар. Ал жаңа қозғалыс­тың не­гізгі мақсаты – дәстүрлі құндылық­тарды дә­ріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сон­дай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақ­тау. Сондықтан біз де әлемде болып жат­қан осы жаңа үрдіске назар аударғаны­мыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпа­рат­пен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке ай­налуы әбден мүмкін» деген пікірі есіміз­ден шық­пауға тиіс маңызды сөз болса ке­рек. «Мемлекеттік саясатта талдау, сарап­та­ма жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс». Бұл Президентіміздің ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде назар аударған алтыншы мәселе. Мұнда «тұрақтылық пен тыныш­тықтың, өсіп-өркендеудің кепілі − «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­ма­сының мән-маңызы жайында айтылған. Мемлекет саясаты әрқашан қоғамның ой-пікірімен жеткілікті түрде таныса отырып, елдің пікірін есепке алу, қоғамда орны бар азаматтардың ұсыныстарымен санасу жайын­да пікір білдіреді. Бұл орайда Прези­денттің «Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұраныс­қа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жос­­пар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады» деуі мемлекеттің талдау, сараптау ісіне баса назар аударып, қоғамдағы үдерістердің қыр-сырын зерт­теуі стратегиялық маңызы бар бағдарлама­ларды қабылдау кезінде аса маңызды фактор болатынын тұжырымдайды. Расында, бұрында түрлі бағдарлама­лар­ды қабылдау кезінде халқымыз­дың өмір сүру ерекшелігі ескеріле бермей, өзге елдердегі түрлі тәжірибелерді орынсыз ен­гізулер болмай қалған жоқ. Ондай тәжі­ри­беден өтпеген елдің өмір сүру деңгейі мен табиғатына үйлеспейтін шешімдердің кері әсері болмай қалмайды. Сондықтан Мем­лекет басшысының бұл орайдағы пікірі біздің әлі де көп нәрсені ескере бермейті­німізді көрсетсе керек. «Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды да­мыту» деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтер­ген жетінші мәселесінде. Бұл туралы ол мә­селенің нақты тұстарына тоқталып бы­лай дейді: «Жер – басты байлығымыз. Туыңды ті­гер тоқымдай жерің болмаса, өз мем­ле­кетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шы­ғар­май сақтап, көркейту – біздің қа­сиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар амана­тына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс то­пыра­ғын да бермейміз. Оны көздің қара­шығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және елі­міздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетін­дегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыс­тарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді». Расында, мемлекеттік шекарадағы аймақтар – елдің экономикалық әлеуе­тінің және саясатының көрінісі. Ше­ка­радан елге өткен өзге елдің азаматтары же­рімізге аяқ басқанда халықтың тұрмысы мен өмір сүру деңгейімен таныса бастайды. Үйдің табалдырығынан аттаған әр адам­ның көзі төрге түседі. Сол сияқты елі­міздің шекаралық аудандарындағы халықтың өмір сүру деңгейі бірден көзге түсетінін ойла­сақ, ол жалпы мемлекеттің деңгейін таны­тып тұруы керек. Сондықтан ауылдар­ды дамыту – ең өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ мелекеттік тіл де Президент на­зарынан тыс қалмаған. Бұл туралы Мем­лекет басшысының мына сөздері елі­міздегі мемлекеттік тілді дамыту мәселесіндегі басты тұжырымдар мен ұстанған саясаты­мызды анық бейнелеп береді: «Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану ая­сы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға еш­бір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тіл­дің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз. Мемлекеттік тілдің жағдайын ай­тып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайда­лана­ды. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Се­бебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «сая­си себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақ­ты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тіл­дің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақ­сы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даң­ғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз. Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақ­сатты күшпен, айқай-шумен емес, ақыл­мен, парасатпен іске асыруымыз ке­рек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті». Мемлекеттік тіл – осы елдегі барлық қо­ғамдық және мемлекеттік істердің тетігі болуы тиіс. Сондықтан ел Президентінің жоғарыда айтқан сөздері мемлекеттік тілді дамыту мен оның қоғамды біріктіру жо­лындағы басты ұстанымға айналуы тиіс. Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы сегізінші мәселені «Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қа­тысты біраз сын-пікірлер бар екенін біле­мін» деп бастады. Қазір біздің қоғамда билік өкілдеріне көңіл толмаушылық бар еке­ні рас. Бұл біліктілік пен жауапкер­ші­лік­ке байланысты. Бұл жайлы өз көз­қарасын білдірген Мемлекет басшысы мәселенің түп-негізіне көз жүгірте отырып, оны шешудің жолдарын нақты көрсетіп берді. Сол үшін де Қазақстан Президентінің: «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкіл­дері­нің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруі­міз қажет. Олар туған-туыстарының ара­­сында не болмаса қоғамда абырой-бе­дел­­ге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте еш­қан­дай науқаншылдыққа, мемлекеттік қыз­метшілерді, жоғары лауазымды тұлға­ларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олар­дың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжі­рибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уа­қыт­қа байланысты мәселе. Бастысы, олар­дың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшы­сы ретінде айтарым, министрлердің, әкім­дердің және басқа да мемлекеттік қыз­мет­шілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абы­ройлы болу әлдеқайда маңызды. Бар­лық мемлекеттік қызметшілерге осыны айт­қым келеді» деуі биліктің халық пікірі­мен санасуының, олардың елдің талап-тілегіне орай қызметтерін дұрыс атқаруына берілген бағдар деуге болады. Сөзімізді тұжырымдасақ, Түркістан қа­ласында өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөйлеген сөзі мен көтерген мәселелері еліміздің саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуы мен өсіп-өркендеуіне зор әсерін тигізбек. Ол үшін, әрине, халық пен билік арасындағы бай­ланыс жаңа деңгейге көтеріліп, әрқайсысы өзіне тиесілі істі жауапкершілікпен ат­қаруы тиіс.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ