1402
Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек
Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек

Қоғамда қалыптасқан «балалар кітап оқымайды» деген таптаурын көзқарастың тігісі сетіней бастағандай. Әсіресе, ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің 7 томдық «Хәрри Поттер» шығармалар жинағының қазақ тілінде жарық көруі кішкентай оқырмандардың бар екенін, оларға қандай кітаптар қажет екенін нақтылай түсті. Бұл балалардың сұранысын осыған дейін дұрыс анықтай алмай келгенімізді көрсетті.
Қазақ балалар әдебиетіне қалам тартатындардың саны саусақпен санарлық екені аз айтылып жүрген жоқ. Балаларға арнап жазылған сол аз кітаптың өзі оқырмандарының қызығушылығын қанағаттандырмайтыны байқалатын. Өйткені ғылым мен технология сәт сайын қарыштап дамып жатқан уақытта өмір сүріп отырған бүгінгінің баласы жаңашыл. Олар оқудан гөрі тыңдағанды жақсы көреді, естігенін көз алдына әкелетін комикс кітаптарға қызығады. Сондай-ақ фэнтези, детектив жанрларындағы кітаптарды саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады. Алайда оқушылардың мұндай қызығушылығына жауап беретін әдебиеттер жоқтың қасы. Оқырман сұранысына ұсыныстың болмауы және қазақ тіліндегі заманауи көркем әдебиеттің аз болуы отандық баспаларды шетел аудармаларын басып шығаруға алып келді. Балаларға арналған аударма кітаптарды басумен айналысып жүрген «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспаларының жас оқырмандар саны артты. «Баланың тілін тапқан» баспалардағы аударманың сапасы қандай, бүгінгі оқырманға не қызық деген сауалдарды сала мамандарына қойып, пікірлерін сұраған едік.
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА,
Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі:
Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ, аудармашы:
Мәтін баланы еліктіретіндей болғаны жөн
Раиса ҚАДЫР,
Steppe&World Publishing
баспа үйінің
жетекшісі, кәсіпкер:
Аудармашылар қазақ тілін
200 пайыз білуі керек
Алмаз
МЫРЗАХМЕТ,
Мәдениет және
спорт министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті
Кітап ісі басқармасының басшысы:
Балалар әдебиеті мемлекет қамқорлығында
Нұрсұлу БАЙБОЛАТОВА,
«Фолиант»
баспасы
Қазақ балалар
әдебиеті
бөлімінің аға редакторы:
Сапалы аудармашылар аз

Корей әдебиетіне қызығушылар көп
Кітапхана оқырмандары шетелдік классиканы, заманауи прозаны жақсы оқиды. Марк Твеннің, Джек Лондонның кітаптары қолдан түспейді деуге болады. Көбіне шетел әдебиетіне қызығушылық басым екенін байқаймын. Мысалы, Хәрри Поттер сияқты фантастикалық кітаптарды, түрлі комикстарды ұнатады. Ал қазақ жазушыларының 1960-90 жылдары жарық көрген кітаптары жақсы оқылады. Тұлғаның кітап оқитын кезі – мектептегі кезеңі. Бала сабақтан бос уақытта кітап оқуға уақыт таба алады. Тек оның бойында кітап оқуға деген қызығушылықты оята білуіміз керек. Кітапханада өтетін іс-шараларға балаларын алып келіп, кітаптарды көрсетіп, «Мына баламның кітапқа қызығушылығын ашып жіберіңдерші» деп жататын ата-аналар бар. Бірақ сирек. Мен мұның себебін өмір сүрудің қиындығымен, қымбаттығымен байланыстырар едім. Өйткені біздің елде адамдардың рухани байлыққа бөлетін уақыты жоқ. Күнделікті күнкөріс қамымен жұмыс істемесе, ақша таппаса аш қалады. Кітап оқығаның үшін ешкім ақша төлемейді ғой. Менің өзім кітапханада үйіліп тұрған кітаптарға қызыға қарап, оқуға уақыт таппайтын кездерім болады. Басқа ата-аналар да дәл солай деп ойлаймын. Балалар өздері келіп отырады, ал біз оларға «Сен мынаны оқы, мынадай жаңа кітаптар бар» деп бағыт беруге тырысамыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, жастар комикстарды заманауи шетел әдебиетін ұнатады. Соңғы уақытта корей әдебиетіне деген қызығушылықты көп байқаймын. Бір өкініштісі, біз Еуропа әдебиетін қазақ тіліне көп аударамыз, шығыс елдерінен, оның ішінде корей тілінен аударылған қазақша шығармалар аз. Ал мұны айта бастайтын болсақ, көркем аударма мәселесі шыға келеді де, тым тереңдеп кетуге тура келеді. Қазір баспалар шетел әдебиетін қазақ тіліне аударумен айналысып жатыр, десек те оқырманның заманауи дүниелерге деген сұранысын толық қанағаттандырып отырмыз деп айта алмаймыз. Мен бұл жерде қазақ тіліндегі әдебиетті айтып отырмын. Балаларымыз қазір шетел әдебиетін орыс тілінде, ағылшын тілінде оқып жатыр. Балаға кітап оқыту үшін үлкендер өзі кітап оқуы керек. Өзің гаджет ұстап отырып, «Сен кітап оқы» десең кім тыңдайды? «Мен келгенше мына кітапты оқып қой, келген соң бірге отырып, талқылайық» деуге болады. Осылай кітапты талқылауды дәстүрге айналдыра отырып, бала тәрбиесіне оң ықпал етуге болады. Кітап – білім ғана емес, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру құралы. Кітапты бірге отырып талқылау арқылы балаңның өмірге деген көзқарасын, оның қандай адам болып өсіп келе жатқанын білуге болады. Әсіресе, балалардың бүгінгідей ата-ананың назарына зәру болып өсіп жатқан уақытында мұндай дәстүр ауадай қажет.

Балаларға арналған шығарма болсын, аударма болсын тілі жеңіл болуы керек. Мәтін баланы жалықтыратындай емес, еліктіретіндей болғаны жөн. Қазіргі аударма кітаптардың көбі көңілімнен шығады. «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Хайди», «Ханзада мен қайыршы», «Құпия бақ» кітаптары, Steppe&World баспасынан шыққан «Чарли және шоколад фабрикасы», «Дәни чемпион», «АДЖ», «Спорт», «Аютістек», «Сан құбыжық», «Тентек балақай» кітаптары, «Фолиант» баспасының «Пиппи Ұзыншұлық» және басқа да аударма кітаптарын балаларыма алып бердім. Олар қызыға оқыды. «Бізге тағы осындай кітаптар керек» деп сұрады. «Тентек балақайдың күнделігі» кітабын оқығанда балалар тұрмақ өзім де әбден күлгем. Балалар әдебиетін аударуда Steppe&World баспасы керемет жұмыс атқарып жатыр. Олар балаларға нағыз керек кітапты дөп басып, тауып аударады. Соған ризамын. Басқа баспалардың да еңбектері керемет. Жалпы, уақыт өткен сайын аударма сапасы да, талғамы да жақсарып келеді. Аударма саласы калькадан толық арылмады. Бірақ ол – жүре келе түзелетін нәрсе. Балалар әдебиетінің аудармасы балаларға арнап аударма тілінде жазылған шығарма сияқты болуы керек. Жақсы аудармашыларды шыңдап, қолдаса олар тамаша аударма шығару үшін барын салады. Балалар әдебиетін аударатын аудармашылардың балалар әдебиетіне қатысы болғаны, баланың тілін түсінетін балажан болғаны жақсы. Қай тілде сөйлемесін, қай елде тумасын, баланың аты – бала. Оның тілі жеңіл, ересектер секілді толғанып, ойланып кейде тіпті мыжып сөйлемейді. Ойындағысын ақтара салады, шынайы. Соның бәрін ағылшынша айтқан баланы қазақша сөйлетудің өз қиындықтары бар, дегенмен қызық жұмыс. Бала кезімде Н.Носовтың «Дымбілместің айға саяхатын» оқығанда оның аударма екенін үлкейгенше білмегенмін, аударма кітаптар балаларға сондай әсер сыйлай алса үлкен табысқа жетер едік.

– Біз Батыс әлемінің сүзгіден өткен ең үздік кітаптарын аударамыз. Әр кітап өзінше құнды. Көп ата-ана кітап тек қазақы құндылықтарды ғана насихаттауы керек деп ойлап қалады. Өз тәлім-тәрбиеміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыздан бөлек жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарымыз да бар екенін естен шығармауымыз керек. Ол – достық, әділеттілік, мейірім. Міне, осындай шетелдік кітаптарды «қазақша жазылғандай» етіп аудару – басты мақсатымыз. Яғни, бала оқыған кезде не әлем әдебиеті екенін, не аударма деп байқамай қалатындай болуға тиіс. Сондай-ақ кітаптың мазмұнымен қатар оның безендірілуіне, суреттеріне, иллюстрацияларына қатты мән береміз. Сондықтан болар, біздің шығарған кітаптарымызға сұраныс өте жоғары. Бізге АҚШ-тан, Италиядан, Еуропадан, оның ішінде Франциядан, Германиядан өте көп тапсырыс келеді. Германияда біздің өнімдерімізді сататын арнайы өкіліміз бар. Тіпті, Жапония, Бразилиядан тапсырыс түскенде әрі таңғалдық, әрі қуандық. Яғни, өз тілін ұмытпаған қазақ әлемнің қай бұрышында жүрсе де, өз ана тілінде кітап оқығысы келеді және баласына да оқытқысы келеді. Сапалы кітап шығаратынымыздан хабардар шетелдегі қазақтар тапсырысты тұрақты түрде беріп отырады. Баспамызда ұзақ жылдар бойы шетел кітаптарын сауатты аударып келе жатқан кәсіби деңгейі жоғары мықты кәсіби мамандарымыз бар. Біздің аудармашылар шет тілін 100 пайыз, қазақ тілін 200 пайыз білуі керек. Көбінде адамдар ағылшын тілін өте жақсы білгендердің қазақшасы да жақсы деп қате ойлап қалады. Біздің талабымыз – аудармашының қазақшасы ағылшыншасынан да жақсы болуы керек. Өйткені қазақ оқырманына автордың идеясын қарапайым, түсінікті тілде жеткізу оңай емес. Комикстарды аударып жүрген Абылай Сұлтан деген баламыз бар. Ол 20 жаста. Бірақ оның аудару шеберлігі керемет. Осы ретте біз жастармен де, тәжірибелі мықты аудармашылармен де жұмыс істейтінімізді айтқым келеді. Біздің тағы бір мақсатымыз – балаларға оқу мәдениетін қалыптастыру. Бұл оңай процесс емес, өйткені қазір балалардың талғамы жоғары. Олардың бар назары – планшетте. Пандемия осы жағынан балаларға өте жаман әсер етті. Оларды бір жерге отырғызып қою, кітап оқыту деген өте қиын. Дегенмен баспамыздан шыққан «Итбас» комиксымыз кітап оқудан қашатын, қызықпайтын балаларды кітапқа жақын болуды үйретті. Осындай барьерді бұзатын кітаптар шығаруды басты назарда ұстап отырмыз. Менің балаларым бастауыш сыныпта оқиды. Оларға оқуға кітап сатып алайын десем, жасына лайық кітап таппадым. Осылайша, қоғамдағы резонансты проблемаға шешім ұсынып, 1-3 сынып балаларының таным-түсінігіне, деңгейіне арналған оларды еліктіретін, шытырман оқиғаға толы «Айдаһар әміршілері» кітабын шығардық. Бұйырса, сол кітаптарға қарап жазушыларымыз өздерінің шытырман оқиғасын жазып шықса деп ойлаймын. Біздің жасап жатқан ісіміз мұхитқа тамған тамшыдай ғана. Баспагерлер өз арамызда емес, нарықтағы сатылымдағы кітаптармен бәсекелесуіміз керек. Біздің бәсекелесіміз – Ресейде басылып шыққан орыс тіліндегі кітаптар. Нарықтағы 90 пайыз кітап – Ресейде жарық көрген басылымдар. Олармен бәсекелеспесек, өз арамызда бәсекелесудің еш мәні жоқ.

Мемлекет кітап басып шығаруды «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» республикалық бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырады. Бағдарламаның әкімшісі – Мәдениет және спорт министрлігі. Аталған бюджеттік бағдарлама аясында 9 әдебиет түрі бойынша өтінімдер қабылданады. Оның ішінде өзге де маңызды әдебиет түрлерімен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет те бар. 2021 жыл Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Аталған жылы балаларға арналған 40 кітап 120 мың данамен таралды. Оның 4-еуі – әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармасы. Олар арнайы логотиппен басылып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылды. 2022 жылы бюджеттік бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 әдебиет 69 мың тиражбен жарық көрді. Ал биыл 16 кітап басылып шықты, олардың таралымы – 48 мың. Алдағы уақытта бұл кітаптар кітапханаларға таралтылмақ. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан кітаптар жас оқырмандарға барынша қолжетімді болуы үшін Ұлттық академиялық кітапхана порталына электронды нұсқалары орналастырылды. Сонымен қатар министрлік 2022 жылдан бастап отандық қаламгерлер мен баспагерлерді қолдау мақсатында тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған болатын. Ұлттық әдеби сыйлық «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны» және «Үздік балалар әдебиеті» номинациялары бойынша берілді. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Яғни, әр номинация бойынша жеңімпаз 5 млн теңге иеленді. Жоба биыл да жалғасын табады. «Айбоз» ұлттық сыйлығына еш жерде жарияланбаған 500-ге жуық шығарма түссе, соның ішінде 72 туынды «Үздік балалар әдебиеті» номинациясына тиесілі. Бұл ұлттық сыйлық аясында осыншама жаңа шығарма жазылып шыққанын білдіреді. Бұдан бөлек, биылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық жарияланды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президенттік сыйлықта «Проза», «Поэзия», «Драматургия» номинацияларымен қатар «Балалар әдебиеті» номинациясы да қарастырылған. Аталған сыйлық бұрын-соңды халықаралық және ұлттық конкурстарға қатыспаған шығармалар үшін Қазақстан Республикасының 18-35 жас аралығындағы азаматтарға табысталады. Әр номинацияның жүлде қоры – 4 млн теңге. Бұл жобалардың барлығы балалар әдебиетінің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білемін.

Балалар әдебиетіне аударылатын кітаптарды таңдау – жұмыстың ең маңызды бөлігі. Алдымен, кітаптың мазмұнына мән береміз. Көбіне қазақ балаларының психологиясына, менталитетіне сәйкес келетін кітап таңдауға тырысамыз. Екіншіден, рецензия немесе оқырман пікірлерімен танысамыз. Үшіншіден, кітап нарығындағы сатылым деңгейіне көңіл бөлеміз. Яғни, кітаптың сұранысқа ие болуы маңызды. Ең кішкентай оқырмандарға арналған кітаптарда мазмұнымен қатар иллюстрациясы да ерекше рөл ойнайды. Иллюстрация мен суреттерді баспамыздың көркемдеуші редакторы мен дизайнерлері бағалайды. Қазақстандағы шет тілінен аударылған кітаптың 60-70 пайызы «Фолиант» баспасынан шығады. 2020-2022 жыл аралығында баспамыздың балалар әдебиеті бөлімінен жалпы 196 кітап басылып шыққан. Оның басым бөлігі – аудармалар. Балаларға арналған әлемдік классиканың барлығын дерлік аударуға тырысамыз. Қазір басылымға Л.Кэроллдың «Алиса айна ішіндегі тылсым елде», Х.Веббтің әйгілі «Мейзи Хитчинс» сериясының кітаптары, М. Барфилдтің комикстері дайындалып жатыр. Әрине, аз уақытта әлем әдебиетінің барлығын аударып басып шығару мүмкін емес. Десе де, қазақстандық баспалар бұл мәселенің төңірегінде нәтижелі жұмыстар атқаруда. Бірнеше жылдың ішінде оқырман әлемдік классиканың басым көпшілігін қазақ тілінде оқи алады деген сенімдемін. Байланыс құралдары дамыған қазіргі заманда аударма кітап шығарумен айналысамын деген баспаға ешқандай да кедергі жоқ деп ойлаймын. Себебі қазір кез келген шетелдік баспамен байланысуға мүмкіндік бар. Жалғыз мәселе – сапалы аудармашылардың аздығы. Аудармашыларға қойылатын талап өте жоғары, жазушының стилін, кітаптағы берілер ойдың түп-төркінін сақтау, қазақ оқырмандарына лайықтау кез келген аудармашының қолынан келе бермейді. Сол себепті кей кітаптардың аударылуы кейінге қалып жатады. Бүгінгі балалар әдебиеті салыстырмалы түрде әлдеқайда сапалы әрі жанры бойынша жан-жақты. Бірнеше жыл бұрын тек классикаға айналған кітаптар ғана қазақ тіліне аударылса, соңғы жылдары кітап дүкендерінің сөресінен түрлі жанрдағы аудармаларды табасыз. Әр сала заман талабына сай өзгеретінін назарға алсақ, балалар әдебиеті де қалыс қалмай, жас оқырмандардың қызығушылығына қарай өзгеріп, дамып келеді. P.S.Үйде кітап қаншалықты көп болса, баланың сабақ үлгерімі соншалықты жақсы болады екен. Мұндай зерттеуді Аустралия ұлттық университеті мен АҚШ-тағы Невада университетінің ғалымдары бірлесіп жасаған. Зерттеу нәтижелері Social Science Research журналында жарияланған. Ғалымдар үйінде кітабы жоқ 16 жастағы жасөспірімдерге қарағанда кітабы көп үйде тұратындар әлдеқайда сауатты екенін, математиканы жақсы түсінетінін, интернет технологияларды жақсы меңгергенін байқаған.