Елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін – Ерлан Саиров

Елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін – Ерлан Саиров

Елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін – Ерлан Саиров
ашық дереккөзі
2010 жылы басталған елордадағы ЖЭО-3-тің құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта әкімдік құрылыс құнын тағы да арттыру мәселесін қарастыруда. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің алаңында талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жылу электр орталығын салуға алдымен 86 млрд теңге жұмсалғанын, содан кейін бұл сомма 120 млрд теңгеге дейін өскенін, ал қазір Астана қаласының әкімдігі құрылыс құнын 170 млрд теңгеге дейін арттыру мәселесін қарастырып жатқанын еске салды.
«Игерілген қаржы бар, жылу электр орталығы жоқ. Құрылыстың бас мердігері – «Центрказэнергомонтаж» АҚ. Ал құрылыстың жобасын жасап, жабдықтармен қамтамассыз етумен «ЦАТЭК» АҚ-мен үлестес компаниялар айналысып жатыр. Сарапшылар бұл компаниялардың барлығы олигарх Александр Клебановқа тиесілі деген пікір айтады. Мердігер нысанды жаздың соңына дейін аяқтауға уәде беріпті. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл мүмкін емес, өйткені олар бюджеттен қосымша қаражат сұрап отыр. Егер нысан уақытында салынбаса, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», - деді халық қалаулысы.
Ерлан Саиров ЖЭО-3-ке арналған жабдықтар құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңінде сатып алынғанын және осы уақыт аралығында ол мүлдем істен шығып, тұтынбай жатып тозығы жеткен болуы мүмкін екенін айтты.
«Аталған фактілер бойынша біздің Кеңестің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, ЖЭО-3-ті салып жатқан мердігерлер және Астана қаласының құзырлы органның жұмыстарын  жіті тексеруді талап ету керек. Егер әкімдік қызметкерлері, мердігерлер халықтың қаржысын талан-таражға салғаны анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Александр Клебановтың өзі мемлекеттің қаржысын заңсыз шетелге шығару, бюджет қаржысын жымқыру күдігі бойынша жіті тексерілуі керек!», - деп атап өтті Кеңес төрағасы.
Жақын арада партиялықтар арнайы ЖЭО-3 құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын бақылауға ниетті.