Балалар үйінде халықтың салығына өмір сүрдік, енді соны қайтаратын кез келді. «Өзім, отбасым аман болсын» деп салпаңдап жүре берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы елдің азаматы болған соң, пайдаң тиюі керек.
– Ата-анаңызды, туыстарыңызды таптыңыз ба?
– Кезінде қанша жыл іздеп, табылмаған еді. Қазір анам табылды. Өзім іздеп таппадым, ол кісінің өзі байланысқа шықты. Қазір көкейімдегі сұрақты қойып, «Неге мені тастап кеттіңіз?» десем, сот бізді ажыратқанын айтады, яғни табылмаған соң жүйелі түрде аналық құқығынан айырған.
– Әлеуметтік желідегі видеоларыңызды қарап жүрген болар...
– Блогерлікпен айналысқаныма бір жылдай болды. Анам парақшама пікір жазыпты. Шынымды айтсам, ол кісі анам ба, анам емес пе, белгісіз. Өйткені қолымызда ДНҚ сараптамасы жоқ. Екіншіден, сөйлессем, көп нәрсе өтірік... Содан кейін туыстарым да табылып жатыр. Мекенжайымды, телефон нөмірімді тауып алып, «Әкеңнің інісімін» деп жатқандар да бар. Тегіміз ұқсас. «Не істеймін, сендерге енді керек болдым ба?» деп айтамын.
– Көшеде жүріп, түрлі тағдыр иелеріне кезігіп жүрсіз. Есіңізде қалған оқиға бар ма?
– Үйі өртеніп кеткен бір кісі есімде. Біз көмектесетін болып келісіп, үйіне барған едік. Ол кісі көше сыпырады. Барсақ, үйі өртеніп кеткен. Өзінің күйеубаласы қайтыс болған екен. Қызы, оның бес баласы қолында. Бәрін өзі ғана асырап отыр. Әке-шешесі жұмысқа кеткенде өртеніп кеткен балалардың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген еді ғой. Қызы жұмыс істейін десе, соны ойлап, қорқады екен. Несін айтайын, көп қиындық көрген адамдар.
– Парақшаңызды қарасам, Балалар үйіне де жиі барып тұрады екенсіз. Қазір ата-анасыз өсіп жатқан балалардың саны көп пе?
– Иә. Жетімдер үйіне, қарттар үйіне барып тұрамыз. Өкінішке қарай, қазір тірі жетім көп. Өз баласын асырағысы келмейтіндер бар. Астанада мүгедектер үйіне де ай сайын баратынбыз. Сенесіз бе, сол жерде полковниктің де баласы жатты. Баласы мүгедек екеніне намыстанып, бізге «видеоны өшір» дейді. Жағдайы жақсы жаңағы кісінің қымбат көлікпен келіп тұрып, ақыл айтқаны бар. Ал енді Балалар үйіндегі жағдайға келсек, бұл жерде ең бастысы жағдай емес қой.
– Ата-ананың мейірімі дейсіз ғой...
– Иә. «Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі» деп айтады ғой қазақ. Бірінші мәселе тәрбиеде ғой. Ол жерден шыққан бала кім болады? Ұрлық жасай ма, түрмеге отыра ма, қоғамға керек адам бола ма? Міне, бастысы осы. Сабақты үздік оқыдым деп айта алмаймын. Университетте экономикалық бюджеттендіру мамандығы бойынша білім алдым. Бір ғана мақсатым болған: Балалар үйінен шыққандар да қоғамға пайдасын тигізе алатынын көрсету.
Құдайға шүкір, ол жерден шыққаныма он үш жыл болыпты. Тәрбиешім Жанар Төрехановаға мың алғыс. Ол кісіге қарыздармыз. Қазір де бізді дұрыс жолға бағыттаған тәрбиешіме жиі барып тұрамын. Шыққан жерімізді ұмытпауымыз керек. Тәрбиешіміз әлі сол жерде жұмыс істейді, Құдай қаласа жақында түлектер жиналып зейнетке шығарып саламыз.
Ол кісі дұрыс тәрбие бермесе, жаны ашымаса, қандай боларымызды кім білсін. Бізді білесіз, эмоцияға тез берілеміз. Балалар үйінде бір топта қырыққа жуық бала болдық. «Неге әке-шешем іздемейді?» деген агрессиямен өмір сүрдік қой. Тәрбиешіміз соның бәріне шыдап, бізді дұрыс жолға бағыттады. Сенесіз бе, 30-45 мың теңге айлыққа жұмыс істеді. «Балалар үйіне байып алайын» деп емес, «Осы жерден жақсы азаматтар шықсын» деп тәрбиеледі. Осы орайда Балалар үйінде еңбек етіп жатқан барлық тәрбиешіге алғыс айтқым келеді. Бұл оңай жұмыс емес.
– Қолыңызда мүмкіндік болса, қоғамдағы қандай дүниені өзгертер едіңіз?
– Қоғам мықты болуы керек, ауызбіршілік болса деймін. Қазір ер адамдардың жұмыс істемей жүретіні жаныма батады. Өкімет жұмыс тауып береді, соны істемей, масылдыққа үйренгендер кездеседі. Жалқаулықты қойып, жастарымызды еңбекке баулығанымыз жөн. Олар оңай келетін дүниеге қызықпауы тиіс.
Қазір балаларды қалай асырап алуға болатынын жан-жақты түсіндіретін қоғамдық кеңес ашайын деп жатырмын. Шынайы ниеті бар адамдарға тегін қызмет етуге дайынбыз. Қоғамдағы сұрақтың шешімін тапқым келеді.
Кезінде бала асырап алып, айдалаға мал бағуға немесе өзінің мүддесі үшін пайдаланатындар болды. Мені де асырап алған кісілер қой бақтырып, құлдыққа жұмсады. Бақытымызға орай, артымыздан тексеріп, қой бағып жүрген жерімізден ұстап алып, әкелді. Сөйтіп, өзім сияқты балалардың жетпіс, тоқсан пайызын қайтадан Балалар үйіне алып келген болатын.
Менің ойымша, «Аналар үйін» жабу керек. Балалар үйі, Мүгедектер үйі, Қарттар үйі, қиын балаларға арналған орталық. Тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Мұның бәрін аша берсек, бұл өмірде кім жұмыс істейді? Жұмыс істейтіндер азайып, масылдар көбейеді. «Жүз мың қашан түседі?» деп күтіп жататындар.
Балалар үйіне барғанда, «Әке-шешесі тірі ма?» деп сұрасаң, «Иә» дейді. Бұл сұмдық қой. Тағы айтайын дегенім, Балалар үйінің түлектеріне шектеу көп. Жұмысқа кірейін десең, базаны қарап, «Балалар үйінен шыққансың ба?» дейді. Әскерге алмайды, барғымыз келген еді кезінде. Осы шектеулер алынса жақсы болар еді. Балалар үйінің түлегі Мәжілісте отырса, осы мәселені көтерер еді. Жағдайды басынан өткізген адам тереңірек түсінеді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
https://www.youtube.com/watch?v=8ll7ySvZbPg&ab_channel=TrendbrendTv
Фото: Самат Бекебаевтың жеке мұрағатынан