Америкалықтар асырап алған Арман Қазақстан рәміздерін насихаттап жүр

Америкалықтар асырап алған Арман Қазақстан рәміздерін насихаттап жүр

Америкалықтар асырап алған Арман Қазақстан рәміздерін насихаттап жүр
ашық дереккөзі
Facebook желісіндегі Kazakh American Association қауымдастығының парақшасы бір-бірін іздеген бауырларды табыстыратын «Бар­мысың, бауырым?» бағдарламасынан асып түспесе кем түспейді. Онда «Қазақ­стан­дағы ата-анамды іздеймін» деп жазба қал­дырған, америкалықтар асырап алған қыз-жігіттердің жарты тәулік ішінде-ақ туған-туыстарын тауып алғанына сан мәрте куә бол­дық. 22 жастағы Теодор Уолтон (қазақша аты-жөні – Марат Оразғалиев) бізге берген сұх­батында: «18 мамыр күні жазба қал­дыр­дым. Ертесі 19 мамыр таңертең ұйқыдан тұр­­сам, ағам байланысқа шығып тұр. «Бұлай мүм­­кін бе?» деп лезде табылғанына таң­ға­лып, бастапқыда ағам екеніне сенген жоқ­пын» деп әлгі парақшаның «құдіретіне» там­санғаны әлі есімізде. Бірақ олардың өмірі ары қарай қалай өрбігенін, Қазақстанға келген, келмегенінен бейхабармыз. Осы мақсатта үш жыл бұрын әлгі парақша ар­қылы ата-анасын тауып алған, былтыр қараша айын­да Қазақстанға келіп қайтқан Арман Ақы­шев­қа хабарласқан едік. Есту қабілеті нашар болып ту­ған Арман Павлодар облысында тұратын ата-ана­сы­мен қауышып, атажұртқа табаны тигеніне ерек­ше қуанғанын айтады. Қазір Пенсильвания шта­ты­ның Льюисбург қаласында тұратын Арман Қа­зақ­станның туы мен картасы бейнеленген, жарық шам­дары бар жақтау мен сағаттар әзірлеп шығара­ды. Өзінің негізгі жұмысынан бөлек, Arman Kazakh Shop деген атпен жеке кәсібін жүргізетін Арманның әңгімесін жазып алған едік.

АСЫРАП АЛҒАН АМЕРИКАЛЫҚ АТА-АНАММЕН АРАЛАСПАЙМЫН

 width=Америкадағы аты-жөнім – Николас-Арман Бертон. Ал қазақша аты-жөнім Ақышев Арман. 1998 жылы Павлодар облысында дүниеге келгенмін. Бес жасымда мені америкалық жұп асырап алып, мұхит асырып алып кетті. Қазір 25-темін. Америкадағы өмірім тек қуанышқа толы болды деп айта алмаймын. Америкада тұрудан қорқатынмын. Бес жаста болсам да, осында алғаш келгенде қатты қорыққаным есімде. Мектепке барар жолда қорқынышты көрінетін түрме ғимаратының қасынан өткенде бойымды үрей билейтін. Жоғары сыныпқа көшкенде жатақханаға келіп, төсек астында ұйықтаған кездерім де болды. Өкініштісі сол, қазір мені асырап алған отбасыммен араласпаймын. Олар мені үй шаруасымен айналысуға мәжбүрледі. Әсіресе, менің құлағымның нашар еститінін бетіме басып айтатын. Сондықтан мүмкіндігім шектеулі болса да, ерте жасымнан оларға қолымнан бәрі келетінін дәлелдегім келді. Олар бастаған ісімнен түк шықпайды, қолымнан ештеңе келмейді деп ойлайды. Бірақ олар мықтап қателеседі. Әрі олар Қазақстандағы туыстарым туралы айтқанды ұнатпайды. Олар туралы әңгіме бастаған кезде мені тыңдағысы келмейтін. Ишарат тілін қолданғанның орнына мені күні бойы сөйлесуге мәжбүрлейтін. Шыны керек, құлағым нашар еститінін білген соң, олар мені ұната қоймады. Онда маған өз ойымды еркін білдіруге мұрсат берілмеді. Бойымды үнемі қорқыныш билегендіктен, мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, мені үйден қуып жіберді. Мұндай қиын кезде маған достарым көмектесті. Қазір отбасыммен бірге солардың үйіне тұрақтадым. Достарым маған үнемі қолдау білдіреді. Мен кішкене кезімнен биологиялық ата-анам туралы ойлаймын. Оларды ойламаған, еске алмаған күнім жоқ. Өмірім балдай тәтті болды дей алмаймын, бірақ көпшілік ойлайтындай, менің денсаулығымда кінәрат жоқ. Аяқ-қолым сау адаммын. Құлағым нашар еститін болып тусам да, әлеуетім жетерлік, мүмкіндігім мол. Бар айтарым, адамдар Қазақстаннан асырап алынған баланы қорқытпай, керісінше аялап, өз сүйіспеншілігін көрсетуге мұрша беруге тиіс. Америкалық жазушы Мира Гранттың «Қан да маңызды ғой. Бірақ толыққанды отбасы болу үшін бұл жеткіліксіз. Сіз таңдаған отбасы – сіз үшін расымен маңызы зор отбасы. Олар саған аяқтан тік тұруға көмектеседі» деген пікірі есіме түсіп отыр.

ARMAN KAZAKH SHOP ДЕГЕН АТПЕН ЖЕКЕ КӘСІП АШТЫМ

  [caption id="attachment_222083" align="alignleft" width="294"] width= ARMAN KAZAKH SHOP өнімдері[/caption] Қазір мен әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеймін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және үй мәселесіне көмектесуге атсалысамын. Одан бөлек, колледжде оқимын. Сондай-ақ Arman Kazakh Shop деген атпен жеке кәсібімді жүргіземін. Әртүрлі материалдан Қазақстан мен Американың туы, Қазақстанның картасы бейнеленген, жарық шамдары бар жақтау мен сағаттар әзірлеймін. Алдағы уақытта өзім жасап шығаратын өнімдердің қатары арта түседі. Менің бұл дүкенімнің «Жарыққа ұмтыл» деген слоганы бар. Мұның астарында мен жасаған өнімді сатып алғандар жарықты көрген сайын жаны жадырап, қуаныштан езуіне күлкі үйірілсін деген мақсат жатыр. Сосын, әлбетте, қазақ мәдениетін, рәміздерді насихаттағым келді. [caption id="attachment_222084" align="alignright" width="357"] width= ARMAN KAZAKH SHOP өнімдері[/caption] Осылайша, Қазақстанға деген өз қолдауымды білдіргім келді. Мұның бәрі – өз қиялымнан туған дүниелер. Бастапқыда бұл маған арман секілді көрінген еді. Бірте-бірте мұны мақсатқа айналдырып, түрлі өнімдерді әзірлеудемін. Айналамдағы отызға жуық танысым бұл идеямды ұнатып отыр. Дайын болған кезде бірден сатып аламыз деп уәдесін берді. Әлі де үйренерім көп. Бастаған ісімді ілгерілету үшін маған көп өнім әзірлеу керек. Әсіресе, Қазақстанмен байланысты өнімдерді көптеп әзірлегім келеді. Жалпы, маған қолдан түрлі бұйымдар жасаған ұнайды. Сүйікті ісім болған соң, мұның бәрін ерекше ыждаһатпен, асқан құлшыныспен әзірлеймін. Алдағы уақытта әлеуметтік желі арқылы жарнамалауды қолға алмақпын. Бұйырса, жақын болашақта кәсібім жемісін береді деп сенемін.

ӘКЕМДІ КӨРГЕН КЕЗДЕ ҚАТТЫ ЖЫЛАДЫМ

 width=Аида атты досым Kazakh American Association парақшасы арқылы ата-анамды, туған-туыстарымды табуға көмектесті. Ата-анаммен, бауырларыммен байланыс орнатқан соң былтыр қараша айында Қазақстанға барып қайттым. Олар Екібастұз қаласында тұрады екен. Оларды алғаш көргендегі эмоциямды өзіңіз-ақ түсініп тұрған боларсыз. Әкемді көрген кезде қатты жыладым. Ұзақ жыладым. Ол кісіні жиырма жыл бойы көрмедім. Жиырма жыл! Ұзақ жылауымның да себебі сол. Өйткені мен жиырма жыл ата-ананың жылуына, ыстық құшағына, жылы сөзіне зәру болдым. Әкем мені иіскеп, ұзақ уақыт бойы тұрып алды. Ол кісі бастысы менің денім сау, мықты болғанымды қалайтынын айтты. Үнемі қолдау білдіріп отырады. Әкеме мейірім танытып, сүйіспеншілігімді көрсетер уақыт келді. Бізге, ер адамдарға сүйіспеншілік білдіру де маңызды. Сондықтан оның қолдауына мұқтаж болып өскен менің оған деген ықыласым ерекше! Оның қолдауының арқасында мықтылық танытып, берілмеуге тырысып келемін. Менің есімімді бекерге Арман деп қоймаған ғой. Мен бұл сөз менің басты арманым – өз отбасымды табу деген мағынаны білдіреді деп түсінемін. [caption id="attachment_222085" align="alignright" width="470"] width= Әпкесімен бірге[/caption] Әдепкіде ата-анаммен, туыстарыммен байланыс орнату қиынға соқты. Себебі олар ағылшынша білмейді. Ал мен қазақ, орыс тілдерін білмеймін. Телефоныма орнатылған аударма қызметі арқылы араласуға тырыстық. Бір туысым ағылшынша біледі екен. Оның көмегімен барлығымен байланыс орнатып, жақыннан танысуға тырысып-бақтым. Оған қоса, кіші әпкемнің де мен секілді құлағы нашар естиді екен. Ол да мен секілді ым-ишарат тілінде сөйлейді. Бірақ екеуіміз қолданатын ишарат белгілері екі түрлі. Ол орыс, ал мен ағылшын тіліне негізделген жобамен үйренгенмін. Бірақ біз түрлі ишарат белгілерін қолданып, бірте-бірте бір-бірімізді түсінуге тырыстық. Қазір бір-бірімізді тез түсінетін болдық. Жалпы, ата-анамды, төрт бауырымды, одан бөлек, көп туыс-туғандарымды көргеніме сондай қуаныштымын. Айтпақшы, елде бала күнгі достарыммен де кездесіп үлгердім. Мен онда құлағы нашар еститін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта тұрғанмын. Бес жаста болсам да, көп нәрсе есімде қалып қойыпты. Әсіресе, ғимарат еш өзгермеген. Әпкем ол ғимаратты жадымда сақтап қалғанымды естігенде, аң-таң болды. Мектеп-интернатты көргенде біраз естелік ойыма оралды. Мен ол жерді бала кезімде қатты сағынатынмын. Онда сыныпта бірге оқыған достарымды кездестіріп, ерекше күй кештім. Павлодар, Екібастұздан бөлек, Нью-Йорктегідей зәулім ғимараттары бар бас қала Астанада болдым. Барлығы қатты ұнады. Әсіресе, ұлттық тағамдардың дәмі тіліңді үйіреді. Қазақша ет пен бауырсақтың дәмі ұзаққа дейін ауызымнан кетпей қойды. Жалпы, бұл сапардан ерекше әсер алдым. Қанаттанып қайттым. Енді өмірде жалғыз емес екенімді түсіндім. Америкаға қайта келгенде мойнымнан бір ауыр жүк түсіп, жеңілдеп қалғанымды сезіндім. Әрі Қазақстанда мені іздейтін жандар бар екенін, онда қайта бара алатынымды сезінудің өзі бір бақыт! [caption id="attachment_222089" align="alignnone" width="2000"] width= Мектеп-интернатта оқыған достарымен 20 жылдан соң кездесу[/caption]

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ТАҒЫ БАРАМЫН

Бұйырса, келесі жылы наурыз айында Қазақстанға отбасыма баруды жоспарлап отырмын. Осы жолы жалғыз емес, өз отбасыммен барамын. Әйелім Рут Молина – Пуэрто-Рико тумасы. Испан және ағылшын тілдерінде сөйлейді. Екеуіміз бір-бірімізді мектеп қабырғасынан бері танимыз. Бірге өстік. Бірге есейдік. Кейін ол менімен бірге жұмыс істеді. Есептеп қарасам, екеуіміздің танысқанымызға 14 жыл болыпты. Оның да құлағы нашар естиді. Екеуіміз бір-бірімізді үнемі қолдап, жігерлендіріп жүреміз. Наурыз айында ұлымыз дүниеге келді. Наурыз айында дүниеге келуінің өзі бекер емес, бізде Наурыз жаңа өмірдің бастауы дегенді білдірмей ме, қателеспесем?! Мен – бұдан былай жалғыз емеспін. Мені Қазақстандағы отбасым қолдап,  width=үнемі байланысып отыр. Мен іздегенімді таптым. Арманның арманы орындалды. Ұлым әкемді, әкесінің тарихи Отанын көрсін, ал әкем артынан еретін ұрпағын, менің отбасымды көрсін деген ниетпен саяхаттап қайтпақпын. Айтпақшы, келесі жылы барлығы мақтайтын, тау етегінде орналасқан Алматы қаласына арнайы бармақпын. Жалпы, алдағы уақытта Қазақстанды жақыннан танығым келеді. Қазір қазақ және орыс тілін үйреніп жатырмын. Бұйырса, елге барғанға дейін білім деңгейімді көтеріп алармын деп сенемін. Наурыз демекші, мен Наурыз мерекесін тойлауға барып, қазақ мәдениеті туралы көп дерекке қанық болып қайттым. Осы ретте мені әр іс-шарадан қалдырмай шақыратын белсенді әпкеміз Жұлдызай Исмаиловаға ерекше алғыс айтқым келеді. Әрі оған мені үнемі қолдап, мықты болуға жігерлендіріп, туған бауырындай қарайтыны үшін шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Америкада қазақ мәдениетін насихаттап, қазақтардың басын қосып, түрлі іс-шаралар өткізіп жүрген Жұлдыз – нағыз батыр қыз! Ол арқылы өзгелерге көмектесуді үйрендім десем болады. Бізде Америкада асырап алынған қазақ балалар жетерлік. Facebook парақшасында оларға арнап Kazakh-American Adoptee Community парақшасын құрдым. Онда жиналған комьюнити көмегімен тек Америка емес, әлемнің басқа елдерінде асырап алынған қазақтарға көмектескім келеді. Онда әркім өз тәжірибесін бөлісіп, бір-біріне көмектесіп, бір-біріне қазақ тілін үйретіп, қазақ мәдениеті мен жалпы Қазақстан туралы жаңалықтардан хабардар болып отырады.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ