Ардагерлер азайып бара жатыр...

Ардагерлер азайып бара жатыр...

Ардагерлер азайып бара жатыр...
ашық дереккөзі
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл. Отты жылдардың елесі мен қорқынышы әлі ұмытылған жоқ. Күннен-күнге соғыс ардагерлерінің саны да азайып бара жатыр. Жеңіс күні қарсаңында «Арда­гер­­лер ұйымы» республикалық қо­ғам­­дық бірлестігі төрағасының орын­­ба­сары Көпболсын Бекмаған­бетпен сұхбаттасқан болатынбыз. – Бейбіт өмірдің қорғау­шы­лары соғыс ардагерлеріне қан­дай құрмет көр­сетіп, сый жа­са­сақ та жарасады. Жа­­қында Ең­бек және халықты әлеу­­­­меттік қор­ғау министрі Тамара Дүй­­се­нова соғыс ардагерлерінің әр­қай­сына кемінде 1,5 млн теңге­ден тө­ленетінін айтты. Бұл сома әр об­лыс әкімдігінің қаржы мә­­­­­селесіне бай­ланысты өзгереді ғой? – 9 мамыр еліміздің ерекше ме­ре­келерінің бірі болып қала бермек. Өйт­кені Екінші дүниежүзілік со­ғыс­­қа қазақ даласынан 1 366 164 мың адам майданға аттанды, соның 602 928-і елге оралған жоқ. Соғыс аяқталғаннан бері 78 жыл өтті. Аз уақыт емес. Соғысқа қа­­­­тысқандардың алды 100-ден ас­ты, көпшілігі төсек тартып жатыр. Биыл жеңіс күніне 237 ардагер куә бол­мақ. Мәселен, Жамбыл облы­сын­да – 17, Түркістан облысында – 15, Қызылорда облысында – 6, Маң­ғыстау облысында 3 ардагер ға­на қалған. Сонымен қатар соғыстың жеңіс­пен аяқталуына айтулы үлес қосқан тыл ардагерлерінің саны да күн са­нап азаюда. Бүгінде арамызда жүр­ген тыл ардагерлерінің саны – 63 956. Елімізде жыл сайын 1941-1945 жыл­дардағы Екінші дүниежүзілік со­ғысқа қатысқандарға, оларға теңес­тірілгендерге және басқа да са­наттағы адамдарға біржолғы ма­териалдық көмек көрсету дәстүрге ай­налған. Биыл ҰОС-на қатысқан­дар мен мүгедектерге – 1,5 млн тең­­­­геден (Павлодар облысында 11 адам – 2 млн теңге) төленеді. Тыл ар­­дагерлеріне 30 мыңнан 120 мың теңгеге дейін біржолғы ма­териал­дық көмек беріледі. Бұл жер­де әр өңір өз жағдайына қарай ше­ше­ді. Айта кету керек, бұрынғы жыл­дары материалдық көмек 1 млн теңге кө­лемінде болатын. Мысалы биыл Қызылорда об­лысы Шиелі ауданында 100-ге келген соғыс ардагері С.Бай­манұлы­на 8 625 000 теңге тұратын авто­кө­лік сыйға берілді. Жеңіс күні мерекесі жыл сайын дәс­түрлі түрде Құран бағыштау, ес­керткіштерге гүл қою, ардагерлерді ұлық­тау, үйлеріне бару, арнайы кон­церттер ұйымдастыру сияқты шаралармен жалғасады. Сондай-ақ әйгілі батырларға ескерткіш қою, мек­тептерге аттарын беру үрдісі үзіл­ген емес. Тек елорданың өзінде Бауыр­жан Момышұлына, Рақымжан Қошқарбаевқа, Иван Панфиловқа, бір жыл бұрын Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновке ескерткіш орнатылды. Біраз көше­лерге қаһармандардың есімі берілді. Атап айтқанда, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, кезінде рес­публикалық ардагерлер ұйы­мын­да басшылықта болған Сағадат Нұр­мағанбетовке, Мақтай Сағдиев­тың есімдері елорданың жаңа кө­шелеріне берілді. ІІМ министрлігі ішкі істер ор­ган­­дарында қызмет атқарған 14 Кеңес Одағының батырына арнап, ар­найы ескерткіш-тақта орна­тыл­ды. Еліміздің батыс өңірінде 3 әуе­жай шығыстың жұлдыздары Әлия Мол­дағұлова, Мәншүк Мәметова жә­не Хиуаз Доспанованың атта­ры­мен аталады.  width=– Қан майданға Қазақ­стан­ның әр­бір 5-ші азаматы аттанды. Ал со­ғыс­қа аттанған қазақ­стан­дық жауын­­­­гердің әрбір екіншісі май­­дан дала­сын­да қаза болған. Сон­дай-ақ со­ғыс­тан қайтпай қал­­ған, жерленген же­рі белгісіз сол­даттарымыз қан­ша­ма?.. Ара­да 80 жыл өтсе де, хабарсыз кет­­­кен сарбаздардың ұрпақ­та­ры, туыс­тары әлі күнге бір ха­бар кү­тері анық. Осы орайда олар­ды іздеу жұ­мыс­тары қалай жү­ріп жатқанын сұра­ғым келіп отыр. – Кейінгі жылдары майдан да­ла­сында қаза тапқандардың атын қай­та жаңғырту, белгісіз болып кел­ген батырларымызды анықтау жұ­мыстары ауқымды жүргізіле бас­тады. Қазақстандық іздестірушілер Ресей, Украина іздестіру­ші­лерімен қоян-қолтық еңбек етіп, оң нәти­желерге қол жеткізуде. Мысалы, украиналық іздес­тіру­ші белсенді Анатолий Казанюк не­міс фашистерінің «Штатлаг-555» кон­цлагерінде қаза тапқан 60 қа­зақ­стандықтың жерленген жерін көр­сеткен. Москва тұрғыны Асыл­бек Төлешов Мәскеудегі Приб­ре­женс­кий бейітінде жатқан 35 қа­зақстандықты анықтаған. Орталық белсенділері 1 млн 273 қа­зақстандық сарбаздың аты-жөнін Мәскеудегі «Еске алу» қабырғасына орнату үшін тауып жіберді. Барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қа­ла­ларында, басқа да ірі елді ме­кен­дерде ҰОС батырларына арналған «Еске алу» қабырғалары орнатылған. Ол қабырға жаңадан анықталған со­ғыс ардагерлерінің аты-жөнімен то­лықтырылып тұрады. Осы тұрғыда еліміздің іздестіру­ші топтарының қажырлы еңбекте­рін атап өту керек. Астана қаласы­нан Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов пен Астана қаласындағы Аtanyn Amanaty, Павлодар облысындағы «Павлодаршылар» іздестіру тобы, Ақ­мола облысы Степногорск қала­сын­дағы «Ұрпақ-Поколение» іздес­тіру тобының еңбегін ерекше атауға болады. Олардың арқасында 1000-нан аса боздақтың аты-жөні мен жер­лен­ген жері анықталды. Біраз жауын­­герлер туыстарының қалауы­мен қайта жерленді немесе топы­ра­ғын туған еліне жеткізу рәсімдері өткізілді. Аtanyn Amanaty соғыс кезінде ха­­бар-ошарсыз кеткен қа­зақ­стан­дық сарбаздарды іздестірумен ай­на­­лысатын еліміздегі бірден-бір ұйым. Олар әскерге аттанып, туған же­­ріне оралмағандардың жер­лен­ген жерлерін анықтап, мұрағаттық-іздес­тіру жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, 2022 жылғы 9 нау­рыз­да Орталық кеңес және Астана қа­лалық ардагерлер кеңестерінің өкіл­дері Аtanyn Amanaty қоғамдық бір­лестігі және Қазақстандағы Ре­сей Федерациясының соғыс атта­ше­сі полковник В.Ухналевпен бірге Вол­гоград облысында және Венг­рия­да қаза болып, сонда жерленген ағайын­ды Әбіл мен Әшен Ища­нов­тар­дың жерленген жерінен топы­рақ әке­ліп, қайта жерлеу рәсімін орын­дауға атсалысты. Ұйым 2020-2021 жылдары 9 сар­­­­­­баздың қайта жерлеу рәсіміне қа­тысты, із-түзсіз жоғалған 40 сол­­­­­дат­тың жерленген ор­нын тауып, ар­найы сайт­қа орналас­тыр­ған. Іздестіру­ші­лер­­­дің ар­қа­сын­да жыл сайын май­дан алаңын­­да қа­за тап­­қан 3-4 жер­­ле­­­сіміздің жер­­лен­ген же­рі, аты-жөні анық­та­лып жа­та­ды. Мә­се­лен, осы­­ған дейін қай­­та жер­леу рә­сім­дері Маң­ғыс­тау, Ақмола, Сол­­­­түс­­тік Қа­зақ­­стан об­­лыс­та­рында ат­қа­рыл­­ды. – Соғыстан кейін ерлігі та­ныл­май қалған батырлар да болды. Олар­дың ерлігін таныту, ұрпаққа ең­бегін насихаттау жұмыстары қа­лай жүргізілу- де? – Қазақстанның мемлекет және қо­ғам қайраткері, «Ардагерлер ұйы­мы» РҚБ төрағасы Бақтықожа Ізмұ­хам­бетовтің басшылығымен 3 адам­нан тұратын топ Жеңістің 75 жыл­дығына орай «Қазақстандықтар соғыс батырлары» деген атпен 51 кі­тап шығарған. Ол кітаптарда ер­ліктері нақты құжаттармен дә­лел­денген, бұрын белгісіз болып келген қа­зақстандықтар туралы мәлі­мет­тер көрсетілді. Жеңістің 80 жыл­ды­ғына қарай бұл жұмыс жалғасын тауып 100 кітапқа жетуі мүмкін. Тарих ғылымының докторы, Ұлы­тау облысының әкімі Берік Әб­ді­ғалидың «Ұмытылған қаһар­ман­дар» кітабын да атап өткен жөн бо­лар. Онда жанкешті ерлік жасап, «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсы­нылып, бірақ ол атақты алмаған 133 жерлесіміз туралы нақты дерек берілген. Тек 80 жыл өткеннен кейін әділ­дік орнап, Президент Қ.Тоқаевтың Жар­лығымен 2022 жылы 6 мамырда А.Несмеяновқа, Ә.Әбдібековке және И.Сүлейменовке «Халық Қаһар­ма­ны» атағы берілді. Оның алдыңғысы 3 рет, кейінгі екеуі 2 реттен кезінде жо­ғарғы атаққа ұсынылған екен. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ