Бұл туралы Маңғыстау облыстық Спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz. Грузияның Гори қаласында дзюдодан Еуропа кубогы өтті. Жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогына барлығы 16 елден 300-ден астам спортшы қатысқан.
«Қазақстан жасөспірімдер құрама командасында өнер көрсеткен маңғыстаулық екі спортшы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Гүлдана Теңелбаева +70 салмақта дәрежесінде бақ сынап, күміс жүлдегер атанды. Гүлдана 1 және 2-кездесуінде грузин спортшыларын жеңіп, ал 3-кездесуінде қазақстандық спортшыны жеңіп, финалға шықты. Ақтық кездесуінде қырғыз спортшысына есе жіберді», - делінген баспасөз мәліметінде.Сондай-ақ, 60 келіде белдескен Қанат Нұргелді Еуропа кубогының қола жүлдегері атанды. Қанаттың жеке бапкері Нұрлыбай Серғазиевтің айтуынша, спортшы 1-кездесуде армяндық спортшыны жеңіп, 2-кездесуде Грузия елінің спортшысына есе жіберді. Одан қанағаттандыру белдесулерінде израильдік және грузиндік спортшыларды жеңді. Ал 3-орынға белдескенде Грекия елінің спортшысын ұтып, қола жүлдегер атанған. Аталған жарыс 29-30 сәуір аралығында өтті.