Бірде көрнекті жазушы Молдахмет Қаназ ағама сәлем бере барып, әңгімелесіп отырғанымызда ол кісіге біреу телефон соғып бірталай уақыт әңгімелесті, содан соң маған Молдекең телефонды беріп, «Қайырбай ғой, сенімен сөйлескісі келеді» деді. Мен бұрын еш кездеспеген кісіге менің не керегім болды деп таңырқаған күйде телефонды құлағыма тұттым. «Айналайын, Ахметжан хал-жағдайың жақсы ма» деп салған жерден бұрыннан таныс кісідей жағымды даусымен амандық-саулық сұрап, емен-жарқын сөз бастаған Қайырбай ағамен сөйтіп ойда жоқта таныс болып қалдық. Ол кісі менің жақында бір сайттан Жанқожа батыр туралы өлеңімді оқығанын, содан бері іздеп жүргенін айтты. Өлең өзіне ұнағанын айтып, ризалығын білдірді. «Ай, бір көкіректің шерін шығарған екенсің, төгіліп тұр» дейді. Мен, әрине, енді ғана таныс-біліс болып жатқан ағадан мұндай сөзді естігеніме бір жағынан қуансам, бір жағынан ыңғайсызданып «рақмет, аға» дей беремін аузыма басқа сөз түспей. Кейіннен сұрастырып білсем, ол кісі жай суретші емес, сәулет өнерін де меңгерген, Қазалыдағы Жанқожа батыр кесенесінің авторы екен.
Құдай кейде бір адамның бойына бірнеше өнерді қабат бере береді ғой, бұл кісі ғажап суретші, тамаша ақын және музыкант. Гитараға қосылып лирикалық әндерді сызылта шырқайды, домбырамен Сыр бойының гөй-гөйін айтады, термені төгілтеді, тіпті, оның орындауында біраз термелер Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы және жасынан Сыр сүлейлерінің ғажап жырларын санасына сіңіріп өскен Қайырбай Зәкірұлының екі рет басылып шыққан «Шалқасынан туған ай» атты керемет жыр кітабы оның сыры бөлек ақын екеніне дәлел.
Қайрекең теміржолшы отбасынан шыққан. Арал маңында тұрған оның отбасын Ақтөбенің Шалқарында тұратын ағайындары көшіріп әкеткен. Алайда ол жақта ата-анасы үш ұлы бірінен кейін бірі шетінеп кеткен соң көңілдеріне «құтсыз қоныс болды-ау» деп ой келіп, Арал маңына қайта көшіп барған соң, туған ұлға ырым қылып – ел аралап жүретін ақкөңіл дуана кісінің атын берген көрінеді. Жұртына жаратқаннан жақсылықтан басқа сұрамайтын сол кісінің есімі құт болып дарып, ата-ананың ырымы қырын кетпей бір әулетке өмір болып жалғанған Қайырбай – бүгінде әлемнің біраз елі таныған зергер суретші, халқы таныған ақын.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, теміржолшы баласының көретіні – қос рельспен жүйткіген пойыз. Алып составтарды ыңырана тартып, ара-тұра ышқынып ішін тартып «гууук» деп қойып зуылдап өтетін пойыздарға ерекше қызығатын жас бала соның суретін сала беретін. О кезде ауылдық жерде түрлі түсті бояу қайдан табыла қойсын, оның жалғыз қаруы қара қалам еді.
Жансыз техниканы бейнелеуден жанды табиғатқа көшіп, біртіндеп қаламы ұштала бастаған баланың талабын әкесі қолдады. «Ата балаға сыншы», өз қанынан жаралған баланың қабілетін танымаса әке бола ма? «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу». Солайша, сонау Арал жағасында бүршік жарған бала көңілдің арманы оны суретшілердің оқуына – Алматыға жетелеп келді. Алдымен Н.Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін, соңынан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) факультетін бітіріп жоғары білімге ие болған Қайырбай Зәкірұлының суретшілік өнердегі жолы басталды. Амандос Ақанаев, Фатима Тарази, Бәтима Зәуірбекова, Дәркембай Шоқпаров белгілі өнер қайраткерлерімен бірге оқып, үлкен өнер иесі болуды армандаған Сыр перзентінің салған суреттері біртіндеп кәсіби ортада бағасын ала бастады.
1968 жылдан бастап картиналарымен үлкен көрмелерге қатысқан ол, 1974 жылдан бастап кәсіби өнерге шындап бет бұрды. Өнеріне Ресейдің атақты суретші-графикшісі Николай Эстис бағыт берген жас суретші шабыттана жұмыс істеді. Сол шақта Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жас суретшілердің көрмесі өтіп, оған «Қызылқұм туралы өлеңдер» атты серияларын қойды. Ол алты-жеті шағын еңбектен құралған топтама болатын. Бір күні газеттен осы жұмысының жақсы бағаланып, БЛКЖО-ның грамотасын иеленген 5-6 адамның қатарында өзінің де бар екенін оқиды. Ол кезде бұлай кәсіби ортаның назары ауу үлкен мәртебе. Осыдан бастап ол өзінің суретші ретінде өнерде орны бар екенін сезіп қанаттанып, бұдан былай өмірін осы салаға арнау керегін ұқты. Әрі қарай құлшына еңбектенген қылқалам шеберінің маңдайдан төккен тері босқа кетпеді, сол кездегі республикалық жастар одағы – Қазақстан БЛКЖО Орталық комитетінің мақтау қағазымен, кейін КСРО Суретшілер дипломымен, сыйлығымен марапатталып, мәртебесі көтеріле түсті. Бұл айтуға оңай болғанмен жылдар бойғы ізденістердің лайықты бағасын алуы еді. «Біздің кезімізде Қазақстандағы жас суретшілерді аға буын жаңа бағытқа икемдеп, әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Салихитдин Айтбаев, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Кисамединов, Әділ Рахманов деген суретшілердің есімі тарихта алтын әріппен қалды. Осы кісілердің қасында жүргеніміздің өзі үлкен мәртебе еді. Сурет салып жатқанда қасында тұрып, үйренгеніміз көп болды» дейді сол жылдарды еске алғанда Қайрекең.

Жетпіс үш жыл өзі туған мекенінен табан аудармай, үлкен өнер орталықтарынан алыстау саналатын Қызылорда қаласында тұрып еңбектенген Қайырбай Зәкірұлы қанатты талантқа алыс-жақын деген өлшемдердің айырмасы болмайтынына сендірген тұлға. Кейбіреулер тоқтап-тоқырағанын өнерді паш ететін дулы ортадан жырақтау жүргенінен іздеп тағдырына нала білдірсе, Қайрекең өнер адамы өз өлкесінің тарихына бойлап, сырына қаныға түсу үшін сол жерде өмір сүріп бәрін көзбен көріп, санаға ұзақ сіңіру керек дейді. Содан болар, ол өзінің кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Сыр бойының тарихын, мәдениетін, аңыз-әпсаналарын, тарихи ескерткіштерін барынша терең зерттеді, содан ой түйді, шабыт алды. Соның жарқын көрінісінің бірі – ұзақ жылдардан бері өзі салып келе жатқан «Оғызнама» картиналар сериясы.
2013 жылы Түркияда ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған халықаралық симпозиумға қазақ елі атынан Қайырбай да барған еді. Оған түркітектес елдердің бәрінің суретшілері қатысты. Симпозиумда суретшілер арасында бәйгі жарияланып, түбі бір жұрттан шыққан қылқалам шеберлері өнер жарыстырды. Түрік елінде бірнеше күн тұрып сурет салған олардың жұмыстары арнаулы қазылар алқасына тапсырылды. Оған Қайырбай сол жерде салған «Қорқыт», «Бегім ана», «Балқы базар» атты картиналарын қосты. Бұл өнер жарысының нәтижесі 2014 жылдың 7-қарашасында белгілі болып, 21 қараша күні Татарстанның астанасы Қазан қаласында өткен ТҮРКСОЙ ұйымының қорытынды конференциясында бас жүлдені Қайырбай Зәкірұлына табыстады. Осылайша, түркі атаулының ту тіккен жері – Ұлы дала перзенті, Қорқыт жайлы әпсаналарды жас кезінен естіп, санасына тоқып өскен Қайырбайдың мерейі үстем болды. Ал арада бір жыл өткенде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастырған конкурс-көрмеде «Оғызнама» – «Корқыт баба», «Кенесары хан мен Жанқожа батыр», «Қарабура әулие» атты графикалық туындылардың авторы Қайырбай Зәкіровке Ә.Қастеев атындағы алтын медаль берілді. Даңқты бабалар жайлы бала күнде естіген аңыз әңгімелердің ойға тоқылған әсерлері суретшіні осылай биікке көтерді.
Картиналары АҚШ, Франция, Португалия, Қытай, Жапония, Марокко, Йемен секілді шет мемлекеттердің өнер мұражайларына, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің қорында және Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында қойылған және шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақтаулы. Шығармашылық жолын графикадан бастап, ұлттың өткені мен бүгінінен сыр шертетін әуені жұмбақ, сыры тылсым 150-ден астам картиналар сериясын жасаған Қайырбайдың қазақ дизайн өнерінде де өз орны бар.
Кеңес одағы дәуірінде КСРО Суретшілер одағы жанынан экспериментал дизайн орталығы ашылғанда, оған белгілі архитекторлар, философтар, суретшілер қатыстырылып, батыстық «заттар дизайнына» альтернатив ретінде айнала ортаның дизайнын жасауға талпыныс басталған-ды. Аталған экспериментал орталыққа бес жыл бойы, жылына тұрақты түрде екі-үш айдай қатысып тұрған Қайырбай, ол жерден архитектуралық дизайн бағытын игеріп шықты. Сөйтіп, қазақ еліне дизайн өнерін әкелушілердің алдыңғы қатарында көрінді.
Жалпы, қазақ табиғатпен етене халық қой. Өзі өмір сүретін ортамен жан-дүниесі астасып кеткен халықта көнелік бар. Көнелік – көнеру емес, байырғылық – бүгінге жат дегенді білдірмейді. Ол – тереңдіктің, нәрді бергіден емес, арғыдан ала білетін дегдарлықтың, түп-негізін ұмытпаған бекзаттықтың, жаратылыстың өзіндей шексіздік құнарынан еркін сусындаған парасаттылықтың белгісі болса керек. Қайырбай Зәкірұлынан да мен сондай көнелікті көремін. Ол оның бояу әлемінен анық байқалады.
Бір сәт өткенге ойша көз тастап көрейікші. Бүгінгідей кез келген түсті әп-сәтте жасауға мүмкіндік беретін түрлі бояу жасаудың технологиясы жоқ кезде ата-бабаларымыз қайтті? Олар оны, әрине, табиғаттан алды. Мәселен, киіз үйдің сүйегін – шаңырақ пен уықты, керегені, сол сияқты домбыраны немесе алаша тоқитын жіптерді немен бояды? Оған күні кешеге дейін жосаны пайдаланатын. Жоса – ақшыл-қызғылт немесе қызғылт-сарғыш түсті бояу түрі. Үлкендердің айтуынша, оны қазақтар өсімдіктің жапырақтары мен тамырларын жинап кептіріп, суға езіп еріту арқылы жасаған. Бояудың бұл табиғи түрі кей жағдайда қыштың, саз топырақтың түріне ұқсайды. Сулы сұйық жоса бояуы кепкен ағашқа, мақта жіпке жақсы сіңеді де, өшпей ұзақ сақталады. Бояулар философиясы тұрғысынан қарасақ, жоса түрі көнелікті, көзден кетсе көңілден кетпейтін жайларды елестетіп тұратын сияқты. Астарында өткенге сағыныш, жанға жақын тарихтың елесі жатады. Міне, осы бояуды өзі кіндік кескен мекеннің тарихына қатысты туындыларына Қайырбай Зәкіров жиі пайдаланады. Оның «Оғызнама» сериясындағы және өзге де тақырыптардағы картиналарында бұл түс өте сәтті қолданылғаны көзге түседі. Шын мәнінде, жоса түсі көне Мысыр ескерткіштерінде де анық көрініп тұрған жоқ па, ал мысырлықтар мәдениетінің адамзат тарихындағы ең көнелер қатарында аталатыны белгілі. Оның қазақ даласының ескерткіштерінде де елес беруі де жайдан-жай болмаса керек. Адамзат баласының ұлы бесіктерінің бірі Ұлы дала да көне мәдениеттер отаны. Ғажайып петроглифтер, сына жазуы, т.б. мәдени құндылықтар соның дәлелі.
Көнелік демекші, кәдімгі қара қарға ұзақ өмір сүретін құстардың бірі. Ол өзге құстардай күн суытқанда туған жерін тастап, жылы жер іздеп кетпейді. Қарқ-қарқ етіп қойып, табылған жеміне қанағат етіп, ұшып-қонып жүре береді. Осы қарға туралы, оның түсі жайлы Қайырбайдың өз пікірі бар. «Мен қарғаны жақсы көремін, – дейді ол. – Қазақ баласына мейірленгенде «қарғаам» дейді. Ал ол аппақ қардың үстінде жорғалап жүргенде қалай көрінеді? Оның ақ-қара, күлгін түсі жанып, ерекше көрініп тұрады». Бұдан түстерді қадірлеудің, көнелікті құрметтеудің лебі есіп тұрған жоқ па?!
Қазақ ерекше мән беретін қадір-құрмет деген ұғымның түкпірінде айнала – қоршаған ортаға деген парасатты сезімнің дәні бар. Ол артық әрекет жасаудан сақтандырып, жаңаны жасау үшін ескіні қиратуға бастамайды. Ал бүгінде ше? Ештеңенің обал-сауабын ойламай, болашақта келер зауалды қаперімізге ала бермейміз. Мысалы, қарапайым қағазды жасау үшін ағаштарды қырқып, өкпемізге кіріп, өмірімізді ұзартар оттегіні сыйлайтын жасыл әлемді қысқартамыз. Ал бұрын қандай еді? Өзіне керегін жасауға неше түрлі материал іздеп аласұрмай-ақ қолда барының өзін кәдеге асырып, содан тамаша заттар жасай алатын далалықтардың даналығы табиғатты барынша таза күйінде сақтауға үндейтін экология философиясына негіз боларлық бірден-бір рухани тұғыр дер едім. Мәселен, ертеде адамдар қағаз жасау үшін ағашты кеспей-ақ, оған өзге табиғи заттарды пайдалану арқылы қол жеткізген. Кореяда ерте кезде күріштен қағаз жасаған көрінеді. Ұлттық кітапханаға бір барғанымда ертеде жасалған корейлердің тарихы, этнографиясы баяндалған энциклопедия іспеттес кітап көрдім. Көлемі әжептәуір болғанымен, салмағы жеп-жеңіл. Кеңестік кезде Қиыр Шығыстан елімізге корейлер күштеп қоныс аударып, оларды Қызылордаға алып бара жатқан пойыздың машинисіне бір кәріс шалы жоғалтпай сақтауын өтініп табыс еткен. Қазір тек біздің елде ғана сақталған баға жетпес ол кітаптардың парақтары күні кеше ғана жасалғандай көрінеді. Жұп-жұмсақ, жып-жылтыр.

Мұны мен неге айтып отырмын? Сыр бойының суретшілерінде де күрішке сурет салу дейтін ерекше бір өнер бар. Кеңестік кезеңде осы күрішке салынған портреттер танымал еді. Оны қызылордалықтар жасағанын бәрі білетін. Күрішке сурет салғанда, ешкім шашылып жатқан күріштің үстіне салмайды, әрине. ДВП немесе ДСП материалына желім жағып, бетіне күрішті сеуіп, жабыстырады. Оны кептіріп алған соң, материалға қайтадан сұйық желімді жағып, күрішті ісіндіреді. Содан кейін ісінген күріштің бетін қамыр жаятын оқтаумен тегістеп, екі-үш күн асықпай кептіреді. Желімделген күріш қатқаннан кейін ғана сулы бояу – акварельмен, сирек жағдайда майлы бояумен сурет салады. Ізденуден талмайтын біздің кейіпкеріміз де осы күрішке сурет салудың бір шебері. Бірақ осы материалды дайындаудың өзінде әркімнің өз тәсілі бар көрінеді. Қайырбай аға да оны өзінше дайындайды. Суретші бұл материалдың технологиясын өзінше дамытқан, сөйтіп өзі жасаған бұжыр-бұжыр материалға сурет салғанда бояуды күріш сорып алады екен де, суретте ақ таңдақтар пайда болып, ерекше көрініс шығады. Кейін мұны өз бетінше дамытқан. Яғни, қағазға акварельмен еркін композициялар жасағанда, әлгі ақ таңдақтарды қолындағы бояу щеткасымен түртіп-түртіп отырып өзі салады екен. Міне, сурет салуға табиғи материалдарды пайдалану негізінде туған ерекше бағыт, түкпірінде табиғилық жатқан ежелгі мәдениетті шығармашылықпен дамыту. Суретшінің Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайындағы «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесі де осы стильдегі акварель парақтарынан құралған болатын.
Өнер атаулының тегі бір болғанымен болмысы бөлек-бөлек дүние. Поэзияны музыканттар, музыканы суретшілер түсіндіре алмайды. Қайырбай ағамның айтуынша, тіпті суретшілердің өздері де бір-бірінің салған картиналарын түсіндіріп бермек түгілі, түсіне де бермейді екен. Дегенмен бәрібір ақынның күй туралы, күйшінің сурет туралы өз көзқарасы болады. Біз де кейіпкеріміздің шығармашылығы туралы өз көзқарасымызды білдіріп, өзіміздің түйсігімізге түскенін баяндадық.
Сөзіміздің басында Қайырбай Зәкірұлының өлең жазатынын, жыр кітабы жарық көргенін айтып кеттік. Сол «Шалқасынан туған ай» деген кітаптың алғашқы өлеңі мынадай:
Құс жолына шомылып,
Жатсам кімнен кем едім.
Мүмкіндікті соң ұғып
Ләм-лим демедім.
Нұсқап биік деңгейді
Әрлі-берлі сызды күн.
Қаперіне келмейді
Менің дәрменсіздігім.
Бұл – жай айта салған сөз емес, өзіне-өзі қатал талаппен қарайтын мазасыз жанның жүрек дүрсілі. Ол – наннан арды биік қоятын нағыз шығармашылық адамының бәріне ортақ ізгі қасиет. Өмірін өнер жолына арнаған әрбір таланттың өзіне көңілі толмауы осалдығын амалсыз мойындаған дәрменсіздік емес, бәлкім бір шыңға шықса, арғы жағында көріне беретін тағы бір шыңға қарай үздіксіз талпына беретін жанкешті тірлік екенін сезуі, сезіндіруі. Сондықтан бұл орайда Қайырбай ақынның:
Aлдымда жоқ іздеп келем,
Aртымда –
Кешірімді елім.
Өмірде қанағат –
Өлең,
Өнерде қанағат –
Өлім. – деген жан лебізін терең түсінеміз, жүрекпен ұғамыз. Ұққан соң да онымен бірге тебіренеміз, толғанамыз.
Сұлу өнер туындысын көргенде «нағыз поэзия екен» деп қаламыз ғой. Оның да жаны бар. Мәселен, мен үшін поэзия сөзбен салынған сурет болса, сурет – үндемей-ақ үлкен дүниені ұқтыратын поэзия. Тек сыр шерту тәсілі басқа.
Қайырбай ағаның суреттері неге жанға жағымды? Неге оның «Оғызнама» сериясы жүрекке жылу сыйлап, өзің көрмеген, бірақ жан-тәніңмен сезінетін тылсым бір әлемге сүйрей жөнеледі? Өйткені одан тарих тылсымын, бағзы замандардағы бабаларыңмен табыстыратын бір құдіретті танисың. Ол таным сенің жер бетіндегі көне халықтың ұрпағы екеніңді, рухани тамырыңның тереңдерден нәр алғанын ұқтырып, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялатады. Және ол – ақиқи мақтаныш, шынайы сезім. Ендеше осындай қылқаламынан өмір туып жататын талант құдіреті қалайша сүйсіндірмей тұра алады?
...Қайрекеңнің бағзыдан сыр тартатын туындыларына қарап, ойға шомған бір сәтімде қойындәптеріме мынадай жыр жолдары түсіп қалған екен:
Өнер сыры ұшталғанға ұғылмақ,
Ендеше оған қайтеміз сөз шығындап?
Жарқылдайды суреттерде семсерлер,
Қайрекеңнің қайрауында лыпылдап.
...Бұ жалғанда жанға енетін жарық көп,
Бірақ оны ұға алмаспыз қарқ боп...
Сырдың ұлын толғантады тылсымдар,
Қаламынан тамған сия тарих боп!
Иә, қаламынан тарих тамған суретшінің тағдыры өнер әлеміне ғана байланған. Ал ол тағдыр қазақ деген халықтың абыройын асырып, беделін өсіріп, мәртебесін биіктететініне күмәнсіз сенеміз.
Ахмет ӨМІРЗАҚ