СІМ Түркияда оқ тиген қазақстандыққа қатысты мән-жайды түсіндірді

СІМ Түркияда оқ тиген қазақстандыққа қатысты мән-жайды түсіндірді

СІМ Түркияда оқ тиген қазақстандыққа қатысты мән-жайды түсіндірді
ашық дереккөзі
 Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ыстамбұлда атыс кезінде жарақат алған қазақстандықтың жағдайына қатысты мән-жайды түсіндірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Кеше біраз бұқаралық ақпарат құралдарында Ыстамбұл қаласында қазақ жігітіне оқ тиді деген ақпарат тарады. Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қысқаша түсініктеме берді. Алайда, әлеуметтік желіде жарақат алған жігіттің жұбайының «Оқты денеден алу отасы ақылы қызмет, сондықтан біз бас тарттық, өйткені ақша басқа мақсатқа қажет» деген сөзі талқыға түсіп жатыр екен. Осы жерде бұл жанұяның жағдайын түсіндіре кетейін. Жарақат алған жігіттің аты - Бегалы, жасы 32-де, өзім бағана тікелей хабарласып сөйлестім. Біраз әңгіме айттық, көшеде болған атыс туралы сұрадым, сонда ол ұялып маған айтқаны мынау болды: «Менің жағдайым жақсы, отаны жасап, дәрігерлер оқты денемнен алды. Бүгін-ертең ауруханадан шығамын, бұл жерде жата беретін уақытым жоқ, өйткені кішкентай қызымызды емдеуге алып келгенбіз». Ыстамбұлда жарақат алған жерлесіміздің тек қызын ойлап отырғаны байқалды, дауысы және көңіл-күйі көтеріңкі екен, екі сөзінің бірі - қызым-қызым дейді. Аман-сау қалғанына қуанып отыр, сондай жарқын жомарт жігіт екен» деп жазды Айбек Смадияров Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, Ыстамбұлдағы дипломаттарымыздың көмегімен ота тегін жасалып, қолдан келген басқа да көмек көрсетіліп жатыр.
«Енді Бегалы бауырымыздың Айым атты кішкентай бүлдіршіні туралы айта кетейін. Түркияда қараша айынан бері рак ауруын емдеп, химиотерапия өтіп жатыр, арнайы ота жасау қажет. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, рак ауруын емдеу үшін қомақты қаражат талап етеді. Бегалы қызының еміне кішігірім сома жинап қойыпты, соны өзіне қимай, Айымның отасына жұмсаймын деді. Қанша қаражат қажет деп сұрадым, қысылып айтпай қойды. «Көмек түсіп жатыр, жақсы адамдар бар, уайымдамаңыз, мен аяғыма тұрсам бәрін өзім шешемін» деп ер жігіттің сөзін айтып отыр. Қызын сондай қатты жақсы көретіні сөзінен де, көңілінен де көрініп тұр, оқ тиіп жарақат алған адамға мүлдем ұқсамайды. Әкенің қызына деген махаббаты қандай керемет, иә?» - дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Ыстамбұлда атыс болып, Қазақстан азаматы жарақат алғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Қазақстандықтар аталған отбасына мына реквизиттер арқылы көмектесе алады: Бүлдіршіннің анасының Kaspi карта нөмірі: 4400 4301 4965 7279 Raiymbayeva Asiya Мына телефон нөміріне жалғанған: +77474583420 Толық ақпарат Бегалы мен отбасының Instagram парақшасында жарияланған.