Абдул Керім Фати: Орысша сөйлегендерге қазақша жауап беремін

Абдул Керім Фати: Орысша сөйлегендерге қазақша жауап беремін

Абдул Керім Фати: Орысша сөйлегендерге қазақша жауап беремін
ашық дереккөзі
Екі апта бұрын Астанадағы сауда орталықтарының бірінде қазақ­шаға судай африкалықпен кездейсоқ кездесіп қалған жергілікті тұрғынның видеосы кең тараған еді. Астанаға тоғыз жыл бұрын қоныс аударған Абдул Керім Абдул Фати Адешин әлгі видеода қазақ тілін өздігінен үйренгенін айтады. Қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде ән айтатын Абдул Керімге хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

Қыста Астанадан Алматы немесе Шымкентке кетіп қаламын

Мен 2014 жылы Нигерияның Лагос қа­ласынан Астанаға көшіп келдім. Астанаға осы қалада ағылшын тілін үйрететін немере ағам шақырған болатын. Бір-екі айдай ағылшын тілінен сабақ бердім, артынша му­зы­каға бет бұруды жөн көрдім. Себебі мен Аф­­­рикада музыка жазып, ән шығарумен ай­налысатынмын. Қазір Астана қаласында жеке шы­ғармашылықпен айналысамын. Неге «Ас­тананы таңдадыңыз?» дегіңіз келсе, бұл – мен тұрақтаған бірінші қала. Сонысымен маған ыстық. Әлбетте, алғашында әлемдегі ең ыстық құрлықтан келген мен Астанадағы қыс мез­гілінің қалай өтетінін көрген кезде аң-таң бол­ғаным рас. Астананың қысы өте суық.  width=Бірақ мен қыс келген кезде кейде Алматы не­месе Шымкент қалаларына барып уақытша тұрақтаймын. Бәрі менің қазақшаны қалай үйрен­ге­ні­ме аң-таң болады. Бар болғаны, дос­тарыммен, айналаммен қазақша сөйлесуге ты­рыстым. Қазақша кітаптар оқыдым. Еш­қан­дай курсқа бармадым. Өз бетіммен үйрен­дім. «Қазақ тілін үйрену қиын» дегенді жиі ес­ти­мін. Мен сізге мынаны айтайын: Әлемде қиын тіл жоқ. Мен қазақ тілін қоса есепте­ген­де сегіз тіл білемін. Бәрін оңай үйрендім. Ме­нің үйрену әдісім қарапайым: Естимін. Сұ­рай­мын. Қайталаймын. Үйреніп аламын. Мен қазақша дұрыс сөйлей білмесем де, сөй­лей беремін. Кейбірі «Әй сен шала сөй­лейсің. Сөйлемді дұрыс құрмайсың» деп орта жолдан тоқ­татқысы келсе де, сөйлей беремін. Ұялмай­мын. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да сөй­лей беремін. Өзге тілде сөйлесем де, арасына қа­зақша сөздер «қосып» жіберемін. Мені үне­мі қолдап жүретін достарымды ерекше жақ­сы көремін. Қатты сыйлаймын. Әдепкіде олар өзара қазақша сөйлегенде «Мыналар не ай­тып жатыр екен?» деп беттеріне қарап оты­ратынмын. Не жайында әңгімелесіп жат­қа­нын білгім келеді. Кейбірі «Әбеке, сен қазақша жай сөйлейсің. Тұра тұр» десе де, «Бауырым, жай сөйлесем де, тыңдайын. Сосын үйреніп ке­темін» деп олармен қазақша сөйлесуге ты­ры­­сатынмын. Арамызда қазақша сөйлемей­тін­дер бар. Олар орысша ортада туып өскен­дік­тен, ата-анасы Кеңес заманында тәрбие­лен­гендіктен қазақшаға шорқақ екенін ай­та­ды. Мен оларға «Мен секілді анда-санда сөй­лей бер. Сөйтіп, үйреніп кетесің» деп айтамын.  width=Қазір қазақшамды жетілдіріп алғаным сонша, достарым анда-санда орысша сөйлегенде «Түсінбедім? Қазақша айтшы» деп айтамын. Айт­пақшы, Қазақстанға алғаш келгенде клуб­қа барып «Қазақша әндер бар ма?» деп сұра­ға­нымда, «Жоқ мұнда қазақша әндер қойыл­май­ды» дегенді естіп таңғалғаным бар. Сол кез­де қазақша әуендерді жиі тыңдап, ел мә­де­ниетімен енді танысып жүрген кезім. «Қа­лайша? Қазақша небір жақсы әндер бар ғой?» де­сем де, бой бермей қойған еді. Ал қазір жағ­дай басқаша. Жалпы, қазақ тілі өте икемді, әрі жұм­сақ тіл дер едім. Әрі қазақ тілі әуезді бол­ғаны үшін ұнаттым. Музыкант болған­дық­тан, тілді үйрену кезінде ән айтуға ыңғай­лы екенін түсіндім. Түрлі жолмен, түрлі фор­­­­­мацияда орындауға болады. Мысалы, мен қа­­зақша бір сағат тоқтамай, «фристайл» жа­сай аламын. Бұйырса, екі аптадан соң «Made in KZ» деген атпен жеке альбомым шы­ға­ды. Ондағы ән­дер­дің сексен пайызға жуығы – қазақ тілінде жазылған авторлық әндерім. Барлығын өзім орындаймын. Бұл альбомды жазуға алты жыл­дай уақыт жұмсадым. Мен үшін мұнда жеке альбом шығару – тарихи жайт. Сон­дық­тан бұл ерекше сәтті асыға күтіп жүрмін.

Қазақтарды қандастар деп есептеймін

Әлеуметтік желіге жүктеген видео­ларым­ның астына «Африкаңа қайт», анау-мынау деп ауыр сөз жазатындар да та­былады. Бірақ оны жазатын қазақтар емес еке­нін білемін. Себебі мен білетін қазақтар олай жазбайды. Солай жауап қайтарсам, «Әбе­ке, рас айтасың. Қазақ халқы ешкімнің бетін қай­тармаған, мейірімді халық» деп қолдану­шылар шыр-пыр болады.  width=Қазақтар қонақжай халық екенін көпшілік жиі айтады. Мен жай қо­нақжай емес, өте қонақжай екенін атап өтер едім. Қазақтарды қандастар деп есептей­мін. «Қандастар сөзінің мағынасын білесіз бе?» деп сұрағыңыз келіп отырған боларсыз. Қан­дас деп бір қаннан тарайтындарды айта­ды емес пе? Мен әр мұсылман бір-бірі үшін қан­дас деп айтар едім. Себебі біздің діліміз, мә­дениетіміз, тұрмыс салтымыз қатты ұқ­сайды. Мен он шақты мемлекетте болдым. Бір­ақ ешбірінде Қазақстанда бар мына әң­гімені естімедім. Қазақтардан «Біздің ата-ба­баларымыз осылай деп кеткен», «Біздің ата­ларымыз кезінде осылай істеген», «Біздің әже­леріміз айтып отыратын» дегенді жиі ести­мін. Мұндай әңгімелерді тыңдағанды жақ­сы көремін. Көп мемлекет ата-баба­лары­ның жүріп өткен жолын, бұрын қалай өмір сүргенін ұмытып, әңгімеге қоса бермейді ғой. Ал қазақтар жадынан шығармайды. Ата-әже­сінің айтып кеткенін ауызынан тастамайтын, дәстүрі мен мәдениетін сақтағысы келіп жүр­гендерді көрсем, ерекше тамсанамын. Бір­ақ араға іріткі салып, руға, жүзге бөлі­не­тін­дерді көрсем біртүрлі күй кешемін. «Сен – Наймансың», «Шымкенттіктер ғой» деп бір-бірін бөле-жара қарайтындарды жиі кез­дес­тіремін. Бұл – дұрыс емес. Бейбіт елдің ішін­де бірлігі жарасып жүргенге не жетсін! Маған Астана ұнайды. Жуырда Лон­дон­да тұратын әпкем осында келіп, қа­ланың әдемілігіне тамсанып қайтты.  width=Аста­нада өнерпаз ретінде қалыптасқаныма қуа­на­мын. Қазақстандағы әншілердің түгелін та­­­нимын. Барлығымен жақсы араласамын. Тойға, концерттерге жиі шығамын. Қазақ дос­тарым жетерлік. Мұнда Африкадан келіп, жұмыс істеп жүрген достарым да бар. Олар да қазақша жақсы біледі.

жазып алған

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ