Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Әдебиетке қамқорлық – мемлекеттің рухани әлемін сақтау

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Әдебиетке қамқорлық – мемлекеттің рухани әлемін сақтау

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Әдебиетке қамқорлық – мемлекеттің рухани әлемін сақтау
ашық дереккөзі
Соңғы отыз жылда түркітектес ел­дердің өзара мәдени ықпалдас­ты­ғы артып келеді. Жақында ТҮРКСОЙ Жа­зу­шылар одағы құрылып, оның алғашқы тө­рағалығына көрнекті қазақ ақыны Ұлық­бек Есдәулет сайланды. Ол соңғы бес жылда Қазақстан Жазушылар одағын бас­қарып келе жатыр. Ал биыл жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтпек. Осы­ған орай, біз қаламгерлер ұйымының бас­шысымен өзі басшылыққа сайланған жаңа ұйым жайында және бұрыннан бас­қарып келе жатқан ұйымының жұ­мыс­тары туралы әңгімелескен едік. – Ұлықбек Оразбайұлы, соңғы дәуір­де түр­­кітектес елдер арасында түбі бір туыс­қандықтың көрінісіндей ынты­мақ­тастық артып, бір-бірімен алыс-берісі, ба­рыс-ке­лісі күшейіп жатқанын күл­лі әлем көріп отыр. Ол, әсіресе мәдени ба­ғыт­та жақ­сы нә­­тиже беріп жатыр. Со­ның үлкен жаңа­­лығының бірі – жа­қын­да Әзербайжан, Қа­­зақ­стан, Қырғыз республикасы, Өз­бекстан, Түр­кия және Түрік­менстан өкіл­дері ТҮРКСОЙ Жазушылар ода­ғын құру туралы құжатқа қол қойылуы. Атал­­ған қаламгерлер ода­ғы­­­ның алғаш­қы төра­ға­сы болу Сізге тап­сы­­рылды. Бұл ұйымның алға қойған мақ­­сат-міндеті жайында кеңірек айтып бер­сеңіз. – Түп-негізі анау Алтайдан тараған түр­кі­­­тұ­­қым­дастар көбейе келе кең дүниеге жайыл­ды ғой. Сөйтіп, бүгінде Алтайдан Ана­до­лыға дейін аумақты иеленіп, түрлі заманың ала­са­пы­­ранында бір-бірінен бөлек ке­тіп, әр­қайсысы өз алдына бірнеше мемлекет құрған түркі­лер­дің бүгінде бірігу процесі басталды. КСРО күй­­регеннен кейін соның құрамында болған түркі ел­дері тәуелсіздік алып, әрқайсысы өз мем­ле­кет­терін құру жо­лында түрлі қиындықтарға тап болып, қа­лып­тасқанша да біраз уақыт өтті. Дегенмен жаһандану үдерісінде жұтылып кетпеу үшін олар уақыт өте бірігу, ықпалдасу керек еке­ніне көзі жетті. Былайша айтқанда, баба­ла­рымыздың «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген фи­­­­лософиясын басшылыққа алу қажеттігін сезінді. Солтүстікте Орталық Азия түркі мем­лекеттері жеріне көзінің сұғын қадап отыр­ған, шығыста экономикасына әсер етіп отыр­ған алып елдер бар. Айналамыздағы ел­дер­де соғыс болып жатыр. Осының бәрі тәуел­сіз түркі мемлекеттеріне бірігу керек еке­нін ұқтыра түскендей. Тарихқа қарасақ, сонау патшалық Ресей за­манынан бері түркітектестерге талай рет ге­ноцид жасалды, тіпті ол кеңестік дәуірде жал­ғасты. Оның басты мақсаты осы елдердің хал­қын барынша азайтып, жерін босатып алу екені бәріне мәлім. Міне, осыдан әлсіреп, аман шығып, бүгінде өз алдына дербес мем­ле­кет құрған түркі елдері дамудың жаңа са­ты­сына көтеріліп, әлемнің өзге елдерімен те­резесі тең болуы үшін ең алдымен өзара бір­лікте болуы аса қажет нәрсе. Оны бауырлас мемлекет басшылары жақсы түсініп отыр. Шүкір, бұл орайда үлкен ынтымақтастыққа қол жеткізуге ұмтылудамыз. Жалпы, бұл үдерістің басталғанына бір ға­сырдай уақыт болды. Атақты Исмайыл Гас­пыралының сөзі бар ғой: «Тілді, пікірде, істе бірлік» деген. Бұл біздерді рухани және саяси-экономикалық бірлікке алып келетін ұран. Сондықтан алдымен әдеби-мәдени кеңістікте біріксек, саяси-экономикалық кеңістікте де бірігуге қол жеткізіп, үлкен күшке айнала алатынымызды сезіп отырмыз. Түрік дүниесінде 220 миллионнан аса ха­лық бар. Ал осының ықпалдастығы мәдени кеңіс­тігімізді ауқымды етіп, үлкен табыстарға жеткізетіні анық. Мысалы, сенің бір филь­мің­ді осынша халық көріп, бір кітабыңды осын­ша халық оқыса қандай ке­ремет! Ал біз қазір шығарған киноларымызды көретін ха­лық жоқ, прокаттан пайда түспейді деп орыс тіліне аударуға мәжбүрміз. Кітаптары­мыз да сондай күйде. Ал осының бәрін түрік дүниесіне тарата алсақ таршылық көрер ме едік? Бұл ойланарлық нәрсе. ТҮРКСОЙ – түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы сияқты, түркі елдерінің мәдениетін дамы­та­тын ұйым. Осы ұйым «түрік дүниесінің Жазу­шылар одағын құрайық» деген бастама кө­теріп, алғашқы құрылтайына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия ел­дерінің Жазушылар одағы басшылары жә­не Түрікменстанның Түркиядағы елшілігінің қыз­меткері (Түрікменстанда Жазушылар одағы тарап кеткен екен) қатысты. Жиында ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының құрылуына ал­ты елдің өкілдері қол қойды. Мені соның тө­рағасы етіп сайлады. Қалған елдердегі қа­лам­гер ұйымының басшылары келісім бойын­ша төрағаның орынбасарлары болып бекі­тілді. Сонда сөйлеген сөзімнен кейін мен Ан­карадағы Түрікменстан елшілігінің өкілінен: «Сіздерде Жазушылар одағы жоқ екен, соны құрғыларыңыз келмей ме? Біз жаңадан құрылған ТҮРКСОЙ Жазушылар ода­ғы атынан Сіздердің басшыларыңызға осындай өтінішпен хат жазсақ, қалай қарай­сыз?» деп сұрап едім, ол: «Әрине, Жазушылар ода­ғын құрғымыз келеді, сіздер хат жол­дасаңыздар үлкен көмегі тиер еді» деп ойым­ды мақұлдады. Енді түрікмен елінің бас­шы­сына ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының аты­нан хат дайындап жатырмыз. Бұл мәселеде ТҮРКСОЙ басшылығымен келістік. Жаңа құрылған ұйымның бірінші жи­налысын Өзбекстанның Навои қаласында өт­кізіп үлгердік. Сонда алдағы уақытта істей­тін істеріміздің жоспарын жасадық. Ұйым­ның эмблемасын жасап апардық. Өзбек­стан­да өткен жиын түркі дүниесінің ұлы ақыны Әлі­шер Науаи шығармашылығына орайлас­тыры­лып, «Мумтаз шериат» («Жауһар жыр­лар») деген атпен өтті. Оған елімізден біраз жылдан бері Науаи шығармаларын қазақ ті­ліне тәржімелеп жүрген белгілі ақын Не­сіп­бек Айтов шақырылды. Оның аударуында Науаи­дың «Ескендір қорғаны» (екі рет басыл­ған), Фархад-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дас­тандары басылып шыққан. Жақында Түркі Академиясының баспасынан «Хамса» деген атпен, Президентіміздің алғысөзімен шығып, өз­бек елінің басшысына сыйланған екен. Өз­бек елі осы еңбегі үшін Несіпбек Айтұлына «Науаи қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, «Өзбекстан Жазушылар одағының құр­метті мүшесі» етіп қабылдады, соңғы үлгі­дегі ноутбукты сыйға тартты. Науаи қаласында біз бір Түркі дүниесі Жазу­шылар одағы басшылары өз жиналы­сы­мызды өткіздік. Оған ТҮРКСОЙ Жазушылар одағына мүше елдердің жазушылар одақтары бас­шылары қатысты. Бұл ұйымды құрған алты ел болғанымен оған мүше болуға татар, башқұрт, алтай, қарашай, малқар, саха, шу­ваш, гагауз жазушылар ұйымы тілек білдіріп, Вен­грия Жазушылар одағы 15-ші болып тір­к­елді. Әзірше оларды ұйымға бақылаушы ре­тінде қатыстыру керек деп шештік. Уақыты кел­генде олар да толыққанды мүше бола жа­тар. Бұл жолы татар, башқұрт елдері қа­лам­герлер ұйымдарының басшылары бақылаушы ретін­де қатысты. – ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының елі­міздегі басқосуы қашан болмақ және он­дай қандай іс-шаралар өтеді? – Солтүстік Қазақстан әкімдігімен бір­ле­сіп, осы жылы маусым айының аяғына таман қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында Түркі дүниесі поэзия фес­тивалін өткізсек деп отырмыз. Оған әр түр­кі елдерінен бір ақыннан шақырамыз де­ген ой бар, сондай-ақ оған өзіміздің ақын­дар да қатысатын болады. Мағжан – қазақ қана емес, түркі дү­ние­сінің бетке ұстар ақындарының бірі. Есімі мен жырлары түбі бір түркі жұртына түгел ұран­ға айналған тұлға. Сондықтан оның ме­рей­тойы міндетті түрде түркі әлемінің тойы болуы тиіс. – Қазақстан Жазушылар одағының өзге түр­кі мемлекеттеріндегі қалам­гер­лер ұйымымен байланысы жайында да айта кетсеңіз, қандай жұмыстар атқа­ры­лып жатыр? – Біз түркітілдес елдердегі барлық қа­лам­гер ұйымдарымен байланыстамыз. Олар­да өткен жиындарға барамыз, олар біздегі жиын­дарға қатысып тұрады. Олар біздің кітаптарымызды аударып шығарып жатса, біз де қарыз болып жатқанымыз жоқ. Бізде де олардың кітаптары басылып жатыр. Әсіресе, Өзбекстанмен байланысымыз күш­ті. Екі ел Жазушылар одағы арасында қол қойылған меморандум арқасында жеткен же­тістігіміз көп. Өзбек елі түрік дүниесі әде­биетінің 100 томдығын шығарды. Оның 10 томы қазақ әдебиетіне арналған. Оның ішінде Абай мен Жамбылға бір том, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов секілді қалам­гер­лерге жеке-жеке том берілген. Сосын қазақ әңгімелері бір том, поэзиясы бір том болып шық­қан. Бұл сериядан тыс та қазақ ақын-жазушыларының кітаптары өзбек тілінде шы­ғып жатыр. Жалпы, Өзбекстанның қазіргі президенті бас­шылыққа келгелі бері әдебиетке қамқор­лық­­­ты қолға алған. Ташкенттегі Ұлттық сая­­­бақтың қақ ортасынан аумағы біздің Ғы­­­лым Академиясындай тұтас кварталды ала­­тын Жазушылар одағының үлкен ғи­мара­тын жар­ты жылдың ішінде салған. Содан кейін Ә.Науаи атындағы тіл-әдебиет универ­ситетін ашып берген. Онда тілшілер мен әдебиет­ші­лерді, аудармашыларды оқытып дайындайды. Мысалы, біздің соған қолымыз жетпей жүр ғой. Біз мұндай мәселені кезінде елімізде өт­кен Жастар форумы кезінде жас қаламгер­лер­дің аузымен айтқызғанбыз. Оны сол кезде елі­міздің президенті қолдап, әде­биет акаде­мия­сын ашуға көмектесеміз деген. Бірақ ми­нистрлер жиі ауысып, бірі біріне сілтеп, ақы­ры ол іс аяқсыз қалды... – Енді өзіміздің Қа­зақ­стан Жа­зушы­лар одағы­ның әде­биет­ті дамыту жө­нінде іс­те­ген істері жай­лы айтса­ңыз? – Қазақстан Жазушы­лар одағы тарихы жө­ні­нен де, маңызы жөнінде әде­биет­тің бас­ты ұйымы болып келеді және солай бола бе­ре­тіні анық. Сон­дық­тан қазақ әдебие­ті­нің, қа­зақ қаламгерлері­нің басты қамқоры – осы ұйым. Ана бір өтпелі ке­зең еліміздің әде­бие­тіне, қа­лам­герлеріне қиын тигені белгілі. Сон­да да ұйым сақтал­ды. Қа­зақ­тың әдебиетін сақ­тап қалды. Мемлекеттің назарын әде­биет­ке бұрып, ақын-жазушы­ларға қамқорлық жа­сауға қол жет­кізді. Кітаптары мемле­кет­тік тап­сы­ры­с­пен шығып жатыр, сондай-ақ шы­­ғарма­ла­рын мемлекет сатып алып, әжеп­тәуір қаламақы төлейтін жағдайға да жетті. Тұлғалы қаламгерлеріміздің мерейтой­ла­ры мемлекеттік деңгейде аталып өтіп жа­тыр. Қаламгерлеріміз мемлекеттік сыйлық алып, Ең­бек Ері атанып та жатыр. Мұның бәрі – Жазу­шылар одағының жұмыс істеп тұрға­ны­ның арқасы. Халық қаламгерлерге зиялы қауым деп қа­райды. Ал олардың мемлекетке сөзі өтпесе бе­делі бола ма? Сондықтан біздің ең алдымен қол­ға алғанымыз қоғамда қаламгерлердің қа­дірін арттырып, оларды билікке сөз өтетін, ха­лықтың мәселесін көтеретін тұлғаға ай­налдыру. Мәселен, Қазақстан Жазушылар ода­­ғының облыстық бөлімшелері бұл күнде әкім­дер санасатындай мәртебеге ие болды. Сон­дықтан облыста тұратын қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке алу, кітаптарын шығару, стипендия, сыйлық әперу, т.б. мәселелерді облыстардағы бөлім­ше­­лердің өздері шешеді. Қазір көптеген об­лыс­та тұратын қаламгерлердің кітаптарын жер­гілікті әкімшілік шығарып, оларға сти­пен­дия тағайындап жатыр. Кейбірі әдеби сый­лықтар да береді. Мұның бәрі қаламгер­лері­міздің өздері тұратын жердегі билікке, ха­лыққа ықпалын күшейтері сөзсіз. Мысалы, осы Алматы қаласында 400-дей қаламгер тұра­ды. Кейінгі жылдары солардың бәріне қала әкімдігі жыл сайын бір рет жарты мил­лион теңгеден ақша беріп жатыр. Жыл сайын «Алатау кітапханасы» сериясымен Алматыда тұра­тын қаламгерлердің кітаптарын шыға­рып беріп отыр. Алдағы уақытта да шығарып отырмақ. Қаламгерлердің еңбегі бағаланбаса бола ма? Сондықтан олардың еңбегіне сай м­а­те­риал­дық қолдау мақсатында түрлі кон­курс­тар ұйымдастырылып, бәйгеден шығармасы озып келген қаламгерлер жүлдегер болып жатыр. Мәселен, біздің ұсынысымыз бойын­ша өткен жылы 7 номинация бойынша ұйым­дастырылған «Айбоз» ұлттық сыйлы­ғы­ның конкурсынан озып шыққандар әрқай­сысы 5 миллион теңгеден жүлде алды. «Ай­боз» биыл да өткізіледі, биыл көркем сын жан­ры бойынша номинация қосу көзделіп отыр. Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағы әд­ебиетті насихаттау, оны халыққа барынша жа­қындата түсу жолында, сондай-ақ шетел­дер­ге таныту жолында талай жиындардың бас­тамашысы болып келеді. Астанада қала әкім­дігімен бірігіп, «Жібек жолы бойындағы аста­налар қаламгерлері бас қосуын», шетелдік 25-тен аса қаламгер қатысқан «Еуразия жазу­шы­ларының форумын», Азия қаламгерлерінің бірін­ші форумын өткіздік. Оған бірнеше мем­лекеттен екі қаламгерден қатысты, ара­сын­да 5 Нобель сыйлығының номинанты бар. Оны Президент Қ.К.Тоқаевтың өзі ашты. Біз оған қатысқан шетел қаламгерлерінің бір­қатарымен жақсы байланыстамыз. Олар ре­тінде біздің тілшілерімізге сұхбат беріп жүр. Басшылыққа келгенімде маған бір биз­нес­мен келді, «шы­ғармашылық үйін сатып алуға келісім жа­сап едік, бірақ одақтың бұ­рын­­ғы басшысы қол қоюға үлгермей кетті, Сіз қол қойыңыз, ақыңыз­ды жемейміз» деп. Мен үзілді-кесілді бас тарттым. Қазір ол шы­ғар­машылық үйі жал­ға беріліп, шипажай ретінде жұмыс істеп тұр. Қаламгерлерге 50 пайыз жеңілдік бар. Онда шығармашылықпен ай­налысуына жақсы мүм­кіндік жасалған. Дем алам, ем алам десе жағдай бар. Фитнесі, сау­насы бар. Жалға беру­ден түскен ақшаны Жазушылар одағы­ның шаруасына жұмсап отырмыз. Құдайға шүкір, қазір кітабын шығара алмай қатты қиналып жүрген ақын-жазу­шы жоқтың қасы. Облыстарда да кітап­тар шығып жатыр. «Атамұра» секілді жеке­ле­ген баспалардың бастамасымен де басылады. Мемлекеттік тапсырыспен де, мемлекеттік сатып алу негізінде де шығады. Кейбір баспа­лар қаламақы төлеуі мүмкін. Кейбірі қалама­қы­ның орнына кітап бергісі келеді. Ал мемле­кет­тік сатып алу жобасымен сатып алынған кітап­тардың қаламақысы қомақты. Бұрын қол­жазбаның әр баспа табағына 150 мың теңге­ден төлейтін болса, қазір ол 250 мыңға көте­ріліпті. Ол арнайы сараптаушылардың пікі­рімен өтеді, яғни кітапқа баға беру ко­мис­сиясының сараптауы негізінде. Бір жыл­дары комиссия кітапханашылардан құралды. Олар бұрынғы танымалдарды болмаса, кейін­гі шығып жатқан жас таланттарды біл­мейтін. Соның себебінен кейбір лайық ав­торлар өтпей қалып жатқан кездері болды. Әри­не, мемлекет тарапынан сатып алынатын кітап­тарға қойылатын талаптар бар: «ұлт араз­дығын қоздыратын, нашақорлықты насихаттайтын, порнографияны қолдайтын, зор­лық-зомбылықты, нәсілшілдікті уағыз­дайтын тұстары болмауы керек» деген сияқ­ты. Кейбір талғамы төмен сарапшылардың кесірінен кейбір әлсіз жазушының бір жылда бес кітабы сатып алынса, кейбір мықты ав­тор­лардың жылдар бойы бір кітабы да өтпей қа­лып жатады. Сондықтан мұндайда сарап­шылар қырағы қарап, әділетті шешім шы­ғаруы қажет. Әдебиеттің болашағы қашанда жас буын­ды тәрбиелеу, олардың шығармашылығы тура­лы әділін айтып, лайықты бағасын беруге де байланысты. Сондықтан кезінде «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының ұйымдас­тырылуына себіміз тиген еді. Ол талай-талай талантты жастарға берілді. Бірақ кейінгі кез­де оның да беделі түсіп кеткен сияқты. Ен­ді Мемлекеттік Жастар әдеби сыйлығын ұйым­дастыру туралы мәселеміз жуырда ше­шімін табатын сыңайлы. – Сыйлық демекші, Мемлекеттік сый­­­лықтың берілу мәселесі үнемі дау бо­ла­ды да жүреді ғой? – Ол енді, бітпейтін дау болды... Бұл жерде бір кілтипан бар, мен айтайын. Мемлекеттік сыйлықты беру комисс­ия­сын­да әдебиет, музыка, архитектура, театр секілді әр саланың өзінің жеке секциясы бар. Мы­салы, әр секциядан сұрыпталып өткен шығармалар кейінгі турға жеткенде барлық секцияның сарапшыларын қосып жіберіп, солардың дауыс қорытындысы ортақ есеп­теледі. Сол кезде бірінші турда жақсы дауыс алып өткен шығармалар құлап қалады. Се­бебі өнердің, басқа салалардың адамдары ақын-жазушылардың шығармаларын оқыма­ғанн­ан кейін оны қалай дұрыс бағалайды? Авторын танымағаннан кейін оны құлатып жібереді. Осыны жақсы түсінетін мемлекеттік сыйлықтың кейбір пысық номинанттары комиссия мүшелерінің аузын алып, оп-оңай өтіп кетеді. Араға адам салады, біреу­ге айтқызады, әйтеуір жолын табады. Мемлекеттік сыйлық қаламгердің талантына емес, оның пысықтығына, біреулерді тани­ты­нына, араға салатын адамдарының беделі­не байланысты берілетін болса, онда қандай әділдік болсын?! Комиссияның ішінде сенің шығармаңды оқымаған, атыңды білмейтін адам­дар отырса саған қалай дауыс береді? Тіпті, ішінде қазақша білмейтіндер көп. Сон­дық­тан бұл да сайлау науқаны сияқты болып кет­кен, кімнің жарнамасы күшті, кім таны­мал, кімнің қолдайтын адамы бар – сол жеңе­ді. Сондықтан Мемлекеттік комиссия­да­ғы әдебиет секциясының мүшелері ең соң­ғы турға дейін өзінше бөлек, басқа өнер сала­ларының өкілдері әрқайсысы өз алдына бөлек дауыс беруі керек. Яғни, әр саланың адам­дары өз саласындағы шығармаларды баға­ласын. Әйтпесе, әділетсіздік жағдайы жал­ғаса беруі мүмкін. Жалпы, қаламгерлердің еңбегін бағалауда басқа да кетіп жатқан кемшіліктер бар. Бізде бұрын ең көрнекті ақын-жазушыларға бері­летін «Қазақстанның Халық жазушысы» де­ген атақ бар еді, соны алып тастады. Қазір сол атақты алғандардан Олжас Сүлейменов, Мұх­тар Мағауин, Мұхтар Шаханов қана қал­ды. Ал сондай атаққа лайық Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин, Смағұл Елубай, Темір­хан Медетбеков, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, т.б. өзге де қаламгерлер алса болар еді ғой. Мына өзбектерді қарасаң, сенімен жасты жі­гіттер «Халық шайыры», «Халық жазушысы» болып отыр. Қырғыздарда да солай, жап-жас жігіттер «Ел ақыны» атанған. Біз осындай жағдай­лар­дан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдығы тұсында өзіміз ұйымдастырып «Қазақстанның Құрметті жазушысы» деген атақты Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлей­менов, Әнес Сарай, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдік, Молдахмет Қаназ секілді бірнеше қа­лам­герге бердік. Ол әдебиетімізге еңбегі сің­ген ақын-жазушыларды тым болмаса өзіміз марапаттайық деген ой ғой. Сол сияқты елімізге танымал өзге түркітектес бауырлары­мызды да осы атақпен марапаттап жатқан жай бар. Мәселен, кеше Өзбекстандағы жиын­да Әзербайжанның атақты жазушысы Анар Рзаевтың 85 жылдығын атап өттік. Сон­да біз оны «Қазақстанның Құрметті жазу­шы­сы» деген атақпен марапаттадық. Оның ар­тығы жоқ, кітаптары бізде шыққан, қазір де шы­ғып жатқан бауырлас елдің танымал жазу­шысы. – Әрине, қаламгерлердің еңбегін ба­ғалап, тиісті орындардың оларды ма­ра­паттап отыруы дұрыс нәрсе. Дегенмен бү­гінгі қазақ әдебиетінде барды бар, жоқ­ты жоқ деп айтатын азулы да, әділ сын жоқ секілді? – Шынын айту керек, қазір баяғыдай «сойып салатын» сын азайды. Бірақ мә­де­ниет­ті сын бар. Оны өрістетіп отырған жігіт­тердің бірі – Аманкелді Кеңшілікұлы. Оныкі кәдім­гі философиялық, психологиялық тұр­ғыдағы, әдебиетті әлемдік деңгейдегі үдерістермен салыстырып отыратын сынның түрі. Сын деген әдебиетті өшіретін емес, өсі­ре­тін бағытта болғаны дұрыс. Сын әдебиетте ота­шының қызметін атқаруы керек. Мінді тү­зеу үшін балтамен шауып тастамай, бас­қаша жасайтын жолдары бар ғой. Бұтақтың өзін шаппай-ақ, түзеуге болады. Бір кезде ақын бола алмағандар прозаик бо­латын, прозаик бола алмағандар сынмен ай­налысатын еді. Қазір енді бәрі шығарма жа­затын болып кеткен ғой. Кез келген жа­зарман өзін ақын не жазушы санайтын бол­ды. Сыншы болу үшін ең алдымен терең білім қажет. Сыншы болып сын айту үшін оның білімі, өресі, қабілеті ана шығарманы жазған адам­нан кем болмауы керек. Мысалы, Айгүл Кемелбай – дарынды про­заик, драматург. Мен оның сыншылығын да қат­ты мойындаймын. Өте терең. Тамыршы сияқ­ты, шығарманың осал жерін де, күшті жерін де тап басады. Кезінде Тұрсынжанның сыны керемет еді, өте парасатты сыншы еді, жазбай кетті. Ақын-жазушылардың ішінде де жазам десе жақсы сын жазатындар бұрын да болды, қа­зір де жоқ емес. Бірақ шыбық тимей шыңқ етерлер көбейген заманда сын жазып әр­кім­мен шатақтасып жүргісі келмейді ғой. Мәсе­лен, кезінде Жарасқандар жақсы сын жазды. Менің өзім де сын жазған кезім бар. Мәскеуде оқып келген соң баспаның сын бө­­­лімінде істегем. Бірталай сын жазған кезім бол­ды. Шалдарды сынадым, ебін тауып күл­діріп, юмормен сынадым. Бірақ қатты рен­жіген ешкім болмады. Сыншы шығарманы сы­насын, адамның жеке басына тиісіп, адам­гершіліктен аттамасын. Сыншы әділ болса шығармаға да шығармашыға да пайдасы тиеді. Шерхан Мұртаза ағаның бас редактор тұ­сында «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімінде жұмыс істедім. Бір күні Шерағаң мені ша­қы­рып алып Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» ро­манын берді. «Мынаның үстінен ЦК-ға арыз жазыпты. Сен осыны оқып, ақ-қарасын айырып берші» деді. Кітапты оқып, оны талдауға бірнеше күн жұмыстан рұқсат берді. Романды ақтап, рецензия жазып әкеп бердім. Ол сынымның ЦК-ға кімнің атынан кеткенін білмеймін, арты тыныш болды әйтеуір. Одан кейін Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» деген романын ЦК-ға біреулер рушыл, жүзшіл деп айыптап жазыпты. Оны да мен жазу­шылық кемшілігін көрсете отырып, анадай айыптаулардан арашалап сын жазып бердім. Содан кейін Морис Симашконың «Ко­миссар Жангелдин» деген шығармасы да ме­нің сараптауыма берілді. Шығармасында ақтың офицерінің қазақтарды кемсіткен сөзі бар екен. Симашко маған ол менің сөзім емес қой, кейіпкердің кім екенін таныту үшін беріл­ген сөздер ғой деп шырылдайды. Соны біреу ұлтаралық жанжал туғызатын, қазақ­тарды қорлаған шығарма деп арыз түсірген. Оны мен түсіндім. Сөйтіп, Симашконың да шығармасы туралы әділ сөзімді айтып, оны қорғап жазып бердім. Сын деген біреуді қасақана қорлау үшін жа­зыл­май, әділін айтса, автордың жеке басы­ның қадір-қасиетін кемітпей шығармасының кемшілігін көрсетіп сынаса ғана сын. Сон­дық­тан қазіргідей кітап аз оқылатын дәуірде әдебиеттің жетістігі мен кемшілігін бірдей сарап­тап, парасатты түрде жеткізетін сын бол­маса, беталды лағып, білімсіздікпен айты­ла беретін мін тергіштікті сын деуге болмас. Сын әдебиетпен бірге өсіп, әдепті жолмен дамығаны дұрыс. Әдебиет – мәдениетті болса ғана әдебиет. Адамды рухани әлемін көр­кейтпейтін әдебиеттің кімге керегі бар? – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ