Құтқарушыларға барынша жағдай жасауға міндеттіміз – Бибігүл Жексенбай

Құтқарушыларға барынша жағдай жасауға міндеттіміз – Бибігүл Жексенбай

Құтқарушыларға барынша жағдай жасауға міндеттіміз – Бибігүл Жексенбай
ашық дереккөзі
Қазақ «апат айтып келмейді» дегенді тегін айтпаған. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шексе, қар еріп, күн жылына бастағалы біраз аймақ топан судың астында қалды. Бауырлас Түрік еліндегі жер сілкінісі де «сақтанғанды сақтаймын» дегенді еске салып отыр. Сондай сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке ұмтылады. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай facebook-парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
Ал осы құтқарушылардың жағдайын қаншалықты біз назарға алып отырмыз? Төтенше жағдайда көмектің жоғары деңгейде болуы үшін не жасалып жатыр? Бүгін Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетіндегі бір топ әріптесімізбен: Геннадий Шиповских, Ғалиасқар Сарыбаев, Сергей Ершов, Алишер Сатвалдиевпен Көкшетау қаласындағы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып қайттық. Бұл білім ордасы – Қазақстандағы, тіпті Орталық Азиядағы кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны. Жиырма бес жылдық тарихында 6 мыңнан аса кәсіби құтқарушы даярланған Академияның жұмысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та танысып, азаматтық қорғау жүйесінің үнемі жаңғыртуды қажет ететінін, бүгінде озық әлемдік тәжірибені үлгі ету, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды шаруа болып отырғанын айтып, құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажеттігін ескерткен болатын, – деді ол.
 width= Сенатордың айтуынша, бұл бағытта Үкіметке маңыздылығы аса жоғары оқу ордасының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, жаңа оқу кешенін салу туралы нақты тапсырмалар берілді.
Қазақстан Президенті тапсырмасына сәйкес, құтқарушылар жалақысын 10%-дан 70%-ға дейін өсіру жоспарланған. Академия оқытушыларының да жалақысы өзге білім ордаларымен салыстырғанда төмен. Орташа жалақы – 200 мың теңге. Қазір асхана ғимараты күрделі жөндеуде болғандықтан, студенттерді қашықтан оқытуға мәжбүр болып отыр. Бұл теория мен практикасы қатар жүруі тиіс мамандықтар үшін үлкен қиыншылық тудырып отырғанын айту артық. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимарат қазір заман талабына ғана емес, жалпы мұндай бағытта білім беруге бейімделмеген. Кездесуде түйткілді мәселелерді шешу, Мемлекет басшысы тапсырмаларын уақытында орындау үшін заңнамалық тұрғыдан қандай көмек қажеттігін талқыладық. Жасыратыны жоқ, өлім мен өмірдің арасында жүретін құтқарушылар мамандығына мемлекеттік көмек те, қоғамдық қолдау да жоғары болып, еліміздегі ең абыройлы да беделді мамандық иелері болуына барынша жағдай жасауға міндеттіміз, – деді Бибігүл Жексенбай.
 width=