Денис Тен: Менің бірінші жанкүйерім әжем еді

Денис Тен: Менің бірінші жанкүйерім әжем еді

Денис Тен: Менің бірінші жанкүйерім әжем еді
ашық дереккөзі
  • 3-4 ақпан күнін жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Себебі бұл күндері мәнерлеп сырғанаудан еліміздің абыройын қорғау үшін мұз айдынында спортшылар Айза Момбекова, Жансая Адыханова, Абзал Рахымғалиев және үкілі үмітіміз – Денис Тен өнер көрсетті.
12 мың адам сиятын «Алматы Арена» мұз айдыны жанкүйерге толды. Әр елдің спортшыларын қолпаштаған олар сайыстың соңын күтуге тура келді. 3 ақпан күні Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламада 94.91 ұпай жинап, ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал кеше мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарлама бойынша жарыста тоғызыншы болып шықты. Және жанкүйерлер мен көрермендер Денис Тен мұз айдынына шыққанша тапжылмай отырды. Денис Теннен бұрын жерлесіміз Абзал Рахымғалиев еркін бағдарлама бойынша өнер көрсетіп, жетінші орынға жылжыды. Ал 2014-ші жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған Денис Тен еркін бағдарламадан  89,6 (жылпы ұпай саны – 172,06) ұпай алып, 28-ші қысқы Универсиада ойындарының чемпионы атанды. Сондай-ақ, екінші орын – күміс медалды жапондық мәнерлеп сырғанаушы Кейджи Танака (Жапония) алса, үшінші орын – қола жүлдеге Александр Майоров  (Швеция) ие болды. Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаз спортшыларға жүлдені Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза табыс етті. Ал бұдан соң Денис Тен бастаған жеңімпаздар баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалына жауап берді. Сұрақтың дені Денис Тенге бағытталды. «Универсиаданың біздің елімізде өтіп жатқаны қуантады. Ал менің өз «үйімде» өнер көрсетіп жатқаным үлкен бақыт. Алға қойған мақсатыма жетіп келемін. Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне алғысымды білдіремін. Жанымдағы спортшылардың өз орны бар. Олар оқу мен спортты қатар алып жүр» деген ол сөзін былай жалғады. «Спорттың өзі үлкен тәуекелге бел буу. Өзіңді құрбан ету. Үйден таңертең кетсем, кешке ұйқтауға әрең келемін. Физикалық жағынан денің сау болуы керек. Біздің ауада 3-4мәрте айналуымыздың өзі ұшқыштардың еңбегімен пара-пар. Мәнерлеп сырғанау – өте қиын спорт түрі. Көп еңбекті талап етеді. Бұл спортқа кеше келген жоқпын. Мәнерлеп сырғанаумен бес жасымнан айналыса бастадым. Алғаш үйге кабелдік телеарна қосқанда үнемі әлемдік телеарналардан мәнерлеп сырғанаудың шеберлерінің өнерін қарайтын едім. Әуелі есік алдындағы шлангымен су құйып қатырған мұзда сырғанап үйрендім. Қазір міне, осындай үлкен ғимаратымыз бар. Балаларға мәнерлеп сырғанаумен шұғылданатын мүмкіндік көп» деді. Ал жапондық спортшы Кейджи Танака: «Универсиадаға катысқаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе мектебі» десе, ал швециялық Александр Майоров: «Осыдан алты күн бұрын Австралияда Еуропа чемпионаты болды. Алматыға келгенде мұндай үлкен спорт мерекесі болады деп ойламадым. Кәдімгі олимпиада сияқты өтуде. Универсиаданың қола жүлдесіне қол жеткізгеніме қуаныштымын», – деп ағынан жарылды. Денис Теннің арғы атасы атақты генерал болыпты. Оңтүстік Кореяда арнайы ескерткіші мен зираты тұрғызылған. Тіпті, Денис Теннің қатысуымен деректі фильм де түсіріліпті. Ата-бабасының басына екі мәрте барған Денис бойтұмар ретінде зираттан тас алып келген екен. Бұл тас мұз айдынына шыққанда қалтасында немесе сөмкесінде жүреді. «Ырымға сенбейтін едім. Бірақ елге сыйлы атамның әруағы қолдайтын шығар дедім. Ал менің ең бірінші жанкүйерім – әжем еді. Бірнеше ай бұрын өмірден өткен әжемнің қасымда болмағаны өкінішті. Себебі мені жаттығуға апарып, әрбір жетістігіме қуанатын еді», – деді көңілі босап. «Жарыс біткен соң, спортшылар өз еліне қайтады. Денис, сен қайда барасың? Қандай жоспарың бар?» деген тілшінің сұрағына: «Қазір мен де атлеттер ауылында тұрып жатырмын. Сондықтан үйіме барамын. Бірақ босаңсуға уақыт жоқ. Алда үш турнир бар. Біздің өміріміз сарбаздың өмірі сияқты ғой» деп жауап берді. Денис Теннің пікірінше, соңғы үлгіде жабдықталған «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт кешендері ел игілігіне айналады. «Алдағы уақытта елімізде мәнерлеп сырғанаудан жұп та шығады. Спорттың бұл түрін дамытуымыз керек. Әр адам өзінен бастау қажет. Әр азамат өмірде жақсылық жасауға ұмтылса деймін», – деп түйіндеді өз сөзін. Ендеше, Қазақстан қоржынын оныншы медальмен қампайтқан жүлде құтты болсын! Елімізде Денис Теннің ізбасарлары көбейе берсін!