Париж Олимпиадасында алтынсыз қалуымыз мүмкін – Аслан Қаженов

Париж Олимпиадасында алтынсыз қалуымыз мүмкін – Аслан Қаженов

Париж Олимпиадасында алтынсыз қалуымыз мүмкін – Аслан Қаженов
ашық дереккөзі
Қазақстанда салалық журналистика ретінде спорт бағытының мектебі қалыптасқан. Тарихқа көз жүгіртсек, Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Сейітхан сынды журналистер дәл осы саланың іргетасын қалады. Қазіргі уақытта да спорттағы жаңалықтарды елге бірінші болып жеткізіп, өзекті мәселелерді қоғам талқысына салып, отандық спорттың дамуына тамшыдай болсын үлесін қосып жүрген журналистер бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Аслан Қаженов – спорт журналисі. Turkystan.kz тілшісі «Хабар 24» арнасының корреспондентінен отандық спорттағы жетістіктер мен мәселелерді, бөлініп жатқан қаражат пен Париждегі жазғы Олимпиадаға қатысты болжамын сұрап көрді. – Отандық спорттағы жетістіктер туралы айтып өтсеңіз. Қазір кімдерді ауыз толтырып айтуға болады? – Ең алдымен, Шавкат Рахмоновтың жеңісі – қазақ спортына үлкен серпіліс әкелді. Сол жеңісінен кейін ол UFC-де орта салмақ бойынша әлемдік рейтингте 9-орыннан 6-орынға көтерілді. Бұл – қазақ аралас жекпе-жегі үшін сенсация, Шавкат сол биіктікке бірінші болып жетті. Қазір тек қазақ жанкүйерлері емес, бүкіл әлем ол туралы айта бастады, Шавкатқа қызыға бастады. Америкалық журналист Лаура Санко Шавкаттың фанатына айналып, «өмір бойы оған жанкүйер боламын» деп қазақша үйреніп жүр. Екінші – біздің кәсіпқой боксшыларымыз. Әуесқой бокста масқара болып жатсақ та, кәсіпқой бокста жігіттер керісінше көтеріліп жатыр. Орта салмақта Головкин бірінші орында, Жәнібек Әлімханұлы көтеріліп келе жатыр, қатарға Мейірім Нұрсұлтанов қосылды, ал Жанқош Тұраров жақында чемпиондық белдік үшін жұдырықтасады. Олардың да жетістіктерін бүкіл әлем талқылап жатыр. Одан кейін Елена Рыбакинаның Australian Open финалына шығып, күміс жүлде иеленгені отандық тенниске үлкен серпін әкелді. Рыбакинаға дейін қаншама легионерлер алынды, оларға миллиардтаған ақша төленді, бәрін Рыбакина ақтады. Соның арқасында тенниске қызығушылық танытқан жастар көбейіп келеді. Үздік үштік деп осыларды атар едім.  width= – Спорт саласы Қазақстанда қаншалықты бағаланады? – Бізде 168 спорт федерациясы бар. Бұндай жағдай қателеспесем, басқа елдерде кездеспейді. Бұл туралы бұрынғы комитет төрағасы Самат Ерғалиев қателік екенін, талаптың жоқтығынан федерациялардың көбейгенін айтып отыр. Федерацияны ашу деген сөз – сол спорт түрін ресми мойындау. Яғни, оны мемлекет ресми мойындап, тіркейді. Сосын оған қаражат бөледі, спортшыларға «Спорт шебері», «халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «еңбек сіңірген жаттықтырушы» деген атақтар береді. Оның бәрі - мемлекетке түсетін салмақ. Жыл сайын өтетін жарыстары бар, күнтізбесін бекітеді дегендей. Оның бәрі керек пе, білмеймін енді. Біз аз халықпыз, менің ойымша, нақты бағыттарды айқындап алып, балаларды шатастырмай, болашағы бар спорт түрлеріне баулу керек. Әйтпесе бұл тым көп. Мысалға, 2-3 адам айналысса да тіркей салатын, федерация етіп аша салатын кей спорт түрлері бар. Біле білсеңіздер, спортқа бөлініп жатқан ақша – үлкен ағын. Бұл жеке тұлғаларға, сол спортпен айналысатындарға пайдалы болуы мүмкін. Алайда, ел деңгейінде қарасақ, бұқаралық сипатта 168 федерацияның болуы тым көп. Самат Ерғалиев спорт федерациялары туралы жаңадан заң қабылданады, дайындалып жатыр деді. Қай спорт түрлері қазіргі тізімде қалатын секілді? – Бұлардың барлығы да қалады-ау. Оларды алып тастау қиындау болады. Мүмкін енді федерация тіркелмейді деген ойға алып келе жатқан болар. Жалпы, федерацияны алып тастау үлкен дауға әкелуі мүмкін. «Белгілі спорт түрін алып тастаймыз», «сыйақысын қысқартамыз», «атақ бермейміз» деген сөз қоғамдық резонанс тудырады. Болмаған күннің өзінде мүдделі тұлғалар әртүрлі жолдармен қолдан жасауы мүмкін. Ата-аналарды, журналистерді, спортшыларды шулатады. Ондай жағдай қазір бізге керек емес. Яғни, спорт түрлерін азайту, федерацияларды жабу мүмкін емес. Бірақ негізгі басымдық – Олимпиададағы спорт түрлерінде болуы керек.  width=

«Жеңіліп қалса да, Олимпиадаға қазақ баласы барсын»

– Желідегі парақшаңызда спорттағы біршама мәселелерді көтеріп жүрсіз. Солардың ең маңызды дегендеріне, отандық спорттағы мәселеге тоқталсақ. – Мәселе өте көп. Жеңіл атлет Нора Джеруто деген легионер спортшымыз бар екенін білесіздер. Сол туралы жазғаным желіде қатты талқыланды. «Апамның аяғы ауыр боп қалыпты» деген жазба жарияладым. Бұл – масқара жағдай. Өйткені біз ол спортшыны сатып алдық. Ақшасының қанша екені белгісіз. Бірақ әлемдік деңгейдегі спортшылардың аз ақшаға келіспейтіні белгілі. Ол – құпия, бірақ мемлекеттің ақшасы. Оған айлық төлеп отырмыз, әлі алатын да шығар. Тіпті, баласын босанып жатса, әртүрлі жеңілдіктер мен төлемақыларға ие болуы мүмкін. Негізі, Қазақстанның жеңіл атлетика бағытында өз мектебі бар, тарихы қалыптасқан. Бұрын Әмен Тұяқов болса, бертін келе Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова секілді қыз-жігіттер көк туымызды күллі әлемде желбіретті. Әйтеуір әр Олимпиададан кемінде бір медаль осы спорт түрінен келетін. Бұл тұста қатты шу болған – елімізге қара нәсілді 4 легионердің келуі. Қазақ қоғамы оны қабылдай қойған жоқ. Өйткені материалдық жағдай онсызда легионер тартатын деңгейде емес. Елде одан да басқа мәселе көп. Содан кейін Нора Джеруто жүгіретін алыс қашықтық (3 шақырым) бізге жақын бағыт емес. Мен әдейі осы спорт ғалымдарымен сөйлестім. Бізде Нора жүгіреді делік, бірақ ол біздің спортшылармен бірге дайындалмайды, үнемі өз жерінде (Кенияда) жүреді. Қазақстандық спортшылар да оның Қазақстанда дайындалғанын көрмегенін айтып, өкініш танытты. Ол үздік делік, бірақ одан кейін елімізде дәл осы бағытта ешкім жоқ. 3 шақырымға қазақ қызы жүгіріп кете алмайды. Өйткені біздің климатымыз, менталитетіміз бөлек. Біздің қанымыз бөлек болғандықтан, жанымызға жақын бағыттар болады. Мысалға, біздікілер қысқа және орта қашықтыққа жүгіруде үздіктер қатарында. Ольга Шишигина, Литвин секілді спортшыларымыз – соның дәлелі. Бізде де бұл бағыт бойынша дайындалып, жаттығып жүрген қазақ спортшылар бар. Олар жетістікке жетсе, біз соған қуанамыз. Мысалға, Нораның әлем чемпионатында топ жарғаны қоғамның ойын екіге жарды. Біз не қуанарымызды, не қуанбасымызды түсінбей қалдық. Әлем алдында қара нәсілді қыздың біздің көк туымызды көтеріп жүргені де біртүрлі, оның қазақ емес екені бәріне түсінікті. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, тәуелсіздік алған жылдары легионерлерге көп басымдық берілді, оларды шет елдерден көптеп тарттық. Өйткені сол кезде «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін көрсету, Әнұранымызды шырқату керек болды. Яғни мемлекеттің аты халықаралық аренада шығу керек еді. Ал қазір 30 жыл өтті, бұрынғы жағдай маңызды емес. «Жеңіліп қалса да, Олимпиадаға қазақ баласы, ауылдың баласы барсын. Олар ел көрсін, жарыстың атмосферасын сезінсін, сосын өзіміздің бала ғой, өзіміз ұрысамыз, өзіміз сынаймыз, өзіміз көтереміз». Бұл – мен әлеуметтік желіде тілдескен көпшіліктің пікірі.

«Федерация халықтың алдында есеп беруді міндет ретінде қарамайды»

Ал бокстағы мәселе тіптен күрделі, тереңге кеткен. Әуесқой бокстың мектебін жоғалтып алдық. Токио Олимпиадасының алдында сәтсіздіктер басталды. Соны сол кездегі басшылық ескермеді немесе шешкісі келмеді. Сол мәселе әлі созылып келе жатыр. Сол Мырзағали Айтжанов – әлі де бокс құрамасының бас бапкері. Халықаралық жарыстарда көрсеткіш өте төмен. Халықтың реакциясы да өте нашар. Ең маңыздысы – бокс басшылығының халықпен байланысқа шықпайтыны. Халықта сұрақ көп... Боксшыларды іріктеуге қатысты да мәселелер бар. Мысалға, осы сұхбат болып жатқан сәтте Алматыда спортшыларымыздың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бірақ федерация ол туралы ешқандай ақпарат таратқан жоқ, ештеңе болмаған секілді. Бұл туралы көбіне жеке боксшылардың бапкерінің парақшаларынан көрем. Олар өз балаларын түсіреді, бірақ артында басқа ұлттың жігіттері жүр. Содан түсінгенім, бұл – бірлескен жаттығу жиыны. Әзербайжан ба, Грузия ма, олар басқа жерден келді. Оны да білмейміз. Негізі білуіміз керек. Сонымен қатар спорт журналистері Токиодан бері боксшылармен еркін, ашық сұхбаттаса алмай қалды. Халық талап етеді. Ал министрлік, федерация өзінше түсіндіреді. Бапкерге де, боксшыларға да қоятын қаншама сұрақ бар. Олар халықпен диалог орнатуы керек. Өйткені, бұл – кәсіпқой бокс емес, олар мемлекеттің қаржысына дайындалады. Қанша қаражат жұмсалып жатқаны тағы да жұмбақ. Жалпы, бізде бокс, дзюдо, күреске өте үлкен ақша бөлінеді. Құрал-жабдықтарын алады, оқу-жаттығу жиындарын төлейді, шетелде қалаған жерлерінде жаттығады, витаминдерін алады, жалпы бәрінің игілігін көріп жатыр. Соңғы рет жалақыларын 2 миллион теңгеге дейін көтеріп берді. Бірақ олар халықтың алдында есеп беруді, ойын айтуды, сұрақтарына жауап беруді міндет ретінде қарамайды. Дәл осы бокс қана қоғам үшін жабық болып қалды, басқа спорт түрлері салыстырмалы түрде ашық. Дзюдо бойынша біздің тарапымыздан айтылған сынға реакция бар, олар жауап береді және ескеруге тырысады. Қаңтар айында Алматыға да шақырды. «Балалармен бірге жүріп, жаттығуды көрші. Олармен сөйлес, біз ешқандай шектеу қоймаймыз. Кімді қалайсың, сонымен сұхбат жаз» деді. Содан кейін барып, көріп, біраз нәрсені түсіндім. Осылайша отандық дзюдода не болып жатқанын жазбалар, сұхбаттар арқылы халыққа жеткіздім. Ол – жақсы. Сол кезде Әбибадан сұхбат алып едім, артынша Португалиядағы жарыста топ жарды. Біздің тарапымыздан спортшыларға ақпараттық қолдау болса, олар содан шабыт алады. Негізінде спортшыларға ақпараттық қолдау қатты қажет.

«Дін спортқа өте кері әсер етіп жатыр»

Елдегі күрестің жағдайы да нашарлау. Бұл спорттың да тарихы бар. Отандық күресті Алматыға барып көрдім. Бастары бірікпейді, бөлек-бөлек. 1-ден 8-ге дейін әр салмақ бойынша жаттығатындай жағдай жасалған. Тамақ, жаттығатын орын – бәрі қарастырылған. Бірақ олардың бөлініп жүретіні бар. Сондай-ақ күресте дін мәселесі – күрделі тақырып. Дін спортқа өте кері әсер етіп жатыр. Мысалға, Токио Олимпиадасында қатты сын болды. Дінге қатты берілген фанаттарда патриоттық сезім болмайды. Намаз оқымасаң, олар ортаға қоспайды. Сонымен қатар дін мәселесі бірте-бірте дзюдоға да, боксқа да кіріп келе жатыр. Бұл жақсы емес. Дін – өте нәзік нәрсе. Оны барынша абайлап қозғауға тырысамыз. Бірақ спортшылардың өздері де, бапкерлері де көбіне бұны мойындамайды. Алайда оны жанкүйерлер, спорт мамандары анық көріп тұр. Қазір букмекерлік компаниялар бүкіл спортты жаулап алған. Футболды толықтай солар қаржыландырады. Бүкіл команда мүшелерінің футболкасында букмекерлік компаниялардың жарнамалары жүреді. Тіпті, олар мемлекеттік арналарға дейін шығып кетті, радиодан да естиміз. Ащы болса да, шындық, отандық спорт букмекерлік компанияларға қарап тұр.  width= – Париждегі Олимпиададан не күтесіз? Ұлттық құрама сапындағы қай спортшы топ жаратын секілді? – Мен өз елімді жақсы көремін, спортта жетістіктің болғанын, соған бүкіл елдің қуанғанын қалаймын. Бірақ менің сараптауым бойынша, Париж бізде тағы да сәтсіз болады. Қазіргі жағдайға қарасам, Токиодағы нәтижеге айналып келетін секілдіміз. Алтынсыз қалуымыз мүмкін. Парижге бүкіл әлем өте үлкен дайындықпен келеді. Бұған дейін Ұлттық олимпиадалық комитет «біздің мақсатымыз – кемінде екі алтын алып келу» деп айтатын. Қазір ондай айтылмайды. Бұл – аналитика жоқ деген сөз. Мүмкін бар, бірақ өте пессимистік, сол үшін айтылмайды. Бокс бізге кемі бір алтын беруі керек. Дзюдо жалпы бір медаль береді. Ол кезде Нора Джеруто болмайды. Одан бөлек, Рыбакина бар. Спорт саласындағылар қазір соларға үміт артып отыр. Сосын бұрын бізде дамымаған спорттар жарып кетуі мүмкін. Бір жылдары Баландин солай істеді. Париж Олимпиадасы ұлттық құрама спортшыларына өте қиын болайын деп тұр. Жоғарыда айтқан спорт түрлері медаль береді, беруі керек, алтынды білмедім. Қателесіп тұрмын деп үміттенемін. Олимпиадада бір алтын алмаса, соған дейін істелген жұмыс текке кетті деген сөз. Жалпы, әлемдік спортта цикл деген бар. Жаңадан сайланған басшылыққа төрт жыл уақыт береді. Мысалы, Париж бітеді, ертесіне келесі Олимпиадаға дайындық басталады. Негізі спортқа ден қойған мемлекеттер солай істейді. Яғни 4 жылда спортшы қайтадан мықты формасына келуі керек. Олимпиададағы жетістік әрбір елдің жағдайын көрсетеді. Баландиннің жеңгені әлем елдеріне «Қазақстанда бассейн көп екен», «бассейнге көп адамдар барады екен» деген түсінікті салып берді. Мысалға, ескек есу секілді қымбат спорттар бар. Содан Еуропа елдері үздіктер қатарында болады, өйткені жағдайлары жақсы. Ал қысқы Олимпиада тіптен қымбат. – Бізде ақшаны ең көп алатын спорт түрі қандай? – Бірінші – футбол. Футболға ақша мемлекеттен, әр облыстың облыстық бюджетінен бөлінеді. Көп облыстарда спортқа бөлінген қаржының 80-90%-ы дәл осы футболға жұмсалады. Жақында бір жылда бір футбол клубына бөлінетін қаржы 1,2 млрдтан аспасын деген шектеу қойылды. Футболда айына 11 млн алатындары бар. Мысалға, Ордабасының ойыншыларында солай. Екінші – хоккей. Бір ойыншыға бір жылда 500 млн теңгедей береді. Бір ойыншы айына 40 млн теңге жалақы алады деген ресми ақпарат шықты. Егер ойыншылардың жалақысына қатысты айтатын болсақ, хоккейге бөлінетін ақша футболдан да көп. Өкінішке қарай, екі салаға кетіп жатқан қаржы да ауаға кетуде, қайтарымы болмай жатыр. Одан кейінгі олимпиадалық бағыттар – бокс пен күрес. Онда да ұлттық құрамада жүрген кәсіпқой боксшыларға қаражат бөлінеді. Олар штатта, жақсы нәтиже көрсеткендер жақсы жалақы алады. Ел алдында жүрген кәсіпқой спортшыларымыз орта есеппен 2 млн-дай алады деп ойлаймын. Бізде әр спортшы бір облыста тіркеліп тұрады. Бұдан бөлек, ұлттық құрамадағы айлықтары бар. Бізде «спортшы артық ештеңе ойламай, тек спортпен айналысуы керек» деген түсінік пайда болды.  width= – Неліктен спорт тақырыбын көтересіз? Миссияңыз қандай? – Спорттағы мәселелерді жазудағы миссиям – қазақ тілінде көп ақпарат тарату. Халық спорт туралы ақпаратты бізден алып, басқа арналар да бізге сілтеме беруі керек. Сонымен қатар өзім қазақ болғаннан кейін қазақтың көзқарасымен жазамын. Ал орысша ақпарат тарататындар өздерінің көзқарастарымен жазады. Екіншісі – кейбір мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Мүмкіндігінше ықпал етіп те жүрміз. Одан да нәтиже бар. Мысалға, тіл мәселесін көп көтеремін. «Аслан, қара, баннерлердің бәрін қазақша істедік. Бағдарламаны қазақша жаздық» деп жазып жатады. Одан бөлек, «сенің дауыңнан кейін есіктердегі «вход», «выход» дегендерді «кіру», «шығу» деп ауыстырып тастадық» деп фото жібереді. Бұның өзі – жеңіс. – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ.