50792
Оразаны бірінші рет ұстағанда нені ескеру керек?
Оразаны бірінші рет ұстағанда нені ескеру керек?
Рамазан айы да қол бұлғап шақырып тұр! Ал сіз биыл алғаш рет ораза ұстамақшысыз. Санаңызды алуан түрлі сауалдар билеп, қобалжып жүрген шығарсыз. Сонымен бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Ораза ұстаймын деп ниет еткендерге мұндай кеңесті turkystan.kz muslim.kz басылымына сілтеме жасай отырып ұсынады.
- Мықты ниет. Рамазан оразасы кейбір қандастарымыздың айтатынындай, үш күн басында, үш күн ортасында және үш күн соңында емес. Ораза – отыз күн (кейде айдың ерте тууына байланысты 29 күн болуы мүмкін). Сондықтан да, ең алдымен, отыз күн оразаны Алла ризалығы үшін, үзбей ұстауға іштей ниетіңізді бекемдеп, нықтап алыңыз. «Амалдар ниетке байланысты», – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
- Керекті мәлімет. Екіншіден, оразаның негізгі шарт-талаптарымен қоса, оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайларды біліп алғаныңыз дұрыс. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, ана тілімізде жарық көрген мәліметтер баршылық. Одан қала берді, сайттарға тікелей сұрақ жолдап, білмей тұрған нәрсеңіздің жауабын алу мүмкіндігі қарастырылған. Керекті мәліметтерге ие кісінің оразасы уайымсыз әрі жеңіл өтеді. Уайымсыз деуімнің себебі, әлдебір жасаған әрекет оразаны бұзды ма, жоқ па деп, нақты білмегендіктен орынсыз уайымға беріліп жататындар бар. Ал жеңіл деуімнің мәні: әдетте, оразаны бұзбайтын, оразаға зияны жоқ нәрселерден шамадан тыс сақтанып, ыңғайсыз жағдайларға тап болуы мүмкін. Мысалы, ауыздағы сілекей мен түкірік оразаны бұзады деп жүрген адам, күні бойы түкірумен болады.
- Сәресіге тұру. Лаж болса, сәресіні жібермеңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіде береке бар»,[1] – деген. Сәресіде тәбетіңіз тартпай тұрса, тым болмағанда су ішкен жақсы. Осылайша, өзіңіздің денеңізді қажетті сұйықтықпен қамтамасыз еткен боласыз. Оның үстіне, сәресі - адамға рухани демеу.
- Ас мәзірі. Ас мәзіріне көпшілігіміз мән бермейтініміз рас. Күні бойы аш жүрген адамның ас мәзіріне мән беруі де қиын шығар. Дегенмен біле жүргеніміз артық етпейді. Медицина мамандарының айтуынша, майлы әрі майға қуырылған тағамды және құрамында қанты көп дәмді азайту керек. Сондай-ақ сәресіде артық тамақ жеуден, шамадан тыс сусын ішуден сақтану маңызды. Олай етпеген жағдайда, ағзадағы минеральды тұздар тез шығып, дененің жылдам әлсіреуіне алып келетінге ұқсайды.
- Ауыз ашар сәті келгенде бірден асқа отырмаған жақсы. Алдымен қол қусырып тілегіңізді тілеп, сумен немесе құрмамен ауыз ашып, одан соң намазға тұрыңыз. Намаз оқып болам дегеніңізше, асқазаныңызға нәр барып, әрі қарай тамақ қабылдауға дайын болады. Және ауыз ашқаннан, ұйықтағанға дейінгі аралықта көбірек су ішкен жақсы.
- Күнәлі істерден алшақ жүру. Ауыз бекіткен кісі түрлі күнәлі істерден өзін тыюға тиіс. Ғайбат, өсек-аяң, ұрыс-керіс, т.б. әбес әдеттерден арылуы шарт.
- Оразаны бұзатын жағдайлардан не аузы берік кезде мәкруһ саналған әрекеттерден бойды аулақ ұстау ләзім.
- Рамазан айын тиімді пайдаланған жөн. Намаз оқымай жүргендер болса, ең бірінші намаз оқып бастағандары дұрыс. Одан қала берді, бос уақыттарымызда Құран оқып үйренуге, жаңа сүре-аяттар жаттауға, діни бір әдебиет (мысалы, пайғамбарымыздың өмір баяны жайында) оқып шығуға тырысқанымыз абзал.